Apple Watch адам өмірін сақтап қалды

Apple Watch адам өмірін сақтап қалды
Фото: fromthegrapevine.coм, AppleInsider.ru

Жүрек қағысын есептеп отыратын функцияға ие Apple компаниясының ақылды сағаты 24 жастағы австралиялық азаматты өлімнен аман алып қалды. Бұл туралы 9NewsAustralia ақпарат агенттігі хабарлады.

Осы жағдайға тап болған кейіпкер Майк Лавтың айтуынша, ол ұйықтап жатып кенет қолындағы сағаттың дабыл беріп, тоқтаусыз дірілдеуінен оянып кеткен. Сағаттың экранына қарап, қалыпты жағдайда минутына 60 рет соғатын жүрек ұйықтап жатқан уақытта 130-140 мәрте соққанын көрген. Apple Watch мұндай жағдайда жедел-жәрдемді шақыру керектігін ескертіп, иесіне ауруханаға баруды талап еткен. Гаджеттің ескертпесіне құлақ асып, бірден жедел-жәрдем шақырған Майк өзінің дұрыс шешім қабылдағанын кейін дәрігерлерден естіді.

Дәрігерлер шұғыл шақырту бойынша келгеннен кейін, науқастың жүрегін тексеріп, соңында ауруханаға алып кетеді. Ауруханада жүректі толық тексерістен өткізіп, нәтижесінде науқаста сирек кездесетін жүрек ұстамасы байқалғанын хабарлаған. Тамыр арқылы сол жақ жүрекшеге өтетін қан оң жақ бөлікке аққандықтан осындай күтпеген жағдай орын алған. Дәл уақытында науқасты ота бөлмесіне кіргізген дәрігерлер отаны сәтті аяқтап Майкты бірнеше аптадан кейін үйіне қайтарды.

Дәрігерлердің айтуынша, егер науқас бірнеше минут кеш хабарласқанда онда өмірінің жалғасуы екіталай еді. Осылайша, бір өлімнен аман қалған 24 жастағы Майк енді ешқашан Apple Watch-ты қолымнан шешпеймін деп отыр.

Ақылды сағаттар көлік қақтығысы кезінде, сырқаттанған жағдайда автоматты түрде жедел-жәрдемге хабар беріп, GPS арқылы мекенжайды көрсетіп иесін өлімнен алып қалған жағдайлар бірнеше рет кездесті. Осындай оқиғаның бірі биыл маусым айында болды. Австралияда кісі өлімі орын алып, қайтыс болған адамды кім өлтіргені жайлы нақты дәйектер болмаған. Соның салдарынан, нақты факт болмаса да, осы аумақтан өтіп бара жатқан жүргінші бейнетаспаға түсіп қалғандықтан ол күдікті деп танылып, абақтыға қамалады. Осы оқиғада айыпталуышының қорғаушысы қырағылық танытып, кінәсі жоқ адамды қорғап қалды. Адвокат іспен танысу барысында өлген адамның қолынан Apple Watch сағатын байқаған. Ол ақылды құрылғыны қарап, оның барлық функцияларына зерттеу жүргізе келе, өлген адамның жүрегі айыпталушының камераға түскен уақытынан бірнеше уақыт бұрын тоқтағанын дәлелдеді.

Apple Watch жүрек қағысын есептеп қана қоймай, сонымен қатар аурудың алғашқы белгілері арқылы диагноз да жасай алады. Алдағы уақытта, бұл функцияға тағы бірнеше өзгертулер енгізіліп, сағаттың көмек көрсету мүмкіндігі одан ары артатын болады. Соның бірі, аурудың пайда болуына әсер еткен жағдайларды анықтап, экранға көрсетіп отыратын статистика болмақ.

Apple Watch көмегімен өмірін сақтап қалған адамдар бар екенін білдік. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, бұл сағатты қолданамын деп басы дауға қалған қолданушылар да бар.

Канадалық азаматша көлік жүргізу кезінде қолсағатына қараймын деп полицейдің көзіне түсіп, соның салдарынан салық төлеуге мәжбүр болған. Полицейдің баяндауы бойынша, жүргізуші бағдаршамның қызыл түсі жанғанда тоқтап, жасыл жанғанда алға жүрмей көліктің қозғалысына кедергі жасаған. Полицей көлікке жақындап барғанда азаматшаның смарт сағатқа қарап отырғанын көреді. Осылайша, жол сақшысы заң жүзінде іс қозғап, жүргізушіге белгілі сомада айыппұл салған. Айыпталушы уақытты білу үшін сағатқа қарадым деп ақталғанымен айыппұлдан айналып кете алмады.

Еске сала кетейік, Канадада көлік жүргізушілеріне қозғалыс кезінде электроникалық құрылғыларды қолдануға тыйым салынған. Жоғарыда айтылған оқиға осы заңның шеңберінде жүзеге асып отыр.

А. Қажиев