Санасыз сыйланған сыйлықтар тізімі

Corriere della Sera италиялық журналының журналистері жаңа жылда сыйланатын жөнсіз сыйлықтар тізімін жасапты. Ең оғаш көрінген сыйлықтар қатарында сурет салатын рамалар, сүйіп оқитын кітап, қайыстан жасалғандай әсер қалдыратын қоңыр портфель бар.

Соңғы сыйлық сәтсіз сыйлықтар рейтингінде көш бастап тұр. Ал екінші орында – iPhone қолданатын адамға сыйланған Samsung ұялы телефондарына арналған қалташа. Үштікті қорытындылап тұрған «санасыз» сыйлық құны көрсетілетін қағазшасымен сыйланатын барлық заттар. Төрттікке табан тіреп тұрған фото салынатын рамалар болса, бесінші орында диета ұстанып жүрген немесе қант диабетімен ауыратын адамға берілген тәтті-пәттілер екен.

6-орында сүйіп оқитын автордың кітабы, себебі сыйлық алушы сүйіп оқитын жазушысының барлық туындыларын оқып қойған болуы әбден мүмкін. Егер сіз киім бетіне адам суретін салғызып, сыйлауды жаңалық десеңіз, қателесесіз! Себебі өзінің суреті бар киімді ешкім де жалпақ жұрттың алдына шығып кие алмайды. Тиісінше, суретті киім жетінші орында. Сегізінші орында дәрі-дәрмек салатын қорап. Иттің керамикадан жасалған мүсіні 9-орында. Ал ондықты термопижама қорытындылап тұр. Италияның «сұмдық» қысына төтеп бере алатын осы киім шығар, бәлкім...

Италиялық журналистердің жасаған тізімі сізге де ой салар, жақыныңыздың көңілін қалдырып жүрмеңіз...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: cache.gawker.com