Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр» романында бүтін бір халық жерінің екі империя арасында таласқа түсіп, бөлінуі

Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр» романында бүтін бір халық жерінің екі империя арасында таласқа түсіп, бөлінуі

Қазақ әдебиетіне 1960 жылдары келіп қосылған бір шоғыр таланттың ішінде бүкіл қазаққа танылған тұлға – Қабдеш Жұмаділов те болатын. Өзі қатарластарынан біршама ерекшеленетін. Бұл ерекшелік оның өмір жолында ғана емес, шығармаларынан да көрініп тұратын.

Алғашқы қадамын поэзиядан бастап, шағын жанр арқылы романға келген Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетінің дамуында өзіндік орны бар қаламгер. Жазушыны өз замандастары «қара сөздің Қабдеші», «тағдыры бөлек тарланбоз», «тағдырлы тұлға» деп атаған.

Қабдеш Жұмаділовтың көпшілікке кеңінен таныс «Тағдыр» романы – Шығыс Түркістандағы қазақ тарихы негізінде жазылған тарихи роман. Бұл романда жазушы Қытайдағы екі мың жылдан аса уақыт өмір сүрген монархиялық патшалық өкіметтің 1911 жылға дейінгі тарихи жағдайларына байланысты қазақтардың өмірін, күресін қайраткер тұлға Демежан арқылы көрсетеді.

Романдағы басты оқиға орыс пен қытай арасындағы шекара бөлінісі болса, оның сыртында қазақтың көшпенді өмірі, отырықшы өмірге үйрену, қытайлықтардың қамал-қорған тұрғызулары секілді тарихи маңызы зор оқиғалар да орын алған.

Жазушы шығармашылығынан қазақ өмірінің, салт-дәстүр, әдет-ғұрпының алар орны мол. Сондай-ақ, роман мазмұнын ашып, авторлық идеяны жеткізуде бұл баяндаулардың алар орны да айтулы болмақ.

Қабдеш Жұмаділов романдары күшті характерлермен, сюжеттік-композициялық бітімімен  дараланады. Жазушының «Соңғы көш» романынан кейін жазған «Тағдыр» туындысы да Шығыс Түркістан тақырыбында жазылған. «Соңғы көш» пен «Тағдыр» романдарында ортақ мәселелер бар. Біріншіден, екі шығармадағы оқиғалардың өткен орны – Шығыс Түркістан аймағы. Екіншіден, екі романды да сабақтастырып тұрған бейнелер – Сымайыл, Күдері, Қанағат би, Естай.

Роман мазмұнына қысқаша тоқталып өтсек, «Тағдыр» романына арқау болған – Еженхан мен Ақпатшаның арасындағы Шығыс Түркістан аймағын бөлісу мәселесі, шегара бөлінгеннен кейінгі халық тағдыры. Романда XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басы аралығындағы уақыт қамтылған, яғни «Соңғы көштегі» Қанағат бидің әкесі – Күдері мен атасы Сымайылдың өмір сүрген дәуірі бейнеленген. Роман сюжетіне арқау болған оқиға – Ресей мен Қытай сияқты екі империяның ортасында өмір сүрген аз санды қазақ елінің ауыр тағдыры. Екі мемлекет арасындағы шегара бөлісу мәселесі романның «Жол торабы» бөлімінде ғана көрініс тапқан. Қалған бөлімдерінде осы оқиғадан кейінгі ел ішіндегі жағдай, шегара бөлісінің қазақ жеріндегі ел басқару жүйесіне әсері, соған қатысты қоғамда болған өзгерістер, қазақ пен қытай арасындағы қарым-қатынастар, т.б. мәселелер суреттелген. Әр мемлекет өзінің территориясын айқындап, шегара бағандарын орнату кезінде жергілікті халық тарапынан үлкен наразылық туады, бірақ ол көтеріліске ұлғаймайды.

Автор сынға алатын мінез ерекшеліктері кейде – қазақшылық болып жалпылама атауға иелік етіп те жүр.

Жазушының символикалық мәнге аса назар аударатындығын «Соңғы көш» романынан да байқаған болатынбыз. Бұл «Тағдыр» романында да айқын аңғарылады.

«Романның ұзын-ырғасына сүйенсек, алғашқы бөлімде қалың қазақтың, іргесі іріп, қанаты қайырылып, қабырғасы сөгілген сергелдең жұрттың шылбыр үзіп шыға алмастай шегара шеңберіне түсуі – бастау да, итке тастаған сүйектей үкірдайлыққа таласып, маңдайына басқан азаматы Демежанның түбіне жетуі – түйін. Бүкіл бір қауым елдің етекке толған көз жасы, қайғы-зар, бір күндік қуаныш тойы осы бастау мен түйіннің арасында тұйықталған шекара шеңберінің ішінде өтеді».

«Тағдыр» романы тек шекара бөлісі ғана емес, тұтас ұлт тағдыры екендігін жоғарыда айттық. Ондағы тарихи деректіліктің өзі ұлт болмысын ашуға қызмет ететіндігіне де, қазақты танытуға септігін тигізетіндігіне де баса назар аударғымыз келеді. «Тағдыр» романындағы тарихи деректілік туралы сөзімізді әдебиеттанушы ғалым Шериаздан Елеукеновтың роман жайындағы сөзімен түйіндесек: «Тағдыр» – ұлтжанды қаһарманды биік  өреге көтерген роман. Ол – қазақ әдебиетінің өз қойнауынан шыққан туынды. Басқа тілдерге аударылғанда ғана бағы ашылатын кейбір шығармалардай, батыс я Латын Америкасы роман үлгісі бойынша пішілмеген. «Тағдырды» оқып отырғанда қазақтың кең даласына сүңгіп кеткендей рахат кешесің» – дейді.

Сурет: parasatjournal.kz

Ө. Сансызбай