Technovation Kazakhstan 2018: Қазақстан жасөспірімдері жасақтап шыққан 6 бағдарлама

Technovation Kazakhstan 2018: Қазақстан жасөспірімдері жасақтап шыққан 6 бағдарлама
Фото: manshuq.com

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы қабылданғалы бері біршама жобалар мен іс-шаралар іске асты. Аталған бағдарламаның екінші бағытына сәйкес экономика салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу жоспарлануда. Бұл жоспар мемлекеттік деңгейде жүзеге асуы үшін цифрландырудың әлеуметтік сипаты барынша артуы тиіс. Сол мүддеге аса лайықты жобалардың бірі – Technovation Kazakhstan. Бұл – әлеуметтік жобаларға арналған халықаралық Technovation байқауының Қазақстандағы кезеңі. Өткен шығарылымда сайыс нәтижелерін жариялаған едік. Бұл жолы жобалар сайысына биыл қатысқан командалардан өз бағдарламалары жайлы сұрап білген едік. 

The Healers командасы, Алматы 
Senior секциясы 
Қатысушылар: 
Диана Дауова, 16 жаста 
Ажар Мусина, 15 жаста 
Айяна Қуатбаева, 16 жаста 
Аружан Қайыр, 16 жаста 

Біздің ASAR атты бағдарлама емге зәру балаларға тікелей қаржы аударуға себеп болады. Бағдарлама көмегімен қаржылай қайырымдылық көрсетушілер өз қаржысының қайда кетіп жатқанына көздері жетеді. Сондай-ақ бағдарламада әр баланың емделуін мониторинг арқылы бақылауға болады. 

Қазір елімізде қайырымдылық жасау сәл бәсеңдеп кетті. Себебі әлеуметік желілерде жалған парақшалар көбейіп барады. Сондықтан адамдар ақша аударарда күмәнмен қарайды. 

Болашақта қайырымдылық қорларымен бірігіп жұмыс жасайтын ойымыз бар.

Blueberries командасы, Астана 
Junior секциясы 
Қатысушы: Елизавета Фраш, 12 жаста 

Менің бағдарламам – ListSkill, оған өзін-өзі дамытуға бағытталған тақырыптық курстар жинақталған және болашақта олар толыға түспек. Басты курстар – тіл үйрену, шешендік өнер қабілетін аттыру, жылдам оқу және тағы басқалары. Бағдарламаның мақсаты – адамдарға уақытын және ақшасын үнемдей отырып өздерін дамытуға көмектесу. Қазір онлайн ортада барлығына үлгеріп, біршама ресурсты үнемдеуге болады. ListSkill жасалғанына бар-жоғы үш ай болды, әлі де өнімділігін қабілетін арттыру керек. Бағдарламам адамдарға шынымен пайдалы болса деген арманым бар. Бұл сайысқа алдағы жылдары да қатысамын. Сан-Францискодағы гранд-финалға барғым келеді. Себебі әлем біздің елімізде қабілетті қыздар бар екенін білуі тиіс.

Whizz Kids командасы, Алматы 
Junior секциясы 
Қатысушылар: 
Меруерт Азаматқызы, 13 жаста 
Алина Даниярова, 13 жаста 
Наргиз Ахметова, 13 жаста 

Біздің бағдарлама Voly деп аталады. Мақсаты – әлемдегі барлық еріктілерге арналған бағдарламалар мен шараларды жинау. Қолданушы бағдарламаны қолдана отырып өзіне ұнаған шара туралы біліп, қатысуына болады. Қазіргі еріктілер әлемдегі түрлі шараларды дер кезінде біле алмай жатады. Сондықтан бағдарлама жастар үшін нағыз көмекші болады. Келесі жылы нарыққа шығып, бағдарламаны барынша жетілдіре түсетін жоспарымыз бар. Ал ендігі мақсат – Сан-Францискодағы гранд-финалға дайындалу.

D'one командасы, Алматы 
Senior секциясы  
Қатысушылар: 
Дана Шеркешбаева, 17 жаста 
Дана Мақсұт, 16 жаста 
Дана Нұрланова, 16 жаста 

Біздің Real Talk бағдарламамызда ата-аналарға балалармен қалай сөйлесіп, тіл табысуға, оларға қалай психологиялық көмек көрсетуге болатындығы үйретіледі. Команда 4 ай бойы бағдарламаның концепциясын жасады. Біз әлі де дами түсетінімізге сенеміз. Себебі бағдарламада бала мен ана, бала мен әке арасындағы табу әңгімелерге қатысты біраз жасақтамалар жасау керек. 

Жалпы алғанда, Technovation жобалар сайысы ең алдымен көп дүниеге обьективті түрде қарауға үйретеді. Мұнда тек IT саласының қыр-сырын үйреніп қана қоймай, қоғамға өзге көзқараспен қарауға бейімделесің. 

Proactive командасы , Алматы 
Senior секциясы 
Қатысушылар: 
Зерделі Есназар, 17 жаста 
Елдана Хасенова, 17 жаста 
Елдана Калидолда, 17 жаста 
Жамиля Жамбыл, 16 жаста 
Дана Ерланова, 16 жаста 

iALAU атты біздің бағдарламаның мақсаты – зорлық-зомбылықты азайту және оның алдын алу. Бағдарламаның басты функциясы – карта. Қолданушылар өздеріне шабуыл не зорлық-зомбылық жасалған жерлерді картаға белгілеп отырады. Бағдарламаға тіркелгендер бір-біріне қандай қауіп төнгенін, қалай қорғанып шара қолданғанын форума талқылай алады. 

Бадарлама идеясын іске асырарда зорлық-зомбылықтың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін ескердік. Қазір кез келген адам өз құқығын біліп, қорғай алатын дәрежеде болуы тиіс. Ал біздің жобамыз сол мүддеге үлес қосатынына бек сенімдіміз.

Mountain Peak командасы , Алматы 
Senior секциясы 
Қатысушылар: 
Дамеля Оқапова, 16 жаста 
Анеля Оқапова, 16 жаста 
Динара Қалыбаева, 17 жаста 
Дариға Қадырқұлова, 16 жаста 

Glukie атты біздің бағдарламызды глюкометр десек те болады. Бағдарлама балаларға қан құрамындағы глюкозаны белгілеп отыруға көмектеседі. Ата-аналар бағдарлама көмегімен балаларының қаншалықты дұрыс норманы сақтап жүргенін бақылай алады. 

Біздің бұл бағдарламаны жасақтауымызға қант диабетінің бірінші типіне шалдыққан таныстарымыз себеп болды. Бұл дерттің тек балаларға ғана емес, ересектер үшін де қанщалықты қиын екенін түсіндік. Қазір бағдарлама прототиптен дайын өнімге өту кезеңінде тұр. Дайын глюкометр жасайтын компаниялармен бірігіп сертификат алу жоспарда бар.

Massaget.kz