Тайландтағы балалар қалай құтқарылды?
11-16 жас аралығындағы 12 жас футболшы және олардың бапкері 23 маусымда Тайландтың солтүстігіндегі Кхао Луанг (Тхам Луанг) үңгіріне саяхаттауға аттанады. "Орман қабандары" деп аталатын жас футбол команда мүшелері үңгірде жүргенде қатты жаңбыр жауып, шығар жолды су басып қалғаны себепті сол жерде қалып қойды.
13 адам із-түссіз жоғалғандықтан Тайланд армиясы оларды қыдыру мақсатында құтқару тобын құрады. Көп өтпей оларға Ұлыбритания, АҚШ, Қытайдан келген құтқарушылар қосылды. Жалпы, балаларды мыңдаған құтқарушылар іздеді. Көп өтпей үңгір аузынан 11 велосипед пен 1 мотоцикл табылады.
Іздестірудің тоғызыншы күнінде ғана ағылшындық дайверлер (терең үңгірлерге түсетін маман) Джон Валентен мен Ричард Стэнто үңгір ішіндегі балалар мен бапкер тұрған жерге жетеді. Оларға оттегі мен азық-түлік жеткізіліп берілді. Ал, Тайланд үкіметі балаларды қалай құтқару жолын іздей бастады.
Үңгір ішіндегі балалар
Жас футболшылардың орны анықталғаннан кейін оларды алып шығудағы мәселелер мамандарды біраз ойландырып қойды. Бұл шынында да оңай емес еді: 9 күн сусыз, азық-түліксіз отырған балалардың кейбірі жүзе алмайтын һәм шаршаған еді.
Осылай жолға шығу балалар өмірін қатерге тігумен бірдей болды. Себебі үңгірдің шығар жолдары сумен толған, 4 шақырымдық қашықтықты ең тәжірибелі сүңгуірдің өзі әрең жүзіп өтетін. Тіпті тәжірибелі сүңгуірдің өзі 4 шақырымға 6 сағат уақыт жұмсайтын. Бұл жолға шығу ажалмен бетпе-бет келумен бірдей болатын. Осы жолда сүңгуірлердің бірі Саман Кунан балаларға азық-түлік пен оттегі апарып беріп қайтып келе жатып өзіне оттегі жетпей қалып қайтыс болды.
Бұдан басқа да кедергілер бар, мысалы, үңгір тегіс емес еді. Бұл болса жүзуді максимал дәрежеде қиындатты. Халықаралық эксперттер балаларды дайвинг тәсілімен құтқаруды соңғы шара ретінде қарастырды.
"Адам көру дәрежесі минимум болған уақытта қорқа бастайды, соның салдарынан не өзі немесе қасындағы құтқарушы зардап шегеді", – деген еді үңгірдегі су астында қалғандарды құтқаратын маман Эдд Сорренсон.
Осындай себептерге байланысты Тайланд үкіметі балаларды оттегі, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, 4 ай бойы оларды үңгір ішінде қалдырып, жаңбыр маусымы бітіп, сулар тартылу нұсқасын да қарап шыққан болатын. Сонымен бірге құтқарушылар арнайы құралдармен суды сыртқа шығарып тастауға да әрекеттеніп көрді. Бұл тәсіл мәселені шешпесе де құтқарушылардың балалар тұрған орынға оңай жетуіне өз септігін тигізді.
Тез арада Тайланд үкіметі балаларды 4 ай бойы үңгір ішінде қалдыру ең нашар сценарий екеніне көздері жетеді. Біріншіден, 4 ай бойы әркүні балаларға азық-түлік пен оттегі апарып беру сүңгуіршілердің өміріне қауіпті болса, үңгір ішінде бірден ауа таусылып қалуы немесе олар тұрған жерді су басып қалу қаупі бар еді. Осыдан соң үкімет эвакуацияның басқа жолдарын қарастыра бастады.
6 маусым күні оқушылар мен 25 жастағы олардың бапкері сүңгуірлер арқылы өз туыстарына хат жазып жіберді.
Хат әртүрлі дәптер парақтарына жазылған:
"Біз жақсымыз, бәріміз сау-саламатпыз. Сыртқа шыққанымызда түрлі дәмді тамақтар жегіміз келеді. Құрметті оқытушылар бізге көп тапсырма бере бермеңіздер", – деп жазылған дәптердің бірінші парағында.
Қазіргі күнде халықтың жартысы айыптап, жартысы қаһарман деп бағалап жатқан бапкер де былай деп сәлемдеме жіберген: “Бізді қолдап-қуаттағандарыңызға алғысым шексіз. Барлық ата-аналардан кешірім сұраймын. Үңгірге сіздерден рұқсат сұрамай кеткен кейбір ата-аналардан балаларыңызды жазғырмауыңызды өтінемін", – деген болатын.
4 маусым күні "SpaceX" және "Tesla" компаниясы басшысы Илон Маск Тайландтағы балаларға көмек қолын ұсынды. Ол үңгірдегі балалар тұрған жерге тікелей туннель қазу сияқты бірнеше нұсқаларды қарап, Тайландқа "The Boring Company" және "SpaceX" компаниясының инженерлерін жіберді.
"Бәлкім, үңгірдегі жол арқылы кеңдігі бір метрлік нейлон құбырлар өткізіп, оларды оттегімен толтыру керек", – деген еді Маск.
8 маусым күні "SpaceX" инженерлері "Falcon 9" ғарыш кемесіне орнатылуы керек болған үлкен күміс металлды пайдаланып, кіші өлшемді суасты қайығын жасап шықты. Оны екі сүңгуірші көтеріп жүретіндей, ішіне оттегі жіберетіндей және тар үңгір жолына қолайлап шағын етіп жасады.
Осыдан соң Илон Лос-Анжелестегі бассейнде кіші суасты қайығын сынақтан өткізеді.
10 маусым күні Маск Тайландқа келіп, әлем БАҚ өкілдерін шулатқан атақты үңгірге барады. Ол өзімен бірге балалардың құрметіне қойылған "Орман қабандары" суасты қайығын алып келді. Бірақ, Тайланд үкіметі рұқсат еткенімен сүңгуірлер оны пайдалануды қаламады.
Ауа райының қиындауы соңғы шараны қолдануға мәжбүрледі
Илон Маск өз жоспарымен бөліскеннен кейін бірнеше сағат өтіп, құтқарушылар оның көмегінсіз өз беттерімен құтқару операциясын бастап кетті. Себебі жаңбыр қатты жауып, үңгірдегі су деңгейі көтеріле бастаған болатын.
Үңгір маңындағы ата-аналар рұқсатын алғаннан кейін, сүңгуірлер балаларға қарай жолға шықты. Бірінші күн 4 жасөспірім құтқарылды. Алғашқыда дені сау, физикалық жағынан күшті, жасы үлкендері таңдап алынды. Себебі 4 шақырым, 6 сағаттық жолға олардың шыдауына құтқарушылардың өздерінің де күмәні бар-тын. Бірінші операция сәтті өткесін, келесі күні тағы 4 бала құтқарылды. Соңғы күн яғни кеше қалған 5 адамды құтқарушылар сыртқа алып шықты.
Илон Маск сүңгуірлердің ержүректігін тілге тиек етті. Олардың қаһармандарша әрекет еткеніне таңданғанын да жасырмады.
Балалардың жағдайы қалай?
Эвакуацияланған балалар мен бапкер жедел түрде ең жақын ауруханаға апарылған. Тайланд денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше олардың жағдайы жақсы және ешбірі безгек ауруына шалдықпаған.
Бірақ, бұл олардың дені сау дегені емес. Барлық балаларда инфекция бары анықталды. Олардан алынған қан талдауларына қарағанда жас футболшылардың түрлі инфекция жұқтырғаны мәлім болған.
Жасөспірімдер қазіргі уақытта ата-аналарымен әйнек артында тұрып қана сөйлеседі. Жақын күндері олар ауруханадан сауығып шығады.
Т. Раушанұлы