Рухани жаңғыру: «Әкемтеатрдың» 92-ші маусымы ашылады

Рухани жаңғыру: «Әкемтеатрдың» 92-ші маусымы ашылады
Фото: vk.com

Ертең, яғни, 11 қазан күні  92-ші театр маусымының ашылуына орай сағат 17.00 де актерлердің салтанатты шеруі және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы аясында  «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан көрме өтеді.

Театр ұжымы 92-ші маусым шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашады.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығына орай өткізіліп отырған «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрмесі өскелең ұрпаққа, театр өнеріне, тарихына қызығатын ізденушілерге, жалпы өнерсүйгіш қауымға қазақ өнерінің қара шаңырағы, 92 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының құрылған кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі өнер шежіресінен сыр шертіп және Алматы қаласында орналасқан мәдени ордалардың басын қосу арқылы олардың тарихын бір арнада тоғыстырып, театр музейінің тыныс-тіршілігінен хабар бере отырып, мол мұра, құнды жәдігерлер туралы мол мағлұмат беруді мақсат етеді.

Ұлы Абай… Шығармашылық тұлғасы өз алдына, ел ортасындағы, өз шәкірттері ортасындағы жақсыны көре-тани білген, ғашықтықты бағалай, әр шәкіртіне нағыз ұстаз бола білген адами тыныс-тіршілігі, сонымен қатар зұлымдықпен алысқан соқтықпалы, соқпақсыз өмірі. Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы. Қойылымда ұлы ақын шығармашылығының композиторлық  қыры да ашыла түседі. ҚР халық артисі, профессор Есмұхан Обаев режиссерілімен қойылатын «Абай» трагедиясы театр сүйер қауымның басын қоспақ.

Сондай-ақ, атамыш театр ұжымы күні кеше ғана Шекспир Отаны Ұлыбритания жеріндегі гастрольдік сапардан оралды. Қазан айының 1-8 аралығында Лондонда жазушы, драматург Дулат Исабековтың 75 жасқа толуына орай фестиваль өткен болатын. Аталған шараны М.Әуезов атындағы театр ұжымы «Жау Жүрек» қойылымымен сол ашты. Сондай-ақ, Парламент Үйі ғимаратында Лорд палатасы ұйымдастыруымен арнайы жиын болып өткен. Ағылшын жеріндегі әдебиет сүйер қауым үшін Дулат Исабековтің есімі жақсы таныс. Өйткені, бұрын автордың үш кітабы ағылшын тілінде жарық көрген. Кітап аудармаларын мына сілтеме бойынша оқи аласыздар. Бұған қоса, фестиваль аясында 4 қазан күні жазушының «Аққу жібек» пьесасы қойылды. 

Осы себепті театрдың тұрақты көрермендері Алматы шаһарындағы жаңа маусым біртуар тұлға Дулат Исабековтің шығармашылығымен де тікелей байланысты болады деп күтуде. Ендеше театрда жолыққанша, оқырман!

А. Оралқызы