«Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы өтеді

«Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы өтеді
Фото: auezov-theatre.kz

13-14 маусым күндері сағат 18.30 М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы өтеді.

Қазақтың лиро-эпостық жауһар жыры «Қыз Жібек» махаббат гимні десе болады. Осы эпос негізге алынған бұл туындыға да Қыз Жібек пен Төлегеннің жүрек тербірентер қайғылы махаббаты арқау болған. Оқиғалар негізінен жағалбайлы руынан шыққан батыр Төлеген, шекті руының сұлуы Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ... 

Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда   ұлттың өмірі мен тығыз байланысты дәстүрлер де – бата, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. – жақсы көрініс тапқан. 

«Қыз Жібек» музыкалық драмасында  танымал жұлдыздар А.Шаяхметов, С.Бақаева, Е.Дайыров, А.Киркабаков, М.Тағанов, Ш.Асқарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тутова, Б.Тұрыс, Б.Әбділманов, С.Мерекеұлы, Ж.Толғанбай, З.Карменова, Д.Үсенова,  Ж.Жаныаманова, К.Шаяхметова, Ж.Мақажанова, А.Жұмабаев, Ж.Тинбаев, А.Бақытжанова сынды басқа да көптеген театр артистері өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, қойылым ел өміріндегі маңызды шара «Экспо-2017» Халықаралық мамандандырылған  көрмесі аясындағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының Астана қаласындағы гастрольдік сапарында 23 маусым  күні сағат 19:00-де Астана Жастар театрының сахнасында әлем жұртшылығының назарына ұсынылмақ.

А. Оралқызы