Маралоты – емдік шөп

Маралоты – емдік шөп
Фото: cveti-rasteniya.ru/

Маралоты (Thalictrum) — сарғалдақтар тұқымдасына жататын көпжылдық шөп өсімдіктер туысы. Сабағы бұтақтанып тік өседі, гүлі сарғыш түсті. Ормандарда, шіліктерде және тау теріскейлерінде өседі. Оның барлық түрі 80 шақты. Кейбір түрлері әсемдік үшін өсіріледі.

Маралотының кейбір түрлерінің шаруашылық мәні бар, мысалы, сары маралоты — ылғалды шабындық жерде өседі, оның тамырынан шығатын сары бояумен жүннен және қылдан жасалатын ұлпаларды бояйды. Кіші маралоты — құрғақ төбелерде, далаларда, шабындықтарда, орман жағаларында өседі. Кіші маралотының мүшелерінен де бояу шығады, онымен түрліше заттарды бояуға болады.

Маралоты Қазақстанның Солтүстігі мен Оңтүстік Шығысында Алтай тауларында далалы, тастақты, қиыр-шықтасты жерлерде өсетін 8 түрі бар. Көбірек тарағандары: дөң және кәдімгі маралоты. Биіктігі 25-75 см. Сабағы тік, жапырағы қауырсын тәрізді тілімденіп, сабаққа кезектесе орналасқан. Ұсақ гүлдері сарғыш не қызғылт, ақшыл түсті келеді, қалқанша тәрізді сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Маусым-шілде айларында гүлдеп, шілде-тамызда жеміс салады. Жемісі – көп тұқымды жаңғақша. Маралоты көлеңкелі жерлерде жақсы өседі, топырақ талғамайды, суыққа төзімді. Тұқымынан көбейеді, қыста қар астында қалған тұқымы көктемде көктеп шығады. Вегетативті жолмен тамыр сабағының кесіндісі арқылы да көбейтуге болады. Маралотының құрамында таликсин ащы заты мен берберин алкалоиды, сапониндер мен С дәрумені, флавоноидтар мен каротиноидтар болады. Жемісінен май және жоғары май қышқылдары (пальмитин, стеарин, алеин, линол, т.б.) табылған. Маралотынан медицинада дәрі алынады. Шөбінің дәмі ащы болғандықтан мал жемейді, гүлдеген кезде маралотын емге қолдану үшін жинайды. Халық медицинасында әртүрлі ісіктерге, жарақаттарды жазуға т.б. қолданылады.

Н. Үсенова