Power bank жайлы 5 дерек

Power bank жайлы 5 дерек
Фото: hightech.fm

Power bank (сыртқы аккумулятор) смартфонмен қатар жарыса өндіріліп келеді. Қолданушылар оны "түздегі құтқарушы" деп те атап кеткен. Назарыңызға power bank жайлы 5 дерек келтірмекпіз. 

1) Көлемі қанша үлкен болса, сонша сыйымды әрі қымбат 

Қалта қуаттағыштардың ең негізгі айырмасы – сыйымдылығы. Мысалы шартты түрде смартфоныңыздың аккумулятор күші сағатына 3000 мА (милиАмпер) делік. Ал power bank сыйымдылығы – 6000 мА. Демек қалта қуаттағыш арқылы смартфонды 2 рет толық қуаттауға болады. Әдетте сыйымдылығы үлкен қуаттағыштардың көлемі үлкен әрі бағасы да соған сай қымбатырақ келеді. 

2) Power bank смартфонға зиян емес, егер... 

Power bank зиян емес. Оның "табиғи" қуаттау процесінен еш айырмасы жоқ, егер құрылғы сертификатталған болса. Әр техника құралының өз IMEI коды болуы тиіс. Сол арқылы оның сапа стандартына сай жасалғанына көз жеткіземіз. Жаңасын сатып аларда оның жеке құжатын талап ету керек. Егер пираттық арзан түріне ұрынсаңыз, смартфоныңыздың аккумуляторын зақымдап, тіпті істен шығарып алу қаупі бар. 

3) Power bank ноутбукты да қуаттай алады 

Бұл – факт, бірақ барлығы бірдей қуаттай алмайды. Ол үшін құрылғының кернеуі 16-20 В болуы тиіс. Сонымен бірге ноутбуктың да қажет ететін қуат мөлшері де ескерілуі тиіс. 

4) Power bank-ты зақымдайтын – қуаттау сымы 

Power bank-пен бірге оны қуаттайтын USB-сымы көп жағдайда берілмейді. Ол үшін көп қолданушы смартфон сымын пайдаланады. Қуаттау сымы сертификатталмаған, арзан, нашар болса, смартфоныңызбен бірге қалта қуаттағышы да зақымдалады. Нәтижесінде power bank "өмірі" қысқара түседі. 

5) Power bank Күннен қуат алуға қабілетті 

Күн қуатын тоқ қуатымен қатар қабылдайтын қалта қуаттағыштар да бар. Алайда сапа стандартын сақтайтын өндірушілер санаулы ғана. Оларды ең бастысы қызып кетуден сақтаған жөн және Күн бұлттанған жағдайда құрылғы қуатты толығымен игермеуі мүмкін. Қысқасы, қалта қуаттағышының бұл түрі тек саяхатшылар мен сирек мамандық иелеріне ғана қолайлы.

Massaget.kz