Байқау жеңімпаздары Жұлдыз FM радиосында қонақта

Байқау жеңімпаздары Жұлдыз FM радиосында қонақта
Фото: massaget.kz

Жас қаламгерлерге арналған "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауында жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанған Досхан Жылқыбай, Ернұр Сағатбек, Аслан Тілеген Жұлдыз FM радиосының "Кешкі шоу" бағдарламасында қонақта болды. 

Бағдарламаның "шымылдығын" ашқан Massaget порталының бас редакторы Өмірбек Сансызбай "Отаным, саған айтамын" байқауына 130-ға жуық шығарма түскенін, оның 100-ге жуығы сайт бетінде жарияланғанын айтып, Massaget порталында осыған дейін өткен басқа да байқауларға тоқталып өтті.

"Massaget порталының құрылғанына 8 жылдай болды. Осы 8 жыл ішінде портал тек "Отаным, саған айтамын" байқауын ғана өткізіп отырған жоқ. Бұған дейін де түрлі байқаулардың өтуіне мұрындық болған. Соның бірі 2015-2018 жылдар аралығында өткен "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауы. Осы сайысқа қатысқан көптеген жас қаламгер кейін жақсы блогер, қаламы жүйрік журналист ретінде еліміздегі медиа саласында қызмет атқарып жүр. Біз оларды Массагеттің достары ретінде мақтанышпен айта аламыз", – деді.

Осыдан соң сөз алған жеңімпаздар әдебиет һәм өнерге қатысты түрлі сұрақтарға жауап беріп, қонақ кәдеге ән айтып, жырдан шашу шашты.

"Отаным, саған айтамын байқауында ІІІ орын алған Ернұр Сағатбек "Үш Меркі" әнін орындау сәті.

"Отаным, саған айтамын байқауында Alash Media Group ұсынған арнайы сыйлық – Мұхтар Мағауиннің 13 томдығын иеленген, ақын, "Үр" жинағының авторы Аслан Тілеген "Бір күйім бар..." өлеңін оқу сәті. 

"Отаным, саған айтамын" байқауының І орын иегері жазушы Досхан Жылқыбай өлең оқыды.

Айта кетейік, 2019 жылғы "Жастар жылына" орай ERG компаниясының қолдауымен Massaget.kz порталы Alash Media Group медиахолдингімен бірлесе отырып жас таланттардың шығармашылығын шыңдау мақсатында 15-29 жас аралығындағы жас қаламгерлер арасында "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқау жариялаған болатын.

Байқау мақсаты – егемен елдің ертеңі саналатын жастар арасындағы Отан түсінігін қалыптастыру, патриоттық сезімін оятып, құлашын кеңге жайған бүгінгі тәуелсіз еліміздің жетістіктерін баяндау, насихаттау, жас қаламгерлерді қолдау және шығармашылығын дамыту.

Т. Раушанұлы