Марстағы құпия көріністер

Марстағы құпия көріністер

Марс – Жер шарында тіршілік ету мүмкін болмағанда адам баласы өмір сүруі мүмкін жалғыз ғаламшар болып отыр. Марсоходтар бұл күні Марсқа аттанып, Қызыл ғаламшарды жан-жақты зерттеуде. Біз бүгін Марста түсірілген суреттерде кездесіп, Жер бетін дүрліктірген ең жұмбақ объектілерді сөз етеміз. 

Адамның беті. Бұл обектің екінші атауы – Марс сфинксі. 1976 жылы NASA түсірген суретте Марста жатқан адамның беті анық көрінеді. Бұл суретті көрген бойда әлем дүр сілкініп, режиссерлер бетті ғылыми-фантастикалық 
фильмдерге пайдалана бастаған. Шын мәнінде, бұл «бет» – Кидония деп аталатын Марс өңіріндегі төмпешік. Төмпешік 1998 жылы анықталып қайта түсірілген. 1976 жылы түсірілген суретте төмпешік жарық пен көлеңке салдарынан адам бетіне қатты ұқсап қалған. 

Бақа мен адам саусағы. Америкалық марсоход 2013 жылы тас болып қатып қалған бақаны түсіріп алған. Ал 2012 жылы Curiosity камерасына адамның балан үйрегі ілінген. Саусақ тастар арасынан жоғары шығып тұрған. Ғалымдар бұл екі объект: бақа мен адам саусағын жоққа шығарды. Олардың айтуынша, бұлар Марста жатқан тастар ғана. Тек бақа мен саусаққа ұқсап қалғаны болмаса...

Қар адамы. Spirit марсоходы адам мүсіні тұрған суретті 2007 жылы түсірген. Суреттен біреулер әйел адамды көрсе, енді біреулер «суреттегі – қар адамы» дегенді айтады. Енді бір топ бұның маймыл екеніне шүбәсіз сенімді. Талас әлі толастар емес. 

Марс егеуқұйрығы. 2013 жылы марсоход түсірген суреттен егеуқұйрыққа ұқсас нәрсе қылаң береді. Жер бетіндегі адамдардың бұл құбылысқа мән бергені соншалық, туиттерде егеуқұйрыққа арнайы аккаунт ашылған. «Өзім туралы» деген жеріне: «Жер адамдары. Сіздер мені таптыңыздар. Басып кіруімізге дайындалыңыздар» деп жазылған.

Тоқаш. 2014 жылдың басында марсоход нағыз тылсым құбылысты жария етті. Бір жерді екі рет суретке түсіргенде, екінші суретте кенеттен тоқаш пайда болады. Тоқаш қайдан пайда бола қалды? Бұл қандай тылсым? Марс нені жасырады? NASA бұған мынадай жауап қайтарды: бұл «тоқаш» марсоход қозғалған кезде шынжыр табанының астынан жылжып кетіп суретке түсіп қалған. 

Марстағы гүл! Бұл бәрінен қызық секілді. 2012 жылы камераға ілінген гүл туралы алып-қашпа сөз көп. Ғалымдар нақты жауап бере алмаса да, бұның биологиялық өсімдік емес екеніне 100 пайыз сенімді. NASA бұл объект не болса да, түрлі құбылыстардың әсерінен пайда болған дөңес шығар деп есептейді. Мұндай дөңестер Жер бетінде де баршылық.

Дайындаған: Шаттық Қали

Сурет: fishki.net

Жер микроағзалары Марста тіршілік етуде

Р. Роза