Da Vinci роботы ота жасайды

Da Vinci роботы ота жасайды
Фото: anadolu-ural.ru

Медициналық технология жылдам қарқынмен дамып келеді. Осыдан 30 жыл бұрын ультрадыбысты зерттеу (УЗИ) туралы ойлап көрген де емеспіз. Бүгінгі таңда ол күнделікті терапияның бір бөлігіне айналған.

Дәрігерлердің технологиялық көмекшілері күн артып көбейіп келеді. Ал кейбір инновациялық өнімдер адамның жұмысын жеңілдетіп жатыр. Мысалы, Ньюкасл қаласындағы (Ұлыбритания) емханалардың бірінде Da Vinci атты робот науқастарға ота жасайды.

2 миллион фунт стерлинг тұратын аппарат ота кезінде дәлдікпен жұмыс істеп, адам ағзасынан қатерлі ісікті алуға көмектеседі. Da Vinci бір орталықтан басқарылатын бірнеше темір қолдан тұрады. Олар адам ағзасының ішіне микроскопты кесілген жерден кіріп, ішкі жағдайдың 3D-суретін экранға шығарады. Сосын дәрігердің нұсқауымен отаны соңына жеткізеді.

Бұл – инновациялық технологияның көмегімен адам денесін зақымсыз ота жасаудың әзірге ең тиімді жолы. Себебі оның жұмысын адам орындайтын болса, скальпельді көбірек пайдалануына тұра келеді. Нақтырақ айтар болсақ, дәрігер ағзаға ота жасау үшін өзінің қолы сыятындай етіп денені кеседі.

Қазіргі уақытта британдық дәрігерлер Da Vinci роботын тек қатерлі ісікті жою үшін қолданып жатыр. Жыл соңына дейін оны гинекологиялық ауруларға ота жасау үшін бейімдемек.

Әзірге ең күрделі оталарды қауіпсіз әрі артық зақымсыз жасауға көмектесіп жатқан роботттар болашақта хирургтің орнын толығымен басуы мүмкін. Нәтижесінде медициналық қызмет көрсету сапасы арта түседі. 

Ж. Өрісбай