- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Пирло Ювентусты жеңімпаз...
Пирло Ювентусты жеңімпаз клубқа айналдыра ала ма?
Бүгінгі азулы клуб Ювентустың дамуы 2010 жылдың мамырында Андреа Аньелли басшылыққа келген кезде басталды. Бұған дейін клуб В сериясынан оралған еді. Ал клуб ішінде талас-тартыс қызу жүріп жатты.
Аньелли мұның бәрін реттеуге кірісті. Ең үлкен өзгерістердің бірі – Беппе Мароттаның келуі болды. 2010 жылдың қазанында ол "Ювентустың" бас менеджері қызметіне тағайындалды. Клуб бір жыл ішінде өсіп, 2011 жылғы чемпионатта чемпион атанды. Содан бері, қатарынан тоғыз рет А Сериясында оған тең келетін команда табылған жоқ.
Кьеллинидің бапкерлері, қас дұшпаны және Мадридтегі жеңілісі туралы
Маротта Контені бапкерлікке шақырды, Пирло мен Видальді сатып алды. Бірінші маусымда-ақ "Юве" маусымды жеңіліссіз аяқтады. Жазда Поль Погбаны ұтымды сомаға сатып алды. Минимал шығын мен үлкен трансфер жасау Мароттаның принцибі еді. Осылайша, клуб дамып, Италияда алғашқылардың бірі болып, өзін бренд ретінде қалыптастырды. "Бізге революция емес, эволюция керек" – Беппе Мораттаның сүйікті сөзі болды.
©football24
Кейінгі онжылдықтың ортасында "Ювентус" Еуропаның үздік үш командасының біріне айналды. Үш жылда екі рет Чемпиондар лигасының финалына шықты.
Аньелли "клуб тек Чемпиондар лигасының финалында ойнап қана қоймай, компания ретінде кеңейіп, шынымен де үлкен клубқа айналып, ақша табуы керек" деп шешті. Алдымен клубтың логотибі өзгертілді, содан кейін киімдегі дәстүрлі "жолақтан" бас тартты.
Тағы бір маңызды қадам – Криштиану Роналдудың трансфері. Бұл жай ғана үлкен маркетинг емес, бүкіл Еуропаға "біз кімді қаласақ та сатып ала аламыз" деген мәлімдеме еді.
Аллегри мен Маротта ©championat.com
2018 жылы Ювентус Мароттамен қош айтысты. Мароттаның кетуіне бес күн қалғанда ФИФА оны үздік менеджер деп таныды.
"Біз Анеллимен тіл табыса алмадық. Ол кейінгі сегіз жыл ішінде клубтың өсуіне көп еңбек сіңірді. Мүмкін қазір "Ювентус" өсіп кеткен шығар", - деді Беппе кетіп бара жатып.
Шынында да, кейінгі жылдары "Ювентус" коммерциялық клубтың біріне айналды. Ресми сайттарда, мәлімдемелерде "Ювентус – бұл бизнес" деген сияқты сөздерді жиі кездестіре бастадық. Кейінгі уақытта "Ювентус" енді Вудвордтың "Манчестер Юнайтедіне" ұқсап бара жатқан сыңайлы.
Мароттаның кетуі әсіресе Аллегри үшін ауыр болды. Ол енді клубта әрдайым жаттықтырушыны түсінетін және қолдайтын адамынан айрылды.
"Шынымды айтсам, бұл мен үшін түсініксіз жағдай. Ол "Ювентусты" жеңімпаз клубқа айналдырды. Ол Еуропадағы ең жақсы менеджер еді. Мен не айтарымды білмеймін", - деді бас жаттықтырушы.
Мароттасыз және Криштианумен бірге Аллегри Туриндегі ең нашар маусымды өткізді. Спорт баспасөзі сол кезде Аллегридің клубтағы беделі төмендеп, ол трансферлерді басқара алмай жатыр деген ақпарат таратты.
©news.sportbox.ru
Бұл қауесет болғанымен, шындап келгенде клуб маңызды ойындарда ұтылып қалып жатқан еді. Аллегри команданы тиімді пайдалана алмады, Роналдуды өз формасында ұстай алмады, ол португал футболшысын өз тактикасына бейімдеуге тырысты.
Оның үстіне, клуб Еуропада үздік болғысы келді, ал Аллегридің прагматикалық футболы бұған сәйкес келмеді. Осы кезде клубқа Сарри келді. Сарридің алаңдағы көзқарасы, іскерлігі, шабуылды жылдам ұйымдастыратыны клуб басшылығына тартымды футбол сияқты көрінді.
Бұл Ювентустың ең үлкен қателігінің бірі еді. Бәлкім, Маротта болғанда ешқашан мұндай әрекетке бармауы да мүмкін болатын. Себебі Сарри жүйесінің Роналду стиліне мүлде сәйкес келмейтіні анық. Яғни, футбол тұрғысынан алғанда клуб екі кері бағытты біріктіру арқылы артқа қарай үлкен қадам жасаған сияқты әрекет жасады.
©kommersant.ru
Пирло қаншалықты дұрыс шешім?
Бір маусымнан кейін "Ювентус" Сарриді қызметінен босатты. Алдыңғы стильге, прагматизмге және тартымсыздыққа оралудың қисыны жоқ болатын. Жұлдыз ойыншы Роналдудың команда сапында болуы клубқа қысымды жақсы көретін жаттықтырушыны алу да дұрыс шешім емес еді. Осындай қиын кезеңде «Ювентус» ешкім күтпеген қадам жасады. Клубқа өмірінде ешқашан бапкер болып көрмеген, тіпті кішкентай балаларды да жаттықтырмаған Пирлоны бапкер етіп тағайындады.
Бір жағынан, бұл өте қате шешім сияқты көрінеді: Сарри кетті, дағдарыс кезеңі, кандидат жеткіліксіз. Бірақ Пирло нұсқасы болашаққа негізделген жақсы ойластырылған жоспар сияқты.
Біріншіден, тәжірибесіз жаттықтырушыны тағайындаудың өзі батылдық. Бұл Ювентустың жаңа стилінің бірі. Ал жас жаттықтырушының өз стилін табуы – бұл процесс.
Екіншіден, Еуропадағы трендке жауап беру: Гвардиола, Зидан, Лэмпард, Сулшер сияқты аңыздар аты шулы клубтарды жаттықтырып жүр. Пирло да – бүкіл әлем футбол жанкүйерлерінің сүйіктісі.
Үшіншіден, Сарриден кейін "Ювентустың" қателесуге құқығы жоқ. Екі рет қатарынан қателесу клубтың беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан жас жаттықтырушыға мүмкіндік беру – ойластырылған шешім. Егер ол жетістікке жете алмаса "Пирлодан не шығатынын қайдан білдік? Ол бұрын бапкер болмаған тәжірибесіздігінен осы жағдайға тап болды" деп өздерін ақтап алатын. Егер, Пирло Зидан мен Гвардиоланың жетістігін қайталаса онда клуб басшылығы "біз футболдағы данышпандармыз" деп айтатыны анық.
Футбол жаңа дәуірге аяқ басуы үшін жаңа қаһармандар керек
Пирлоның жоспары бойынша оның командасы жойқын шабуыл ұйымдастырып, тартымды және заманауи футбол көрсетуі керек. Ол бұл туралы көп айтады Оның сөзі басшылыққа ұнайды. Әрине, әзірге мұның бәрі Пирлоның арманы ғана.
Шындап келгенде 2016/17 жылғы сол ЧЛ финалынан кейін "Ювентус" бұл деңгейге қайта жете алмады. Клуб тіпті жартылай финалға шыға алмады. Дегенмен, "Ювентус" қазір футболдағы ірі бизнес-империялар бестігінде. Сондықтан клуб кейде футбол нәтижелеріне зиян тигізетін, бірақ үлкен ақша әкелетін шешімдер қабылдайтынына таң қалмаңыз.
©vbetnews.com
"Ювентустың" жоспары Гвардиола ма?
Осындай себептермен Пирло басшылыққа қолайлы нұсқа болып тұр. Оны уақыты келгенде орнынан оңай босатуға болады. Бір жағынан Гвардиоланың "Манчестер Ситимен" келісімшарты келесі жазда аяқталады. Қазір "Ситидің" АПЛ-дегі аяқ алысы жылдағыдай емес, ала-құла ойын көрсетіп жүр. Мүмкін Анелли Гвардиолланы алып келуді басынан бастап ойластырып, жоғары жалақы талап ететін тәжірибелі бапкер тағайындамаған шығар? Пеп Гвардиола көптен бері "Ювентустың" арманы болатын. Футболда не болатыны белгісіз, бірақ бұл шешім орындалса Роналдудың трансфері кезіндегідей спорт БАҚ өкілдері аузынан, беделді гезет-журналдардың басты бетінен "Ювентус" клубының тағы да түспейтіні анық болып тұр.
Т. Раушанұлы