Онлайн-олжа: Seek – флора мен фаунаға арналған Shazam аналогы

Онлайн-олжа: Seek – флора мен фаунаға арналған Shazam аналогы
Фото: code.oursky.com, Seek by iNaturalist

Seek – iNaturalist компаниясы жасаған жаңа бағдарлама. Оны Shazam аналогы ретінде тануға болады. Бірақ Seek әлемдегі флора мен фауна атаулыны жазбай танитын бағдарлама.

Оның негізгі базасы әлемдегі барлық өсімдік пен жануар атаулыға негізделген. Флора немесе фауна түрін анықтау үшін, жануарды, өсімдіктің гүлін немесе жапырағын, суретке түсіріп, сканерлеу жеткілікті. Ары қарай бағдарлама орналасқан мекеннің табиғатына қарай іздеген тірі организмді тауып алып, оған анықтама береді. Керек десеңіз, тапқан "олжаңызға" қатысты Wikipedia-дан мақала тауып береді. 

Бағдарлама жасақтаушыларының айтуынша, Seek адамдардың қоршаған ортаны танып білуіне, табиғатқа  жақын болуына көмектеседі. Бағдарламаға геолокация мәліметтері берілсе, ол жақын аумақтағы кең тараған өсімдіктер мен жануарлар жиынтығын ұсынады. Әр түсірілген сурет пен объект қолданушының жеке коллекциясына жинақтала береді. Оларды кейін бағдарламаға тіркелген өзге қолданушылармен бөлісіп, сурет түсірілген аймақты, флорасы мен фаунасын талқылауға болады. Өзге қолданушылармен қарым-қатынас барысында бейтаныс, жаңа өсімідіктердің аймағын сұрастырып білуге де болады. Себебі бұл істі хоббиге айналдырған, табиғат әлеміне қызығатындар кез келген жерде табылады. 

іOS-қондырғыларға арналған бұл бағдарлама қорында қазіргі таңда гүлдер, қосмекенділер, саңырауқұлақтар, балықтар, бауырымен жорғалайтындар, өрмекші тәрізділер, құстар, көбелектер, ұлулар, сүтқоректілердің 30 мыңнан астам түрі бар. Бірақ бұл қор әлі де толықтырылмақ. Қолданушылар өздері де бағдарламаға жануарлар мен өсімдіктер түрін енгізсе болады.

Massaget.kz