"Манчестер Сити" маусымда алғаш рет ұтылды

"Манчестер Сити" маусымда алғаш рет ұтылды
Фото: ftbl.ru

Хосеп Гвардиола жаттықтыратын "Манчестер Сити" футбол клубы 2017/2018 маусымдағы ағылшын премьер-лигасында алғаш рет ұтылды. Жеңіліссіз келе жатқан команда ХХІІІ турда "Ливерпульге" есе жіберді.

"Энфилд" стадионында өткен ойын нәтижелі болды. Кездесуде Юрген Клопп жаттықтыратын алаң иелері 4:3 есебімен жеңіске жетті.

9 минутта  Алекс Окслейд Чемберлен "Ливерпульді" алға шығарды. Алайда бірінші тайм аяқталғанша "Манчестер Сити" есепті теңестіре білді. 59 минутта Роберто Фирмино алаң иелерін алға шығарды. Араға екі минут сала Садьо Мане қонақтар қақпасына үшінші голды тоғытты. 68 минутта қақпашы Эдерсонның қателігін ұтымды пайдаланған Мұхаммед Салах есепті 4:1-ге жеткізді.

Ойын аяқталар уақытта "Манчестер Сити" қамшы басты. 84 минутта ойынға жаңадан қосылған Бернарду Силва есепті қысқартты. Ал негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттардың бірінде Илкай Гюндоган "қалалықтардың" ойындағы үшінші голын соқты.

ХХІІІ турдан 62 ұпай жинаған "Манчестер Сити" көш бастап келеді. Екінші орында тұрған "Манчестер Юнайтедтен" 15 ұпайға озып тұр. "Қызыл сойқандар" бүгін түнде (Астана уақытымен түнгі сағат 02:00-де) "Сток Ситимен" кездеседі.

Ө. Сансызбай