Емдік шөптер: Жан мен тән терапиясы

Емдік шөптер: Жан мен тән терапиясы
Фото: vk.com

Ерте кезден қазақ халқы алуан түрлі жемістерді, өсімдік тамырларын, түрлі-түрлі шөптердің қасиеті арқылы әртүрлі аурудың емін тапқан.

Қазіргі таңда медицина өсімдіктердің адам ағзасына пайдасы зор екендігін дәлелдеді. Сондай-ақ, көптеген аурулардың алдын алып, емдеуге әсер ететінін дәлелдеді. Елімізде  дәрілік өсімдік түрі өте көп. Атап айтсақ, арша, алтын тамыр, жолжелкен, жусан, итмұрын, т.б. шөптердің кез келген ауруды жазатын емдік қасиеті бар.

Алтын тамыр 

Бұл – сабағы тік өсетін, көп жылдық шөп тектес өсімдік. Дәрілік шикізат ретінде 2,5-3 жылға дейін шипалық қасиетін жоймайды. Алтын тамырдың құрамындағы экстракт ағзаның дене жұмысына шыдамдылығын арттырады, жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартады, жоғарғы жүйке жүйесінің ырғағына жағымды әсер етеді, қан қысымын реттейді. Оны орнымен қолданбаса, кейбір адамдардың қан қысымын арттырып жібереді. 

Арша 

Арша биіктігі 1-3,5 метр, қысы-жазы көгеріп тұратын, бұталы өсімдік. Халық емінде арша жемісі несеп айдайтын және қуықтың қабынуын басатын дәрі ретінде қолданылып келеді. Сондай-ақ, аршамен тіс тазалау пайдалы. 

Дермене жусан 

Жусанды ішек құрты ауруына қарсы қолданған. Бабаларымыз бұл өсімдікті атам заманнан бері шет елдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп отырды. Қара жусанның тамырын тәбет ашуға, ішек, асқазан, бауыр, өт қалтасы ауруына пайдаланады. 

Итмұрын 

Итмұрын жемісінің құрамында  С, К, Р, Е, В тобындағы дәрумендер, каротин, қант, лимон, алма қышқылдары, аздаған мөлшерде белок, май, гликозидтер бар. Итмұрын жемісі, тұнбасы малға да, адамға да өте пайдалы. 

Жалбыз 

Ерін гүлділер тұқымдасы, хош иісті, көп жылдық, кейде бір жылдық шөптесін өсімдік. Жалбыздың жапырағында ментол бар. Бұл өсімдіктен жасалатын дәрілер жүрек, өт жолдарын емдеуге шипалы. Ол жағымды иіс беретін әрі антисептикалық зат ретінде сұйық дәрілердің, тіс тазалығыш ұнтақтардың құрамына кіреді. 

Жолжелкен 

Жолжелкен Алматы облысының барлық жерлерінде өседі. Оның құрамында адам ағзасына қажетті көптеген заттар бар. Дәрі мақсатында жолжелкеннің жапырақтары, сабақтары, ұрығы және тамырлары пайдаланылады. Жапырақтарын маусым-шілде айларында жинайды. Жапырақтарды көленкелі ашық ауада, желдеткіші бар үйде жайып кептіреді. 

Жұпаргүл 

Бұл өсімдік бронхит, пневмония кезінде қақырық түсіру мақсатында қолданады. Басқа шөптердің қосындысымен бронхиальді астманы да емдеуге қолданады. Жұпаргүл тұнбасынан экзема, қышыма дерматоз, фурункулез, іріңді ісік, диатез кездерінде компресс немесе шипалық ванна жасаған дұрыс. Бас жиі ауырған кезде де жылы қайнатпасымен басты жуған абзал. Бірақ, жұпаргүлден жасалған тұнбаларды  екіқабат әйелдерге, созылмалы гастриттің гиперацидтік түрі кезінде, асқазан немесе ұлтабар жаралары барларға, гипертоникалық ауыруы барларға ішуге болмайды. 

Қазіргі кезде ауруды өсімдіктермен емдеу үй жағдайында қолайлы бола бастады. «Мың теңге тұратын дәрі шарбағыңның дәл түбінде  өсіп тұр» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Дәрі-дәрмек жасау ісінде өсімдіктердің алатын рөлі аса зор. 

А. Оралқызы