- Негізгі бет
- Жаңалық
- ҚазҰУ студенттерінің "Жез...
ҚазҰУ студенттерінің "Жез қоңырауы" жарық көрді
Кеше, 29 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университететінің "Жез қоңырау" атты студенттер альманағының үшінші кітабының тұсау кесері өтті.
Жастардың жалынды жырына толы "Жез қоңыраудың" үшінші кітабы да филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің "Көкжиек" әдеби-шығармашылық клубының белсенділігі арқасында жарыққа шықты. Ұйымға факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі бөлімі де қол ұшын берді.
Студент қыз-жігіттердің шығармаларына толы жинақтың тұсауын белгілі ақын ағалар Аманхан Әлім, Әмірхан Балқыбек, Мұрат Шаймаран және Ерлан Жүніс кесті.
Әдеби отырыстың шымылдығы филология ғылымының докторы, профессор Әнуар Тарақовтың алғы сөзімен түрілді.
Жас ақындардың жырларына қанық болған аға ақындар жинақтағы авторларға сыни пікірлер айтты.
Жинаққа енген туындылардың біразы көңілінен шыққан Аманхан аға ақындық жолға беттеген Әріби Әрібек, Бекзат Смадияр, Шерхан Талап, Аслан Тілегенов сынды жас ақындардың өлеңдеріне жоғары баға берді. Прозалар ішінен Гүлзат Нарытбектың "Биғаңына" да оң көз танытты. Ол жыр жинаққа өлеңнің талаптары сақталмаған шығармалардың енгенін айта кетіп, жас ақындардың жыр жазуда мүдіріп қалған тұстарын да жасырмады.
Одан кейінгі сөз тізгінін алған Әмірхан Балқыбек "Жез қоңырауға" жарияланған жырлардың авторларынан зор үміт күтетінін айтып өтті.
Мұрат Шаймаран да қазақ поэзиясында қалыптасып үлгерген ақындардың аттарын атап, жинаққа енген авторлардың болашағының барына сенімді екенін айтты.
Ақын Ерлан Жүніс студенттерді альманахтың жарық көруімен құттықтап, өзі де жастарға өлең оқып берді.
Альманахта шығармалары жарық көрген студент ақындар ағаларының ақ батасын алған соң жыр оқуға кірісті.
Бұл жылы да студенттер поэзиясы тағы бір жинақпен толықты.
Жатақханадағы студенттер де қолдарына бір-бір "Жез қоңырауды" алып, қатарластарының шығармашылығын қызу талқылау үстінде.
Дайындаған және суретке түсірген: Ақерке Әбілхан
А. Әбілхан