Бақыт Беделхан: "Жарты өмірімді қысқартып өлең жазам"

Бақыт Беделхан: "Жарты өмірімді қысқартып өлең жазам"

Кеше «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық ұйымының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, әр жанрда қалам тербеп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы ағамыз Бақыт Беделханмен кездесу өтті.

Жасыратыны жоқ, көптеген жастар аяқ тартып жүретін ағамыз баладай көңіл мен даладай дархандықтың иесі екен. Салған жерден кездесудің ресмилігінен гөрі еркін өткенін қалап, жастармен ашық әңгіме-талқыға көшті.

- Ақындық пен азаматтықты қалай ұштастырасыз?

- Азамат болмай ақын болу мүмкін емес. Менің бар міндетім – өлеңді өтірік жазбау. Жарты өмірімді қысқартып өлең жазу арқылы халқыма қызмет етем. Сондықтан болар, есі дұрыс өлең жазғым келеді. Ал меніңше есі дұрыс өлең тағдырды жазудан басталады. Яғни өз тағдырыңды жазу арқылы руханиятты дамыту. Мәселен, Мұқағалиды алып қараңыз?!

- Өлең деген не?

- Жаратқанның сыйы! ...Қадір әр өлеңін қыз құсатып ұзатқан. Ендеше, өтірік өлең де кемтар бала сияқты өмір бойы масыл болмақ. Мен әр өлеңімді електен өткізіп, уақыт жағынан қысым жасамаймын. Бір айта кететінім, түсініксіз өлеңдерді бұл қатардан алып тастауға болмайды. Жаны бар өлең түсініксіз болса да адамға әсер етеді. Бұларды Тұманбайдың тілімен айтқанда «Әйбәт өлең!» дейміз.

- Өлең жазуда экспериментке барып көрдіңіз бе?

- Алғашында мықты ақын болам деп бірден керемет өлеңдерді жазуға тырыстым. Тәжірибе іздедім. Алайда, түбі кез келген адам қара өлеңге қайтып оралады екен?! Кез келген әлемдегі ең атақты ақындардың өлеңін алып қараңыз...

- Қазіргі жас ақындар экспериментке барып жүр ме?

- Өткен жылы, 12 сәуір күні ақындарды мереке күнімен құттықтадым. Сөйтсем бәрі хабарласып, «ғарышкерлер күні» еді ғой деп әңгіменің мәнісін түсінгілері келді. Сосын мен де қарап тұрмай, қазіргі ақындардың көбі аспанда ұшып жүретінін алға тарттым. (Күлді). Мәселен, әдебиетке ат ізін салып, енді-енді қалам тербеп жүрген ақындардың бәрі бір-бір аспанның иесі болып алған. Әр өлеңін алып қарасаңыз,  дені көпшілігі аспанның жыртығын жамылып алып, жамылып жатуға құмар. Солардың жерге түскенін қалаймын.

- Студенттердің ортасы болғандықтан, ең алғаш рет оқуға қалай түстіңіз? Алматыда оқуға ата-анаңыз қарсы болыпты?

- Мен үйдің он екінші баласымын. Мектеп кезінен бастап өлең жазып, әр өнерден хабардар болып қалуға тырыстым. Және ата-апам да сүйікті немерелерінің қасында болғанын қалады. Бірақ, бір көктемде ұстазым Алматыға оқуға түс деп кеңес берді. Содан кейін күндердің бір күні өріске сиырларды айдап барып, қайтар жолда шөп арасына тығып қойған сөмкемді ұстап, Алматыға тартып отырдым. Бірден ҚазҰУ-ға келдім. Түсе алмайтынымды біліп, ауылға қайтайын деп жүргенде  бағым жанып кетті. Он жеті мақтау қағаздың арқасында (ауылда жүріп республикалық жарыстарда көзге түскен) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне түстім (ол уақытта атауы басқа болатын).

- Студент кездің қызықтарын айтып берсеңіз?

- Аумалы-төкпелі заманның ең сұрқай кезі еді ғой. Оқуға түскен бірінші жылдың алғаш жартысынан соң ауылдағыларға ақша жіберіп тұрдым. Енді сол уақытта тойларда асаба болып, қолдан келгенше бірнеше жұмыстарды жасап жүретінмін... Бір күні ауылдан кемпір-шал келетін болды. Содан достарыма айтып жүріп, оларды құда мен құдағи сияқты күтіп алдық. Көздері жетіп, ақшаны әділ жолмен тауып жүрген соң ауылға көңілдері көтеріліп қайтты. ...Келмейтіндей болып (Күлді).

- Ақындар қандай болады?

- Ақындар мақтаншақ болады. Және әруақытта елдің назарында жүргісі келеді. Кез келген ақынды құртудың бір-ақ жолы бар. Оларды жай ғана елемей қойсаң болды. Бір сөзбен айтқанда, ақындар гүл сияқты...

Өмірде дос бола ма?

- Адамның ең жақын досы – жалғыздық. Бұл өмірде адамдардың бәрі жалғыз. Ешкімге еш нәрсені сеніп айтуға болмайды. Алда-жалда сатып кетіп жатса, өзіңе қиын тиеді. Ең бастысы, жалғыздық деген жақсы нәрсе!

Соңғы жазып жатқан шығармаңыз?

- «Жақсы адам ба еді?!» мен «Квартирант» деген пьесаларды жазып жатырмын. Уақыт жағынан асықтырғым келмейді. Осы екі дүниені жақсы жазып бітірсем екен...

- Әңгімеңізге рахмет!

сурет: Өмірбек Сансызбайдан

 

Л. Лига