IFA 2014 көрмесінің ерекше жаңалықтары

Қыркүйекте Берлинде тұтыну электроникасы мен тауарларының IFA 2014 атты көрмесі өтті. Бұл көрмеде әлемнің алпауыт техника өндірушілері өздерінің ең соңғы жаңалықтарын көрермендерге ұсынды.


Назарларыңызға осы көрменің ең қызықты құрылғылардың бірнешеуін ұсынамыз.

Motorola Moto 360 ақылды сағаты


Алпауыт компаниялар өз араларында қуаты ұзақ уақытқа жететін, ішіне барлық гаджетті енгізе отырып, сырты кәдімгі сағаттай көрінетін жаңа сағаттарды ойлап табу үшін бір-бірімен бәсекелес боп алды. Солардың бірі, Motorola Moto 360 сағаты көптен күткен жаңалықтың бірі болды, тіпті, алғашқы партиясы бірнеше сағаттың ішінде сатылып кеткен. Motorola-ның бұл өнімінің табысты болуының сыры неде? Біріншіден, қуаттағыштың өзгешелігі. Бұл сағатты ешқандай USB-портсыз-ақ, электромагнитті индукция арқылы қуаттайды. Екіншіден, көп функциялылығы. Инженерлер кәдімгі сағаттың формасын сақтай отырып, құрылғыға хабарламалар мен ескертпелерді оқи алатын қызметін қосқан.

Сарапшы мамандар Motorola Moto 360 ақылды сағаттарының таралымы шектеулі болып, сирек кездесетін тауар ретінде қалады деген болжам жасауда.  

Logitech K480 пернетақтасы


Logitech компаниясы бір мезгілде бірнеше құрылғымен қатар жұмыс жасай алатын әмбебап пернетақта жасап шығарды. Easy-Switch пернетақтасы арқылы сіз монитормен, планшетпен, смартфонмен немесе басқа бір құрылғымен Bluetooth қосып-ақ жұмыс істей аласыз. Кіріктірме тіреуіш барлық портативті құрылғыға сәйкес келеді. Әзірге бұл пернетақта екі түрлі түсте ұсынылды – қара және ақ. Бағасы – 50 доллар.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/dF6mZ-4rUFI","width":"425","height":"350"});

AlpenTab Vienna Woods планшеті


Бір қарағанда, Vienna Woods планшеті Intel шығарған Windows 8.1 операциялық жүйесі іске қосылған басқа планшеттерінен еш айырмасы жоқ кәдімгі құрылғы. Бірақ оның басты ерекшелігі – 400 грамм ғана болатын салмағында. Австрияның жергілікті ағаштары – грек жаңғағы мен еменнен жасалған корпусы AlpenTab компаниясының жаңа өнімдерінің салмағының мұншалықты жеңіл болуына басты себепкер болып отыр. AlpenTab компаниясы IFA 2014 көрмесіне  тек осы 800 еуроға бағаланған планшеттерін ғана ұсынып отыр, кейіннен корпусы ағаштан жасалған док-станция, ағаш пернетақта мен тышқандар да шығаруды жоспарлауда. Болжамдарға сүйенсек, бұл планшеттердің барлық шығарылымы 1000 данадан аспайды және әр құрылғының өзінің жеке сериялық нөмірлері болады.  

Galaxy Tab Active планшеті


Бұл құрылғы қауіпке жиі басын тігетіндер мен сондай жағдайда жұмыс жасайтындарға арналған. Galaxy Tab Active планшеті температураның төмендеуінен де, ылғалдан да, түрлі соққылардан да қорықпайды. 1,2 метрлік биіктіктен құлатып алса да, 1 метр тереңдікке су астына батырса да планшет одан әрі 30 минутқа дейін жұмысын жасай береді. Ultra Power Saving Mode  атты энергия үнемдеу режимінің арқасында, Galaxy Tab Active планшеті 8-10 сағат бойына жұмыс істейді.

     

Samsung Galaxy Note 4 смартфоны


Samsung  компаниясы IFA 2014 көрмесінде өзінің бірден екі жаңа буын өнімдерін таныстырды: Galaxy Note 4 смартфоны және оның иілгіш экраны бар модификациясы - Galaxy Note Edge. S Pen қаламсабының жақсартылған үлгісі және экрандағы бейнені барынша анық көрсетумен қатар жаңа смартфонда энергия үнемдеу режимі де озықтандырылған және телефон тез қуатталады. Жаңа смартфонның басты ерекшелігі – иесіне күн астында ұзақ болудың зияны мен күн сәулесінің қаншалықты мөлшерде түскені туралы ақпарат беретін ультракүлгін қосымшасының бар болуы. 

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: lookatme.ru, newstomato.com, futurezone.at, spumby.com

Оқи отырыңыз:

IFA 2014: Galaxy Note 4, Galaxy Note Edge және Gear VR

Logitech K480 bluetooth-пернетақтасының ерекшелігі