- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Атақты футболшыға айналған...
Атақты футболшыға айналған көше сырлаушы
Ресейде өтетін әлем чемпионатының фавориттерінің бірі - Бразилия ұлттық құрамасы. Оның капитаны һәм бас жұлдызы – ПСЖ шабуылшысы Неймар. Бірақ құрамада Неймардан басқа да жұлдыздар бар. Солардың бірі – 21 жастағы "Манчестер Сити" шабуылшысы Габриэль Жезус.
Бірнеше жыл бұрын ол ұлттық құраманың киімін киюді тек армандайтын. Жезус алғаш футболды түрме аймағындағы құм майданда ойнаған. Өткен әлем чемпионатын теледидардан қарап, тек жанкүйер бола алған. Көшеде сырлаушы да болған. Ал биылғы әлем чемпионатында барлығы басқаша. Ол көше сырлаушысы емес, бір елдің үміт артар азаматы, футболшысы.
Жезус Сан-Паулу қаласының кедей ауданында туып өскен, футбол ойнауды көшеден бастаған. 8 жасында жергілікті футбол мектебіне барған. Құрдастары қылмыстық істерге араласып, көшеде атысып жүргенде ол бірде-бір жаттығуды құр жібермей, тек футболмен өмір сүрген. Соның нәтижесі болар бірнеше жыл өткесін Сан-Паулу қаласының ең атақты клубы "Палмейрас" академиясына қабылданады. Ол жерде Жезус бір маусымда 22 ойын өткізіп 37 гол соғады. Қысқасын айтқанда жергілікті жұлдызға айналады.
2014 жылы Бразилия әлем чемпионатын өз жерінде қабылдады. Мұндай үлкен шараға барлық бразилиялық дайындалды. Көптің қатарында Жезус та өз қаласының көркеюі үшін жол жиектерін бояп шығады. Ол уақытта Жезус 17 жаста болып, "Палмейрас" жастар командасында ойнайтын. Ұлттық құрамада ойнауды армандайтын.
2016 жылы Жезус Бразилия ұлттық құрамасына шақырту алады. Неймармен бірге бір сапта ойнап Рио-де-Жанейро Олимпиадасы алтын медалін жеңіп алады.
Кейін ол Еуропа клубтарының көзіне түсіп, "Манчестер Ситиге" келеді. Ситимен бірге ел чемпиондығын да жеңіп алады. Жалпы, айтқанда ұлттық құраманың негізгі ойыншысына айналады. Жақында ғана Хорватияға қарсы өткізілген (2:0) жолдастық кездесуде Жезус командаластарын капитан ретінде алаңға бастап алып шықты.
Жезус туып өскен жерінде оның суреттері үйлердің қабырғаларына салынып жатыр. Ол суретте футболшының қолында телефонмен қоңырау шалу ишарасы бейнеленген. Жезус голдарын осы ишарада тойлайды. Өзінің ержетуіне көп көмектескен анасына осылай алғысын айтады. Тағы бір, сөздерге қарағанда бала махаббаты кезінде оның қоңырауларына жауап бермей қойған. Бұлай тойлау: "енді маған қоңырау шал" деген ишараны білдіреді екен.
Қазіргі күнде Габриэль 14 маусым күні Ресейдегі әлем чемпионатына дайындалуда.
"Тіпті ең зор армандарымда да мұндай биіктерге жетемін деп ойламағанмын. Білемін, көптеген балақайлар сол кездегі әлем чемпионаты алдында көшелерді бояп шықты. Бәлкім, олар топ клубтарда ойнамай жатқан болуы мүмкін. Бәлкім оларға ұлттық құрамада ойнаудай биіктерге шыға алмайсың деп жатқан болулары мүмкін. Бірақ, мен оларға арман орындалуы үшін күресті тоқтатпауды айтар едім",– дейді Жезус.
Т. Раушанұлы