Пхенчхандағы қысқы Олимпиадада ең көп жүлде алған 7 спортшы

Пхенчхандағы қысқы Олимпиадада ең көп жүлде алған 7 спортшы
Фото: Wikimedia Commons, Verdict, google.kz

Бір Олимпиадада бірнеше жүлде алып, өз құрамаларын алға сүйреп жүрген спортшылар жетерлік. Оңтүстік Корея жерінде өткен төртжылдықтың басты додасында да осындай жетістіктерді бағындырған спортшыларды көрдік.

Кеше Пхенчхандағы Олимпиадаға екі бірдей спорт түрінен қатысып, екеуінен де алтын алған чех спортшысы Эстер Ледечка жайлы жазған едік. Бүгінгі айтпағымыз, алтынмен апталып, күміспен күптелгендер хақында.

1-2. Йоханнес Хёсфлот Клебо (Норвегия) – 3 алтын

Пхенчхандағы ақ Олимпиада норвег шаңғысы үшін аса сәтті өтті. Үш бірдей алтын медаль жеңіп алды. Эстафеталық сайыс, командалық спринт пен жекелей спринттік жарыста жеңімпаз атанды. Нәтижесінде ең соңғы 50 шақырымдық марафонға қатысқан жоқ.

21 жастағы спортшы алғашқы Олимпиадасының өзінде-ақ жоғары жетістікті бағындырып отыр. Қазіргі таңда Әлем кубогы кезеңінде көш бастап келеді.

1-2. Мартен Фуркад (Франция) – 3 алтын

Олимпиада алдында Gracenote агенттігі француз биатлоншысы 4 алтын 1 күміс медаль алады деп болжаған еді. Мартен дәл осындай жетістікке жетпесе де, жоғары нәтиже көрсетті. 3 алтын медаль жеңіп алды. Франция құрамасымен аралас сайыста және ізге түсу мен 15 шақырымдық масс-стартта жеңімпаз атанды.

Мартен Фуркад 2010 жылы Ванкуверде – 1 күміс, Сочиде 2 алтын 1 күміс алған болатын.

3. Марит Бьорген (Норвегия) – 2 алтын 1 күміс 2 қола

Норвег шаңғышы қызы Пхенчханда 2 алтын 1 күміс 2 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде қысқы Олимпиада ойындары тарихында ең көп жүлде алған спортшы атанды.

Марит Бьорген 2002 жылғы Солт-Лейк Сити Олимпиадасынан бастап қатысып келеді. Алғашқы жүлдесін Туриндегі Олимпиадада (2006 ж) алған. Жалпы төрт Олимпиадада 8 алтын 4 күміс 3 қола медаль жеңіп алған.

4-5. Мартин-Йонсруд Сундбю (Норвегия) – 2 алтын 1 күміс

Норвег шаңғышысынан бұдан да жоғары нәтиже күтілген. Әйтсе де спортшы үшін осы жетістігі де тақиясына тар емес. 4х10 шақырым эстафета мен спринтте алтын алса, 15 шақырымдық скиатлон сайысында күміс медаль иеленді.

4-5. Симен Хегстад Крюгер (Норвегия) – 2 алтын 1 күміс

Пхенчханда жұлдызы жанған спортшылардың бірі – Симен Хегстад Крюгер. Норвег шаңғышысы ұлттық құрамаға ілігіп, Олимпиадаға келді. Олимпиадада скиатлон мен эстафеталық сайыста алтын алды. 15 шақырымдық жекелей сында күміс медаль еншіледі.

6-7. Эрик Френцель (Германия) – 2 алтын 1 қола

29 жастағы неміс спортшысы үшін де Пхенчхандағы жарыс сәтті өтті. Шаңғы қоссайысынан бақ сынайтын спортшы 2 алтын 1 қола еншіледі. Сочиде 1 алтын 1 күміс алған. Ванкувер Олимпиадасының қола жүлдегері.

6-7. Лаура Дальмайер (Германия) - 2 алтын 1 қола

Неміс биатлоншы қызынан жаттықтырушылары бұдан да жоғары нәтиже күтті. Дегенмен Дальмайер 2 алтын 1 қола медальмен шектелді. Командалық сайыстарда жүлделі орыннан көріне алмады. 10 шақырымдық ізге түсу мен 7,5 шақырымдық спринттік сайыста алтын алды. 15 шақырымдық жекелей cайыста қола жүлде еншіледі.

2 алтын медаль алған 14 спортшы:

1. Чхве Мин Джон (Оңтүстік Корея, шорт-трек)
2. Эстер Ледечка (Чехия, тау-шаңғы спорты)
3. Франческо Фридрих (Германия, бобслей)
4.
Йоханнес Ридцек (Германия, шаңғы қоссайысы)
5.
Кьелд Нёйс (Нидерланд, коньки спорты)
6. Марсель Хиршер (Австрия, тау-шаңғы спорты)
7. Нана Такаги (Жапония, коньки спорты)
8.
Натали Гайзенбергер (Германия, шана спорты)
9.
Рагниль Хага (Норвегия, шаңғы спорты)
10.
Скотт Моир (Канада, мұздағы би)
11.
Тесса Вертью (Канада, мұздағы би)
12. Торстен Маргис (Германия, бобслей)
13.
Тобиас Арльт (Германия, шана спорты)
14. Тобиас Вендль (Германия, шана спорты)

Айта кетейік, жалпыкомандалық есепте 14 алтын 14 күміс 11 қола медаль еншілеген Норвегия құрамасы бірінші орын алды. Екінші орынға Германия құрамасы (14 алтын 10 күміс 7 қола) ие болса, үздік үштікті Канада құрамасы (11 алтын 8 күміс 10 қола) түйіндеді. Қазақстан құрамасы бір қола жүлдемен 28-орыннан көрінді.

 

О. Сансызбай