Маған ұқсас жігіттерді аяймын, саған ұқсас сүйіп қалған қыздарын...

Маған ұқсас жігіттерді аяймын, саған ұқсас сүйіп қалған қыздарын...

Қымбатты жырсүйер қауым, бүгін біз сіздерге Жайық ұлынан келген хаттарды жария етпекпіз. Ол кім дейсіз бе? Жас ақын Аслан Тілегеновтің жырларына бұрын қанық болған оқырман біліп те отырған болар. Алматы шахарынан уақытша алыстап туған жерде шалқып жүрген студент жігіттің лирикасынан қабыл алыңыздар! Жайық жігіті жазған туындылар сіздің де жаныңызға жарық сыйласын...

 

Алматыға ақ жауын жауған шығар,

Жауған шығар...

Мені қазір сағынған қыз,

Жайықты ойлап жабығып қалған шығар.

 

Алатауға тағы бұлт жеткен шығар,

Жеткен шығар...

Қапырық – Жайықта әлі,

Алматы – көктем шығар.

 

Көктөбені бір нөсер жапқан шығар,

Пәк тамшылар...

Сырғанап жанарынан,

Тағы, тағы хат жазып отқан шығар.

 

Күн сосын күлген шығар,

Жүрген шығар...

Жұбанып сағынған қыз,

Мен әлі сүйерімді білген шығар...

 

*****

 

Махаббаттың айтылмайды ізгі әні,

Баяғыша ұмытамыз біз бәрін.

... Маған ұқсас жігіттерді аяймын,

Саған ұқсас сүйіп қалған қыздарын...

 

Сені сүйгем әр күні,

Махаббаттың кешкенде күн тағдыры,

Кездесуден басталады екен ғой

Қоштасудың барлығы...

 

Шын ғашықтың ерлігі –

Махаббат та бола алмайды енді ұлы.

Бақыт құшып өмір сүру – зор күнә,

Бақытты боп жарытпаспыз ендігі.

 

Ел айтатын сөзге құлақ түріп көр,

Бақыттырақ бұрымды ару, бүлікті ер –

Саған мүлде ұқсамайтын қыздар мен

Маған мүлде ұқсамайтын жігіттер...

Сурет: everythingspecialfor.blogspot.com

 

А. Әбілхан