Жұрт жүрегін жаулаған радио: "Жұлдыз FM" – 8 жаста!

Жұрт жүрегін жаулаған радио: "Жұлдыз FM" – 8 жаста!

Әуе толқынында әсем әндерімен, ерекше ойын-сауық бағдарламаларымен көпшілік көңіліне нұр сепкен "Жұлдыз FM" радиосының құрылғанына 8 жыл толды. Осы уақыт аралығында радио өзіндік аудиториясын қалыптастырды, еліміздің түкпір-түкпірінен тыңдармандарын тауып, талғамынан шыға білді. Жақсылықтың жаршысы, ізгі тілектің хабаршысына айналды.

Жұлдыз FM – сағат сайын еліміздегі ең соңғы жаңалықтармен хабардар ететін, жаңадан шыққан әндердің "тұсаукесері" өтетін, ең танымал жұлдыздармен эксклюзивті сұхбаттар жүргізетін,  таңнан кешке дейін тыңдарман көңіл-күйін көтеретін радио.

Бүгінде радионың Қазақстанның түкпір-түкпірінде тыңдармандары бар. Қазақ тілінде осындай радионың қажет екенін, оның әуе толқынында тыңдармандарды шат-шадыман күйге бөлейтінін біліп, негізін қалаған Батыр Қазыбаев еді...

Анар Мыңбаева: "Біздің жетістігіміз – тыңдармандарымыз"

8 жыл аз да, көп те уақыт емес. Радио жұмысы жыл санап жанданып келеді. Тыңдармандарымыз болмаса, Жұлдыз FM радиосы да болмас еді. 8 жылдағы басты жетістігіміз – тұрақты, адал, талғамы жоғары тыңдармандарымыз. Біздің тыңдармандар шын мәнінде ұйымшыл, бірліктері жарасқан орта. Өздері желіде чат ашып, әңгіме-дүкен құрады, танысады. Тіпті жыл сайын радионың туған күнін де атап та өтеді. Бұл біз үшін зор жетістік, зор мәртебе, - дейді радионың бас редакторы.

Жұлдыз FM арқылы жұбы жарасқандар

Радио арқылы бір-бірімен танысып, өмірлік серігін тапқан тыңдармандар да бар екен. Бір емес, Жұлдыз FM арқылы 9 отбасы шаңырақ көтерген. Солардың бірі – Марат Сапаров пен Ләззат Айдарқұлова. Өмірге келген қызының есімін Айжұлдыз қойған. 17 желтоқсан күні 2 жасқа толады.

Жұлдыз ФМ радиосының  белсенді тыңдарманы болып, осы радио арқылы өзімнің өмірлік жолдасымды тапқан алғашқы тыңдармандардың бірімін. Жалпы радионы 2016 жылдың жаз айларында тыңдап бастадым. Қазан айының соңында белсенді тыңдармандар құрған "жұлдыз фм отбасы" уатсап группасына қосылып, сол кездері белсенді түрде "Таңғы шоуға" хат жазып, эфирден тыс жүргізушілермен бас қосып, кездесулер ұйымдастырдық. Белсенді тыңдармандар эфирге баратын дәстүр болды. 2017 жылдың сәуір айының аяғында астаналық тыңдарман  Гаухар мен Дабыр Рабат екеуі эфирге қонақ болып шықты. Кешкілік алматылық барлық тыңдарман бір кафеде жиналып атап өткен болатынбыз. Маратпен таныстығымыз сонда басталды.

– Сыйластығымыз махаббатқа ұласып, шаңырақ көтердік. Аллаға шүкір қазір Азамат деген ұлымыз бар, Айжұлдыз деген қызымыз бар. Қызымыздың есімін таңдағанда бізде 3 қана таңдау болған: Жұлдыз, Жұлдызай, Айжұлдыз деген. Бізден кейін осы радио арқылы көптеген жастар қосылып отбасылы болды. Сол уақыттан бері 5 жыл уақыт өтсе де бәріміз әлі күнге дейін араласамыз, Жұлдыз фм радиосы арқылы өзіме өмірлік серік тапқан Қазақстанның әр өңірінен адал шынайы достар таптық. Бәрімен де араласамыз сағынып көрісеміз, - дейді Ләззат Айдарқұлова.

Анар Мыңбаева мұны да радионың бір жетістігі санайды. Жастардың бас қосуына, өмірлік жұбын табуына сеп болғаны көңіл қуантады.

Жұлдыз FM радиосына қалай ән беруге болады?

Кей ортада радиоға ән беру үшін ақша төлеу керек деген секілді пікір айтылып жатады. Біздің радиода олай емес. Бар талаптарға сай келсе болғаны, тегін жарияланады. Арнайы почтамыз (zhyldyzfm.muz@gmail.com) бар, өнер иелері сонда жібереді. Музыкалық редакторлар, жүргізушілер, бәріміз тыңдаймыз, талдаймыз. Сөзіне, әуеніне, аранжировкасына мән береміз. Жас әншілердің алдымен әнін аламыз, сосын тыңдалымы артып, танылып жатса арнайы қонақ ретінде шақырамыз. Негізі біздің радио арқылы танылған бүгінде белгілі әншілер көп-ақ. "Жұлдыз FM" біраз талант иесінің жұлдызын жақты, бағын ашты, – дейді бас редактор.

Жұлдыз FM радио контентпен ғана шектелмейді

@zhuldyz.fm Сөздік қорымызды толықтырамыз ба? #рек #рекомендации #хочуврек ♬ оригинальный звук - zhuldyz.fm

Радио форматымен ғана шектелмей, жаңа заманауи тенденция мен цифрлық технологияларды белсенді пайдаланудамыз. Радиодан бөлек, әлеуметтік желіде танымдық форматта түрлі контенттер де дайындай бастадық. Бұл да тыңдармандарымызбен қатар оқырмандарымыздың артуына өз септігін тигізуде әрі пайдалы дүние ұсынудамыз, – дейді Анар Мыңбаева.

Жандәурен Мәди: "Әлеуметтік желі – негізгі коммуникация құралы"

"Жұлдыз FM" – елімізде тек қана ана тілімізде хабар тарататын және бағдарламалары телеарнадан қатар көрсетілетін жалғыз радиостанция. Радио бастапқыда жастарға арналған бағытта ашылғанымен, бүгінде еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін тыңдайды.

"Жұлдыз FM" еліміздегі үздік 5 радионың тізіміне енеді. Оған бізге келетін танымал қонақтар мен жаңа әндердің эфирге шығып отыруы тікелей әсер етеді. Эфир барысында түрлі сыйлықтар мен концерттерге билеттер ойнатамыз. Мұның барлығы тыңдармандар игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарымыз. Әлеуметтік желінің радиоға тигізер әсері зор. Тыңдармандармен байланыста негізгі коммуникация құралына айналды. Одан бөлек, бұрын радио арқылы ғана хабар тарататын болсақ, қазір әлеуметтік желі арқылы да тікелей эфирге шығамыз. Біздің радионың тағы бір жетістігі – әлеуметтік желідегі оқырмандар саны бойынша өзге толқындардан көш ілгеріміз. Жұлдыз FM – Қазақстандағы интерактив радиолардың көшін бастап тұр десем де қателеспеймін. Тыңдармандармен тығыз байланыстамыз. Радиомен қатар телеарнада (СТВ) көрсетіледі. Инстаграм мен ТикТокта тікелей эфирге шығамыз, - дейді радио жүргізуші, музыкалық редактор Жандәурен Мәди.

Жандәуреннің радиода қызмет атқарып жүргенінен 6 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында тәжірибесі толығып, шеберлігі шыңдалған.

Радиода жұмыс істеу өмірімді 360 градус бағытқа бұрды. Себебі студент Жандәурен бүгінде бір белестерді бағындырған маманға айналды. Мұнда келгенде оқуда жүрген едім. Қазір 6 жылдан асты. Көп тәжірибе жинадым, таным көкжиегім кеңейді. Үлкен танымалдық та сыйлады. Кейде көшеде танып жатады, кейде таксистер баратын жерімізге тегін жеткізіп те тастайды – дейді Жандәурен.

Профилактикалық күн – кішігірім мереке

Жұлдыз ФМ радиосы аптаның 5 күнінде арнайы бағдарлама және жаңалықтарымен тыңдармандарын хабардар етіп отырады. Тек республикалық телерадио хабарларына профилактика күні болып жарияланғанда ғана, жарты күнге жұмысын тоқтатады.

Радиодағы профилактикалық күн, қателеспесем, 3 айда бір болып тұрады. Бұрын дүйсенбі болатын, кейінгі уақытта сәрсенбі күні болып жүр. Бұл уақытта спутниктік және эфирлік телерадио хабар тарату желісінде жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Телевизиялық және радио сигналдар үзіледі. Ал біз үшін кішігірім демалыс мерекесі). Кешкі 5-тен бастап жұмысты жалғастырамыз, - дейді Жандәурен.

Наргиз Ибрагим: "Жұлдыздар да – қарапайым жандар"

Ең алғаш 2018 жылы 5 ақпан күні эфирге шықтым. Қатты қобалжыдым. 6 айға дейін эфирдегі қобалжуым байқалып жүрді. Кейіннен үйреніп кеттім. Радио жұрт алдында қымсынбай, іркелмей сөйлеуді, дамуды, сын қабылдауды үйретті. Эфирге келген танымал қонақтармен сұхбаттасқанда басында қаймығып, мысы басатын. Қазір көбімен араласып, әріптес ретінде байланыстамыз. Жұлдыздар да қарапайым жандар екен. Олардың да проблемасы, олардың да мұңы бар. Радио арқылы адамдарға бірдей қарауды ұғындым, - дейді радио жүргізуші.

Радио – жаңалықтар жаршысы

Жұлдыз ФМ радиосында жаңалықтар басты назарда. Әр сағат басында еліміздегі маңызды және өзекті ақпараттар ел назарына ұсынылады.

Радио үшін жаңалықтардың мәні зор. Олай дейтініміз, жұрт назарына жылдам ұсынылуымен ерекшеленеді. Интернетті көп қолданбайтын, жолда жүрген тыңдармандар үшін радио алғаш болып ақпарат жеткізуші құрал. Жаңалықтарды өзімізбен әріптестік байланыстағы tengrinews.kz, massaget.kz және vesti.kz сайттарынан аламыз. Бірлесіп жұмыс істеу еңбек өнімділігін арттырады әрі уақытыңды үнемдейді, - дейді жаңалықтар жүргізушісі Айнұр Қапышова.

Радио қателікті кешірмейді

Жұлдыз ФМ радиосының бар бағдарламары тікелей эфирде өтеді. Тіпті СТВ арнасы арқылы хабар таратылады. Кей бағдарламалар секілді алдын ала жазылып алынбайды. Сондықтан да әр сөзіңе мән беріп, әр ісіңе байыппен қарауды талап етеді. Тікелей эфирдің қиындығы да, қызығы да осында.

Бұрын телеарнада қызмет еттім. Онда қате айтқан немесе шатасқан тұстарын өзгертуге болатын. Ал радиода тікелей эфирдеміз. Қателеспеуге, орынды әзілдеуге тырысамыз. Радио қателікті кешірмейді. Кешірмейді демекші, қонақтардың кешігіп келетін, келмей қалатын кездері де болады. Ондайда біз дайын болуымыз керек. Ал бірнеше рет келмей қалған, уәдеде тұрмайтын кей әншілердің әнін эфирден алуға тура келеді, - дейді радио жүргізуші Ұлжан Айнақұлова.

Massaget.kz сайты радио ұжымын 8 жылдық мерекесімен құттықтайды. Шығармашылық табыс тілейді. Жолда сенімді серігіңіз, жалғыз қалғанда жолдасыңыз, мұңайғанда сырласыңыз болатын "Жұлдыз FM" радиосы әрқашан қосулы болсын!

Ө. Сансызбай