Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығы

Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығы
Фото: kaztv.kaztrk.kz

Шығармашылығы даналықпен дараланған ақын Қадыр Мырзалиев 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдап, еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балаларға арналған «Балдырған» журналында әдеби қызметкер болып бастаған. 1958-1967 жылдары «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі, «Балауса» баспасының редакторы қызметтерін атқарды.

Қ.Мырзалиевтің алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында жарияланған. Тұңғыш жинағы «Көктем» деген атпен 1959 жылы жарық көрген. Қадыр шығармаларындағы қасиет - өмірдегі ешбір құбылысты туған жерден, елден, табиғаттан тыс қарастырмайды. Қадыр ақын қамтыған тақырыптардың әр алуан екендігін әсерлі өлеңдерін оқи отырып бірден байқаймыз. Поэзияда ой да, сезім де, қуаныш та, мұң да қатар жүруі шарт. Үнемі мақтаудан, мақтанудан, тамсанудан қызық дүние шықпайды. Оның өлеңдерінен әртүрлі көңіл-күйлерді, тіпті қилы мінездерді байқау қиын емес. Қадыр әкесінен ерте айырылғандығын, жалғыздығын өлеңдерінде көп аңғартады. Ол әкесінің тағдыры арқылы күллі еліміздің тағдырын айтуға тырысады. Осынау азғантай арнау өлең ішінде жетпіс жылдық тарихымыздың көріністері сыр шертеді.

Ақынның том-том жыр жинақтарын оқып отырғанда туған жер, табиғат, адам болмысы, өткен-кеткен өмір елестері, ата-ана тағдыры, достық, жолдастық, махаббат, арман-үміт, бейнет-зейнет - бәрі-бәрі маржандай тізіліп тұр. Қадырдың ана туралы жырлары да жүрек тебірентеді. Анаңнан, өзіңнен басқа арқасүйер ешкімнің жоқтығы айналаңа ой көзімен қарауға, әр нәрседен сақтануға батыл әрекеттер жасауға бағыттайды. Қадыр қазақтың барлық ұлы адамдары туралы өлең жазды. Шоқан, Ыбырай, Исатай, Махамбет, Біржан сал, Қажымұқан туралы жеке жырлары бар. Тіпті Әл-Фараби жөнінде де тереңінен толғап жазған. Абайға қайта-қайта оралуының да ар жағында ұлы жандардың рухани байлығын байқау қиын емес. Ол елді-жерді көп аралаған. "Өзбек өңірінде", "Қырғыз құшағында", "Тәжік топырағында", "Түркімен төрінде" атты циклдары жай ғана бір жолаушының көзқарасы, әсері емес, сол елдердің қадір-қасиетін, ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерін халыққа таныту ниетінен туған. Қырғыз, тәжік, түркімен елдеріндегі таңғажайып елестер ақынның қаламы тигенде өзгеше бір көрініс, әсерге  бөленеді. Ұлы адамдар арқылы ізгілік, қасиеттілік, адамзат өміріне әкелген жаңалық сияқты үлкен ұғымдар бізге көркем тіл, бейне арқылы жетіп тұр. Оның табиғат, аң-құстар жөнінде жазған өлеңдері де жеке зерттеуге тұрарлықтай дүние. Себебі, ол бәрін біліп жазады. Терең ойлар, телегей теңеулер Қадыр Мырзалиевке төл дүние секілді. 

Ж. Исакаев