Олимпиада ойындарында өзге ел атынан жүлде алған қазақтар

Олимпиада ойындарында өзге ел атынан жүлде алған қазақтар
Фото: Barometr.kg, e-history.kz, NBC Olympics, spb.kp.ru

Олимпиада ойындарына өзге ел атынан қатысып, жүлделі орыннан көрінген қаны қазақ спортшылар біршама. Күні кеше биатлоннан Беларусь құрамасы сапында Динара Әлімбекова Пхенчхандағы қысқы додада чемпион атанды.

Қош, Динара Олимпиада ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақ қызы. Ал Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан қазақ қызы - Алданыш Рамазанқызы. Жеңіл атлет 1964 жылы Моңғолия құрамасы сапында Токио Олимпиадасына қатысқан. Қазір Моңғолияда тұрады. Ұлты қазақтан алғашқы олимпиада жүлдесіне ие болған Ғұсман Қосанов та 1960 жылы Рим Олимпиадасына Молдованың атынан қатысқан.

Эстафеталық сайыста Беларусь құрамасының қоржынына алтын жүлде салған Динара Әлімбекова Қарағанды облысы Абай ауданында 1996 жылы дүниеге келген. Әкесі – қазақ, анасы орыс ұлтынан. Динара 3 жасқа толғанда ата-анасы Беларусь еліне қоныс аударған. Сұхбаттарында өзін беларус санайтынын да айтқан. Әкесімен бірге тұрмайтыны жайлы да деректер бар. Қазақстан құрамасынан спортшыға ұсыныстар түспеген. Енді түссе де қабыл алуы екіталай секілді. Себебі Беларусь елінің жаттықтырушылары 22 жастағы қаны қазақ спортшысының болашағынан зор үміт күтіп отыр. Ол 2015 жылы Минскіде биатлоннан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында да эстафеталық жарыста алтын медаль жеңіп алған. 

Қазақ қызы алған Олимпиададағы алғашқы алтын – Беларусь құрамасының қоржынында кетті. Ал Олимпиада ойындарында чемпион атанған тұңғыш қазақ – баскетболшы Әлжан Жармұхамедов. Ол 1972 жылы Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы азаматы ретінде КСРО құрамасы сапында Мюнхен Олимпиадасына қатысты. Аса тартысты өткен финалда АҚШ құрамасын ұтып, чемпион атанды. Биыл осы бір тарихи оқиғаға қатысты "Движение Вверх" деген фильм де жарыққа шықты. Онда КСРО құрамасының жарқын жетістігі баяндалады.

Әлжан Жармұхамедов 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадағада қатысып, қола жүлдегер атанды. Баскетболшы қазір Мәскеуде тұрады.

Қырғызстан құрамасы сапындағы тұңғыш Олимпиада жүлдесін де қаны қазақ спортшысы иеленген. 2000 жылы Сиднейде өткен төртжылдықтың басты додасында Айдын Смағұлов дзюдодан қола жүлдеге қол жеткізді. Осы спорт түрінен Олимпиадада жүлде алған тұңғыш қазақ. Қазақстандық спортшы ұлттық құрамаға іліге алмаған. Нәтижесінде айыр қалпақты ағайынның намысын қорғауға бекінген.

Айдын Смағұлов осы жылдың басында Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды.

Бүгінде кәсіпқой бокста қазақ елінің намысын қорғап жүрген Қанат Ислам 2008 жылы Қытай құрамасы сапында қола жүлдегер атанғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Қандасымыз 2010 жылы атажұртқа оралып, 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алды. Қазір кәсіпқой бокста бірінші орта салмақта жұдырықтасып келеді. 25 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. WBO NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерінің иегері.

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында Өзбекстан құрамасының қоржынына түскен бір қола медальды қаны қазақ спортшысы балуан Елмұрат Тасмұратов иеленді. Ол да ұлттық құрамаға іліге алмай, Олимпиадаға көрші ел балуандарымен бірге барды.

Елмұрат Тасмұратов ОҚО-дағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт интернатының түлегі. Азияның үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлде иеленген.

Жалғыз Олимпиада ойындары ғана емес, түрлі халықаралық додаларда өзге ел атынан шығып, жүлде алып, жеңімпаз атанып жүрген спортшыларымыз жоқ емес, баршылық. Қазақ елінің атынан қатыспауына да түрлі себептер бар екені анық. "Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ" дегендей, кез келген спортшы Олимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаздар тұғырынан көрінуді армандайды. Қайда жүрсе де қазақ қандастарымыздың биіктен көрінуіне тілектеспіз.

О. Сансызбай