Жаңа iPhone смартфондары таныстырылды

Жаңа iPhone смартфондары таныстырылды
Фото: apple.com

Былтыр iPhone X смартфоны Apple команиясы тарихындағы айтулы жаңалық болды. Ал күні кеше компанияның бас директоры Тим Кук Купертинода iPhone X сериясының жаңа Xs, Xs Max және Xr флагмандарын көрсетті. Оның айтуынша, бұл – Apple тарихындағы ең ілгері смартфондар. Жаңа модельдердің үздік болмауға еш қақы жоқ еді, әлбетте.

iPhone Xs дизайны өткен жылғы модельден айырмашылығы жоқ. Әйнек пен құрыштан  жасалған сол корпус, сол дизайн. Тек Xs Max қана өзінің 6.5 дюйм экранымен ерекшеленген. Ақ, сұр түстерге жаңа алтын түсті қосқан екен. iPhone Xs Max көлемі iPhone 8 Plus сияқты, бірақ жаңа смартфонның экраны 1 дюймге артық.

Дисплей анықтығы: iPhone Xs – 1125 x 2436px, iPhone Xs Max – 1242 x 2688px.

Apple өз дәстүрін сақтап, өткен жылғы смартфонды жетілдіре түскен. Мысалы смартфондарға Apple A12 Bionic процессоры орнатылған. Оның қабілеті смартфонды бұрынғыдан 50 пайызға жылдамырақ жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мысалы секундына негізгі және қосалқыларды есептегенде 5 триллион операция жасалады.

Соңғы презентациядан байқағанымыз – Apple Touch ID саусақ ізі сканерінен біржола бас тартқанға ұқсайды. Енді смартфондар тек бет әлпетті танитын Face ID сканері қолданылмақ. Смартфондардың экран жаймасы 120 герц жиілікке ие. Демек сурет пен анимация одан әрі қанығырақ көрсетіледі.

Алмалы смартфондар енді сыйымды бола түсті. Екі смартфонның жедел жады – 4 GB, ал ішкі жады – 512 GB. 64, 256 GB нұсқалары да бар.

Жаңа флагмандар енді жаңаша дыбысталады. Смартфондардың оң және сол жағына стерео динамиктер орнатылған екен. Сол арқылы дыбыс барынша анық, әуезді шығады. Одан қалды дыбыс жазу үшін төрт түрлі микрофон пайдаланылады.

Камера мегапиксельдері 12х12 MP (фронтал камера – 7 MP) тұрады. 40 мегапиксельді камерафон Huawei P20 Pro-дан кейін мұндай көрсеткіш еш таңғалдырмасы анық.

Флагмандармен бірге бюджеттік iPhone Xr моделі де ұсынылды. Бұл модельді iPhone X пен iPhone 8 модельдерінің қосындысы деуге болатын шығар. Бірақ басты артықшылығы – енді бір жарым сағатқа ұзағырақ жұмыс істейді.

Жаңа iPhone смартфондары Қазақстанда 28 қыркүйектен бастап сатылады. Еліміздегі ресми баға әлі белгісіз, бірақ компания бекіткен бағалар мынадай: iPhone Xr – $749 (280 000 теңге), iPhone Xs – $999 (374 000 теңге), iPhone Xs Max – $1099 (412 125 теңге).

Massaget.kz