Аяғыңыздың бес «жауы»

Аяғыңыздың бес «жауы»

Биікке көтерілуіміз үшін аяғымыздың сау болуы маңызды. Бізден аяққа қамқорлық, сау қалпын сақтау мен қажетті күтім қажет.

№ 1 «жау»: биік өкше

Биік өкше келбетіңізге әсемдік беріп, бойыңызды ұзартады, жалпы бейнеңізді биязы етуге көп септігін тигізеді. Алайда бәрінің шегі бар: қазірде 12, 16 және тіпті 20 сантиметрлі біз өкшелер бар. Бұл аяқ киімдерді күнделікті және үш-төрт сағаттан көп уақыт киюге болмайтынын ескеру керек.

Тіпті танымал тұлғалар да қызыл кілемнің үстімен жүріп өткен соң, біз өкшелерін жайлы аяқ киімге ауыстырып жатады. Ал оларға еліктейтін арулар күні бойы биік өкше киіп, аяқ денсаулығына зиян келтіреді. Ұзақ уақыт биік өкшелі аяқ киім киіп жүру башпай және табанының салдануына, табанның деформациялануына және сүйектің шығуына, тізе қан тамырларына, сіңір мен балтыр бұлшық етіне артық күш түсуіне әсер етеді. Сондықтан күнделікті киіске 2,5-тен 4-5 см биік өкшелі берік өкшелі аяқ киім жарайды.

№ 2 «жау»: ыстық

Жаз мезгілінде көптеген адам ісінуден зардап шегеді. Мұның себебі – сұйықтықты көп ішуге итермелейтін ыстық ауа райы мен тершеңдік.

Сұйықтық жұмсақ ұлпаларда жиналып аяқтың ісінуіне әкеледі. Бұл дертпен күресуге жүзу мен жеңіл гимнастика, аяққа арналған түрлі ванналар мен компресстер, салқын душ, сонымен қатар дәрігер жазып берген емдік препараттар көмектеседі.

№ 3 «жау»: отырып қызмет істеу

Ұзақ отырып қызмет істеу лимфа және қан тамырлары жүйесіне кері әсер етеді. Ұзақ уақыт отырудан жамбас пен бөксеге түсетін қысым аяқта қан мен лимфалардың айналуына кедергі келтіреді, ал бұл осы сұйықтықтардың ағзада толық айналымын баяулатады. Аяққа түсетін күш ұлғайып (олардың қабырғалары кеңейіп, зақымдалады), олардың оттегімен қоректенуі бұзылады, ал бұл өз кезегінде варикоз, целлюлит және т.б. жағымсыз дүниелерге әкеледі.

Аяқта сұйықтықтың айналымын жақсарту үшін жиі физикалық жаттығулар жасау ұсынылады және табаннан жамбасқа дейін жасалатын массаж да тиімді. Бірақ кейбір аяқ ауруларында массаж бен фитнеске тиым салынады, сондықтан алдын ала дәрігермен ақылдасқан жөн.

№ 4 «жау»: зиянды әдеттер

Темекі шегу, ішімдік ішу, фастфудпен әуестену немесе жай ғана дұрыс тамақтанбау – қан тамырларына кері әсер етеді. Сонымен қатар зиянды әдеттерден дәрумен тапшылығы, улану және ағзаның құрғауы белең алады, қан тамырлары қабырғаларында холестерин түйіндіктері пайда болады.

№ 5 «жау»: артық салмақ

Сізге қандай сөмкені алып жүру жеңіл: үш келілік пе, әлде отыз келілік пе? Адам аяқтарының артық салмақтан неге зардап шегетініне жауап, міне, осыда. Қан тамырлары өзіне түсетін салмақты көтере алмауы салдарынан аяқ ісініп, венаның түйнеліп кеңеюіне әкеп соғады. Бұл мәселені жүйелі диета мен денсаулығыңызды ескере жасалған физикалық жаттығулар шешуге көмектеседі.

Шаршаған аяққа қажетті күтім

Аяқ лайықты түрде күтімді қажет етеді. Аяқты күнделікті контрастты душта жуып, қоректендіретін және ылғалдандыратын маскалар, компресс, массаж, пилинг жасап, фитнеспен шұғылдану керек. Сонымен қатар ағзаға қажетті деңгейде су ішіп, дұрыс тамақтану қажет.

Алайда, аяқтың ісінуі, ауыруы, ауырсынуы және шаршауы варикоз және веноздық жетіспеушілік сияқты аурулардан хабар береді. Сондықтан, қарапайым шаралар жеткіліксіз болып табылады. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралған жөн. 

Сурет: maiden.com.ua, sunny7.ua

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina