- Негізгі бет
- Техно
- Компьютерлік ойындар бала...
Компьютерлік ойындар бала дамуына пайдалы
Кей ата-аналар балаларының компьютер және түрлі гаджеттерде ойын ойнауына қарсы. Олар ойындарды баланың миын сұйылтып, оның уақытын босқа алатын, іш пыстырарлық бағдарламалар деп ойлайды. Иә, әрине біздің балалық шақта мұндай ойындарды көрмедік. Сол себепті ме компьютер ойындары бала дамуына кедергі келтіретін дүние боп көріне береді.
Бірақ, мамандар бұл ойыңызбен келіспейді. Егер, компьютер ойындарының мөлшерін білсек бала дамуы үшін ол өте пайдалы дүние. Не себепті екенін төменде түсіндіріп өтуге тырысатын боламыз.
Әртүрлі тамақтың ағзамызға түрлі дәрумендерді бергені сияқты түрлі жанрдағы электрон ойындары да өзіне тән әсер ету күшіне ие.
Компьютер ойындар тарихындағы ең танымал ойындардың бірі – Марио атымен белгілі кейіпкердің қызықты саяхаттары. Кейіпкер шаршау дегенді білмей, баспалдақтан баспалдаққа мініп түсе береді, платформадан платформаға секіріп ұпай мен түрлі сыйлықтарды жинайды. Мұндай ойындарды платформерлер деп атайды. Осы ойынды ойнаған балаларда елгезектік, стратегиялық жоспар құру қасиеттері күшейген екен.
Ретро ойындардың бірі тетристер болса жағымсыз естеліктерді ұмыту, жаман әдеттерден тиылуға көмек берген.
Көру қабілеті
Рочестер университеті зерттеушілерінің анықтауынша, бірінші кейіпкер атынан ойналатын шутерлер (мысалы, аты аңызға айналған Call Of Duty ойыны) балаларға түрлі майда заттарды есте сақтауға, түрлі түстерді бір қарағаннан ажыратуға (мысалы сұр түсті бала түгіл ересектер бір қарағанда ажырату қиын) көп көмегін тигізеді. Бұл не үшін керек дерсіз?! Тұманды күні машина жүргізгенде түстер мен заттарды ажырату қиын болады. Осындай жағдайларда балаңыздың ойын ойнағаны көмектеседі.
Ми
Шутерлер бір уақытта бірнеше жұмысты атқарып балалардың өз-өзін ұстауға көмектессе, геймерлер бір істен екіншісіне оңай өтіп кету арқылы балаңызға басқа ортаға тез бейімделуге өз септігін тигізеді.
Жан саулығы
Адам қиялын дамытуға арналған казуальды ойындар (мысалы, Bejeweled) қарапайымдылығы мен достық қарым -қатынасымен ерекше. Заңдары қатты қиын емес. Егер, ойыншы қиналып қалса, оған не істеу керек екендігін түсіндіреді. Бұл ойын балаңыздың кішіпейіл, адамдармен тез тіл табысу сияқты қабілеттерін арттырады.
Бірақ, мынаны есте сақтаңыз, баланы қанша уақыт ойын ойнау керек екенін бақылап отырыңыз. Мамандар шутерлік ойындарды аптасына 5 сағаттан, казуальды ойындарды күніне жарты сағаттан артық ойнамауға кеңес береді. Компьютерлік ойындарды көп ойнау бала психологиясына кері әсер етуі де мүмкін.
Жаңа ғасырдағы жаңа технологияға біртүрлі қарамай балаңыз бәсекеге қабілетті болып өссін десеңіз компьютерлік ойындардың да пайдалы екенін біле жүріңіз.
Т. Раушанұлы