Т. Жұртбайдың «Дулыға» романына талдау

Т. Жұртбайдың «Дулыға» романына талдау

«Дүние дүние болғалы, жұмыр Жер өз бесігінде тербетілгеннен бері қалған жұртпен қатар қанаттаса, өз Бақытына ұмтылған әлеуметтің бірі түркі қауымы еді... Ауызға алынғанымен, қара қылды қақ жармайды, әділдіктің ала арқаны атталып өтеді... Жылт еткен жақсылығы болса, жатқа телінеді, не өктем жұрт өзіне иемдене қояды. Одан қалғанын түріктен тараған тамырлас бұтақтар өзара бөлісе алмай, бәсіреге түсіп, ортақ мұраның шалғайын жыртыс қып жыртады. Мұндай керауыздардың алауыздығына орай мысалды бас-басына нұқып отырып айтуға болар еді, бірақ біздің мұрат-мүддеміз ол емес. Тек көздеген нысанаға жету үшін аттанған сапарда тарихтың дөңгелегіне көлденең қойылған емен кеспектердің, жаңсақ ізге салатын соқпақтардың, қасақана қазылған оппалардың бар екенін байқағанымызды айта кету».

Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың «Дулыға» романын жазудағы басты мақсаты – осы. «Романның атауы қандай мағына үстейді?» деген сауалға автор роман ішінде түсіндіріп береді. «Дулыға  – түрік» деген сөздің баламасы» дейді. Күллі түркі даласындағы тарихты шертіп, ақ-қарасын ажыратуды көздейді. Осы еңбегімен Гердер, Миллер, Рыбаков сынды ғалымдарға жауап береді. Роман «Әлқисса», «Скиф – ишкуз дәуірі» атты бөлімі «Тамырды тану немесе тақырыпқа барлау» деп сәл түсініктеме беріп, кейін  «Тарғытай», «Ишпақай», «Партатуа», «Мәди», «Анақарыс», «Тоқсары», Тұмар», «Шырақ-Сирақ», «Иданбарыс», «Зарина», «Ескіл», «Атей», «Сыпатай», «Сатир, Евмель», «Балақ», «Саймақ» атты тақырыпшалармен әр тұлғаға тоқталса, «Хұндар» бөлімі «Тұман», «Мөде», «Лаушаң – Қызай», «Елжау би», «Қоянды», «Оңқай би», «Баутиан», «Шөже», «Мойыншор» атты тақырыптармен бөлінген.

Алғашқы бөлімінде сақтардың тарихы туралы жазылған. «...Сақтардың түркі халқы екендігіне көз жеткіздік. Сақ, массагет, шошақ бөріктілер, ассы сақтары – исседондар, астиагтар – тамырлас тұқымдар, олардың скифтермен өзектестігін «тарихтың атасы» Геродоттың өзі жазып кеткен. «Хазарлар тарихы» атты өлмейтін еңбек қалдырған ғалым М. И. Артамонов кезекті «Кемерліктер мен скифтер» деген зерттеуінде қытай жылнамаларындағы келтірілген деректерді өзінше пайымдап, скифті де, сақтарды да, хұндарды да парсы тілдес тайпа еді деп, сондайлық бір сеніммен айтады. Бұл деректі қайдан алды жәе скифтердің парсы тілде сөйлегенін анық дәйектеп берген қандай жазба, оны кім ашты? Біздің ойымызша, жалған болжамнан ғылыми тұжырымға, кей-кейде ақиқатқа айналып кеткен қиянаттың бірі осы» деп тарихта зерттеулер ішіндегі небір белгісіз тұстарды көрсетеді.

Екінші түйткіл мәселе: тарихи шешірелер әр тілде жазылған соң (грек, вавилон, парсы, қытай тілдерінде), олардың тайпаларға қоятын атаулары да әр түрлі болатыны хақ. Осы тұста автор сақтардан басқа өзге ұлттардың да бірнеше атауға ие бола алатынын мысалмен көрсетеді. «Тек венгрлерді алайықшы: басқа тілдерде – Хунгария-хұн елі, өздері – Мажарстан, мадияр елі, Хунгару, славяндар – Венгрия деп атайды. Бір-бірінен алшақ үш сөз. Бұған қарап тон пішуге бола ма? Сақтардың «түкие» - «түрік» екенін қытайдың жазбалары арқылы біліп едік қой» дейді.

Тарғытай баба, Ишпақай көсем туралы, «Партатуаның Ишпақайдың ұлы болуы мүмкін бе?» деген сауалдар туралы, Мәди патша, Анақарыс пен Тоқтамыстың жақындығы туралы, Тұмар патшайым туралы, парсыларды адастырған Шырақ туралы, Геродот «Иданфирс» атаған Иданбарыс туралы, семсерлі Зарина, скиф патшасы Ескіл (Скил) туралы, Атей патша туралы, Сыпатай (Спитамен) туралы, таққа таласқан ағайынды Сатир мен Евмель туралы, Ескілдің ұлы Балақ, зейін, намыс, қабілет деген үш қасиетке ие Саймақ туралы тарихты оқып, скифтің тарихын ұғынасыз.

Ал «Хұндар» бөлімінде де тарихи тұлғалар туралы ақпараттар толық берілген. «Хұн» дегенде, есімізге бірден Мөде есімі түседі. Себебі, «есімі ел есінде қалып, аты таңбаланған алғашқы азаматтар – Тұман хан мен Мөде тәңірқұты». Аталған екі тұлға туралы тарихи тың деректерге Лев Гумилев пен Бань Гудің зерттеулерінен мысал келтіріліп отырған. Сонымен қатар, М. Дүйсенов пен Қ. Салғаринге сілтеме бере отырып, Мөде есімінің шығу тарихын оқуды керек санайды. Мөденің мұрагері Лаушаңның қаһармандығын қытай әміршісі Вэн-диге Уын-ди жазған хатынан тауға болатынын да автор айта кеткен. Тақ мұрагерінің есімі де өте қызық. Оның да шығу тегін бұл романда түсіндіріп береді. «Киелі бала» атанған Елжау би туралы аңыз-әңгімелер, он жеті жыл билік құрған Қоянды, Оңқай би туралы, Қаңлы ханының елтебері Баутиан, қырғыз жеріне қоныс тепкен Шөже туралы, Мойыншор туралы деректерді жан-жақты жинап топтастырған. 

Әр тұлғаның өмір сүрген уақыттарын шамамен, жер-су аттарын дәл көрсете білген автордың ізденімпаздығына таң қалмау мүмкін емес. Тақ мұрагерлерінің, ел батырларының оқиғаларын шежіре-жылнамалардан дәйектер ала отырып келешек ұрпаққа аса шеберлікпен көрсетеді. 

Оқи отырыңыз: 

1. Шәкәрім - Абайдың шәкірті

2. Мұхтар Шаханов лирикасындағы көне дәстүр мен жаңашылдық

3. Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр» романында бүтін бір халық жерінің екі империя арасында таласқа түсіп, бөлінуі

4. Қалтай Мұхамеджановтың шығармашылық өмірбаяны

Сурет: vk.me

Е. Жұмабайұлы