- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ауыр көтерем деп...
Ауыр көтерем деп ауырып қалмаңыз
«Қыздың қырық жаны бар» дейді қазақ. Еті қанша сірі болғанымен, бес келіден артық салмақ көтеретін қырық бірінші жаны жоқ. Оның себебі көп.
Біріншіден, қыздардың жаны ғана емес, сүйегі де нәзік болады. Жіңішке де әлсіз қаңқасына салмақ түссе, омыртқа қисаю қаупі туады. Онсыз да омыртқа сүйегі қисық адам күнделікті ауыр салмақты жүк көтеретін болса, қозғала алмай қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайда ота жасаудан басқа амал қалмайды.
Екіншіден, қыздар ауыр сөмке, зілтемір, қарнақ көтерсе, қан тамырларына қысым түседі, қан айналым жүйесі бұзылады. Бұл кәсіби ауыр атлетикамен айналысатын немесе бес жасар баласын күні бойы қолынан тастамайтын адам инфаркт әлде инсультқа шалдығады деген сөз емес. Бірақ варикоз, тромбофлебитпен ауыратын, жатыры не бүйрегі төмен түсіп кеткен адамға белгілі мөлшерден ауыр нәрсе көтеру өміріне қауіп төндіреді.
Дәрігерлер әйел адам аяғы ауыр кезінде ауыр көтермеуді қатаң ескертеді. Бұл кезеңде оның ағзасы онсыз да әлсірейді. Қысымы көтеріліп кетсе, жалғыз анасының емес, әлі жарық көріп үлгермеген баласының да басы қатерге тігіледі. Оның үстіне, ағзада кальций азаюынан сүйек одан сайын жұмсара түседі. Қарапайым қыздарға бес келіден артық нәрсе көтеруге болмайтын болса, аяғы ауыр келіншекке үш келі салмақтан артық көтеруге тыйым салынады.
Сары - салмағы аз; жасыл - қалыпты; сарғылт - қалыптан жоғары; қызыл - артық салмақ
Ауыр нәрсеге азық-түлік салынған қалта мен үй жиһаздарынан өзге адамның өз дене салмағы да жатады. Салмағы мен бой мөлшері сәйкес қыздар тартымды көрініп қана қоймай, дені сау болады. Сондықтан сұлулық үшін ғана емес, денсаулақ қамын да қаперге алып, артық салмақтан арылуға асыққан абзал.
Адам өзін өзі күтпесе, жазылған ақпарларға құлақ аспаса, арты ұрпақсыз ғұмырға апарып соғуы да мүмкін.
Біз – қызбыз, ауыр жүкті бір орыннан екінші орынға жеткізуіміз керек. Көмектесетін кісі көрінбейді. Не істейміз? Арқаға асатын не сүйрейтін сөмке қолданыңыз. Ондай сөмке болмаса, жүк ұстаған жаққа қарай қисаймаңыз. Кеудеңізді тік ұстаңыз. Тепе-теңдік сақталуы үшін екі қолдағы жүктің салмағы мөлшерлес болғаны жақсы.
Сөмкені қолға алдыңыз, жеңілірек тартуы үшін қалай ұстаймыз? Қолдың қалай тұрғанына мән беріңіз. Қол саусақтары сыртқа қарап тұратындай етіп ұстап, қолымызды алға созамыз. Қол денемізге тимеуі қажет. Алғашында ыңғайсыз сияқты болады. Осылай көтерген дұрыс әрі оңай. Болмаса бір-бірлеп тасыңыз.
Биік өкшелі туфлимен ешқашан ауыр көтермеңіз. Ауыр жүксіз-ақ биік өкшенің өзінің зияны жетіп артылады.
Қыздарға ең көп дегенде 10 килограмм жүк көтеруге рұқсат етілсе, жігіттер 50 килограмм көтеруге қауқарлы. Өзге елдерде 7 килодан артық көтеруге мәжбүр болған әйел заты құзырлы орындарға шағымдануға құқылы. Өзін ер азамат санайтын кісі көшеде кезіккен қыздың ауыр жүгін көтерісуді азаматтық борыш, еркектік міндет санайды.
@. @assel_assanova