Комедиялық жанрда жазылған драмалық шығармалар

Комедиялық жанрда жазылған драмалық шығармалар

Қазақ әдебиетінің драмасында комедия жанрының алар орны ерекше. «Комедияның күші — күлкіде, күлкінің күші — шыншылдық пен табиғилықта. Шыншыл һәм табиғи күлкі терең мазмұнды тартыстан туып, толық қанды юморлық, не сатиралық образдарға көркем жинақталып, парасатты, биік идеяға шебер бағындырылғанда ғана комедия жалаң водевиль, жеңіл фарс, арзан мелодрама сипаттарынан аулақ, бұл жанрдың шын мәніндегі шынайы шығармасына айнала алады. Комедия авторына талап осы тұрғыдан қойылуға тиіс». Зейнолла Қабдоловтың осы анықтамасын оқи отырып, комедияның қасиетін ұғамыз.

Ал оның өмірге келуі туралы да осы ғалымның берген мәліметінде «Комедияның басы да, трагедия сияқты, баяғы Дионис мейрамында жатыр. Өлген «текенің» қайта тірілуін көне гректер енді комедиямен «комос» – көңілді топ, «оде» – ән», яки, көңілді әнмен, қызық бимен, күлдіргі ойындармен құттықтаған. Кейін шын мәніндегі театр өнеріне айналған комедия да дүниеге о баста осылай келген» деп берген. Оның сөзін белгілі зерттеуші Р.Нұрғалиев «комедияның алғашқы белгілері ежелгі Грецияда шарап тәңірісі Диониске құрмет көрсетуге арналған ойын-сауықтан басталған» деп растағандай. Әлем әдебиетінде Ж.Б.Мольер, К.Гольдони, К.Гоцци, орыстың реалист комедиографтары А.С.Грибоедов, Д.И.Фонвизин, Н.В.Гоголь, А.Н.Островский, Салтыков, Щедрин, Кобылин, т.б. қазақ топырағында Б.Майлин, Ш.Құсайынов, Қ.Мұхамеджановтардың комедиялық шығармаларынан өмірдің шындығын көруге болады. Тіпті, кей комедиялық қойылымдардан өз танысыңды көргендей болатыныңыз да рас. Қазақ драмасындағы М. Әуезовтің «Айман-Шолпаны», Ш. Хұсаиновтың «Алдаркөсе» комедиясы, Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек», Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!», Т. Ахтановтың «Сәуле», Ә. Әбішевтің «Армандастар», «Нұрлы жаңбыр», Ш. Хұсаиновтың «Сырымбет саласында», С. Жүнісовтің «Ажар мен ажал», Ә. Таразидің «Күлмейтін комедия» атты қойылымдарын театр сахналарынан көруге болады.

Ал әлем драмасындағы комедиялық қойылымдарға келер болсақ. Мольердің (Жан Батист Поклен) 1664  жылы жазылған «Тартюф», 1665 жылы жазылған «Дон Жуан», 1666 жылы жазылған «Мизантроп» комедиялары, Ж.М.Шевренің «Ізгілік формуласы», Джон Патриктің «Қымбатты Памела», Ален-Рене Лесаждың «Тюркаре», Шекспирдің «Венеция көпесі», «Он екінші түн» сынды комедиялық драмалары елге таныс.

Оқи отырыңыз:

1. Т. Жұртбайдың «Дулыға» романына талдау

2. Мұхтар Шаханов лирикасындағы көне дәстүр мен жаңашылдық

3. Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр» романында бүтін бір халық жерінің екі империя арасында таласқа түсіп, бөлінуі

4. Қалтай Мұхамеджановтың шығармашылық өмірбаяны

 Cурет: emu.dk

Е. Жұмабайұлы