Өнер адамзат шекарасынан өтпек: Аспанда арт-нысан пайда болады

Өнер адамзат шекарасынан өтпек: Аспанда арт-нысан пайда болады
Фото: telegraf.com

SpaceX-тің Falcon зымыраны 9 қарашада ғарышқа түнгі аспанда жарық шашып тұратын арт-жобаны алып шығады. Orbital Reflector деп аталатын бұл жобаның ұйымдастырушысы америкалық фотограф, оператор және саясат белсендісі Тревор Пэглин есімді азамат.

"Мен басқа жобалармен айналыса жүріп, ұзақ уақыт бойы аспанға әскерилер иелік етіп келе жатқандығына назар аудардым. Мұны өзгерту керектігі туралы да көп ойладым. Осындай ерекше арт-нысан жасау мен үшін маңызды болды. Себебі, осы оқиға бір сәтке болсын әлем жұртшылығын көшеге шығарып, аспанға көз салғызса екен", – дейді 44 жастағы фотограф. 

Жоба жоспарына қарағанда зымыран аяқкиім өлшеміндегі темір құтыны ғарышқа алып шығады. Бұл құтыда ыстыққа төзімді үрленетін пленкадан жасалған жасанды серік болады. Жерден 560 шақырым биікке көтерілгеннен кейін құтыдан 30 метрлік арт-нысан бейнеленген пленка парашют сынды ашылады. Пленка күн нұрына шағылысатын қасиетке ие. Осының арқасында ол түнде ай сынды өзінен нұр таратып тұрады. 

Үш жыл бойы Пеглин осы идеяны Невада штатының бейнелеу өнері мұражайымен бірлесіп іске асыруға тырысты. Жобаның құны 1,3 миллион долларға бағаланып, бұл сома жеке қайырымдылық көмектерінен жиналды. 

"Өнерде мен үшін ең бастысы адамдарға әлемді ерекше бұрыштан көруге мүмкіндік беру", – дейді жоба авторы. Тревордың есебінше, арт-жоба 3 ай бойы аспанда жарқырап тұрады. Оны көру үшін телескоп немесе арнайы құралдың қажеті де жоқ. 3 айдан соң ол атмосфераның төменгі қабатына түсіп жанып кетеді.


Т. Раушанұлы