"Technovation Kazakhstan 2018" байқауы мәресіне жетті

"Technovation Kazakhstan 2018" байқауы мәресіне жетті
Фото: technovationkazakhstan.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауынада түрлі жүйелерді цифрландыру мен технологиялық үдерістер жайында баса айтқан еді: "Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу арқылы халықтың ақпараттық қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет". "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы қабылданғалы бері біршама жобалар мен іс-шаралар іске асты.

Технология мен кәсіпкерлікті ту еткен сондай жобалардың бірі – "Technovation Kazakhstan". Бұл байқау 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. "Technovation Kazakhstan" – әлеуметтік жобаларға арналған халықаралық Technovation байқауының Қазақстандағы кезеңі. Әлеуметтік жобаларды мектеп жасындағы қыз балалар жасайды. Байқаудың басты критерийі – ақпараттық технологияны пайдалана отырып, бизнес жоба жасау.

Technovation жобасына тек қыздардың қатысуы бекер емес. Себебі "Technovation" мақсаты – қыздардың іскерлік пен IT саласындағы белсенділігін арттыру. Жыл сайын қатысушыларға бизнес-жоспар және мобильді қосымша жасақтап шығару сияқты талап қойып, деңгейді өсіре береді. Жобалардың әлеуметтік маңызы болуы шарт. Командалар мобильді қосымшаны жасауда 4 кезеңнен өтеді: Ideation, Technology, Entrepreneuship және Pitch. Ал жетекші ретінде ерікті-ментор көмектесіп, бағыт береді.

2018 жылғы байқауға 40-тан аса жоба қатысты. Әр жобаның көздегені де, жасалу жолы мен құрылымы да сан түрлі. Мұнда үй жұмысын орындауға, университет таңдауға көмектесетін, еріктілерге арналған, қант диабетіне және өзге де ауруларға шалдыққандардың өмірін жеңілдетуге арналған түрлі мобильді қосымшалар ұсынылды.

Үлкен топтағы байқауда алматылық "CodeFoxes" командасы жеңіске жетті. Олардың жобасы бүкіл қазақстандық еріктілерді біріктіреді. Мобильдік қосымша қазақстандық еріктілерге бүкіл іс-шараларды қалт жібермей хабардар болуға көмектеседі. Бұдан өзге тағы 9 команда тамыз айында Сан-Францискода өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды. Барлық команда Қазақстан атынан біршама әлемдік командалар қатысатын жартылай финалда сынға түседі.

Massaget.kz