- Негізгі бет
- Техно
- Осы аптада жарық...
Осы аптада жарық көрген смартфон нарығындағы соңғы жаңалықтар
Смартфон нарығында апта сайын түрлі жағдай орын алып, әлемге сан мың жаңалық тарайды. Оған себеп, бәсекелестіктің жоғарылығынан жаңа технологияның айтарлықтай дамуы. Баспасөз беттерінде, интернет порталдарда жақында шығатын iPhone смартфондары сөз болуда. Оның бағасы, түр-түсі, көлемі, артықшылықтары жайлы шетелдік басылым үздіксіз хабарлап жатыр.
Осындай жаңалықтың бірі, Apple компаниясы iPhone смартфондарына қолданушының денсаулығын, физикалық жағдайын хабарлап тұратын микроқұрылғы орнату үшін арнайы инженер маман іздестіріп жатыр. Негізінде, компания өнімі Apple Watch ақылды сағаттары қолданушының жүрек қағысын нақты есептей алады. Дәл осы функцияның арқасында Австралиялық 24 жастағы азамат бір өлімнен аман қалғанын осыған дейін хабарлаған едік. Мінекей, осы артықшылықты Apple енді iPhone смартфондарына енгізіп, оның мүмкіндіктерін кеңейтіп, қолданысқа енгізу жолын іздестіріп жатқанға ұқсайды.
Келесі айда сатылымға шығатын iPhone Х және iPhone X Plus смартфондарының жеке стилусы (қалам) шықпақ. Алайда бұл жаңалықты Тайвань инсайдерлері таратқандықтан, бұл ақпарат нақты факт ретінде расталмады. Apple Pencil тек OLED экрандарда жұмыс істейтіндіктен, жарыққа шығатын iPhone смартфонының үшіншісі бұл функциямен қамтамасыз етілмеген.
Ең мықты экранға ие смартфон анықталды. DisplayMatе сарапшылары смартфон нарығындағы ең мықты экран қандай смартфонда орналасқанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл – Samsung Galaxy Note 9 флагманына орналастырылған SuperAMOLED-дисплейі. Басқа смартфондармен салыстырғанда, Samsung компаниясының соңғы өнімінде орналасқан экран түстерді қанық қылып көрсетеді. Бұл смартфон 9 тамыз күні Нью-Йоркте ресми түрде таныстырылды.
Samsung Galaxy Note 9 смартфонының тағы бір артықшылығы – оның батареясы. Сарапшылар смартфондардың аккумулятор қуаттылығын тексеру үшін, таңдалған телефондардың жарығын ең жоғарғы деңгейге дейін көтеріп, бір уақытта барлық телефонмен ең күрделі ойындарды ойнаған. Нәтиже бойынша, Samsung Galaxy Note 9 флагманының қуаты 8 сағат 58 минутқа жеткен. Осы көрсеткішпен ол үшінші орынға жайғасты. Екінші орынды Samsung өнімінен 1 минутқа артық жұмыс істеген Google Pixel 2 XL смартфоны иеленсе, 1 орынға 10 сағат 35 минут тоқтаусыз жұмыс істеген iPhone 8 Plus ие болды.
Осыдан кейін, сынақтың екінші кезеңінің талабы бойынша, смартфондардың қаншалықты тез қуатталатыны тексерілді. Нәтижесінде, Samsung Galaxy Note 9 109 минутта толық қуатталды. Бұл көрсеткішпен аталған смартфон бесінші орынға жайғасты. Оның алдына Note 8, S9+, OnePlus 6, LG G7 ThinQ сияқты флагмандар жайғасқан. Ал бірінші кезең бойынша үздіктер қатарына енген iPhone 8 Plus пен Google Pixel 2 XL әлде қайда баяу қуаталатыны анықталды. Демек, бұл нәтиже арқылы Samsung Galaxy Note 9-дың батареясы тез қуатталып, сол қуат бірнеше уақытқа еркін жететін аңғарамыз. Бұл смартфонның негізгі артықшылықтарының бірі ретінде таныстырылым барысында айтылған еді.
Blackberry компаниясы жаз соңына дейін жаңа смартфон шығаруды жоспарлап отыр. Инсайдер Эван Бласстың хабарлауы бойынша, смартфонның ресми таныстырылымы 30 тамыз күні Германияда өтуі мүмкін. Смартфон Blackberry Key2 LE деп аталады. Нарыққа $650 (234 000 тенге) шамасындағы бағамен кірмек. Бюджеттік смартфонға Blackberry телефондарының қалыптасқан дәстүрі бойынша батырмалар орналастырылады. Одан бөлек, құрылғының жедел жады 4 ГБ, аккумулятор қуаттылығы 3000 с/мА болмақ. Негізгі және фронтал камералар 13 және 5 мегапиксельмен суретке түсіреді.
А. Қажиев