- Негізгі бет
- Театр
- Әуезов театрында жаңа...
Әуезов театрында жаңа қойылым
29-30 қараша күндері сағат 18.30-да М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының үлкен залында Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» (Плач о погибшей песне) драма-диалогының премьерасы өтеді.
«Адасқақ» – көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің прозалық циклы бойынша қойылған драма-диалог.
Спектакльдің бас кейіпкері – қазақтың атақты әнші-композиторы Біржан сал Қожағұлұлы. Өмірбаяндық емес, өнербаяндық көркем қойылым оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтеді. Өмірінің соңында дерт меңдеген Біржан сал. Өмір-өнер елестері. Абаймен, Ақанмен кездесулер, рух түлетер қауышулар, қоштасулар... «...Өтерінде, кетерінде шыр айналды...» пәни дүниедегі өксік-өкініштер... Өнер адамының ұстанымы жайындағы көзқарастардың қақтығыстары... Құмсағаты түгесіле бастап, жаны мұрнының ұшына келген Біржан сал ән-зар шығарады. Әнмен мінәжат етеді.
Ол ән-зар һәм мінәжат – «Теміртас». Қазақта теңдесі жоқ музыкалық жоқтау. Реквием...
Көркем туындының сахналық нұсқасын жасаған театрымыздың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Әлия Бөпежанова.
XIX ғасырдағы қазақ ән мен сөз өнерінің ірі өкілдерінің бірі – Біржан сал Қожағұлұлы өмірінің соңғы күндерінен сыр шертетін қойылымның режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов.
Оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтетін көркем шығарманың қоюшы-суретшісі Мұрат Сапаров болса, музыкамен көркемдеген – Бейбіт Дәлденбаев.
Бұл спектакльде Біржанның сахналық бейнесін театр репертуарындағы ұлттық және әлемдік классика, заманауи драматургиялық шығармаларда негізгі кейіпкерлерді сомдап жүрген Бекжан Тұрыс жасайды.
Сондай-ақ аталған спектакльге: Күнсұлу Шаяхметова, Айзада Сатыбалдиева, Жалғас Толғанбай, Жасұлан Байсалбеков, Болат Әбділманов, Жоламан Әміров, Асан Қырқабақов, Бауыржан Қаптағай, Жанат Тинбаев, Саят Мерекеұлы, Омар Қиқымов сынды театр әртістері жұмылдырылған.
А. Оралқызы