Жаһандық жылыну қарқын алып келе ме?

Жаһандық жылыну қарқын алып келе ме?
Фото: Visaudio Designs

2019 жылдың басында NASA агенттігі мен Бүкіләлемдік метеорологиялық станциясы соңғы төрт жыл адамзат тарихындағы ең ыстығы болды деп баға берді. Еуропа ғарыш агенттігінің мәліметінше, жердің орташа температурасы жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Ал 2019 жылдың шілде айының алғашқы күндері ЕҒА бақылау жүргізген уақыттан бері ең жоғарғы орташа температураны көрсеткен. Осының салдарынан Еуропадағы мемлекеттер атом электр станцияларының жұмысын уақытша тоқтатты. 2014 жылы "Коперник" жобасы аясында орбитаға ұшырылған Еуропа ғарыш агенттігінің серіктері атмосфераның құрамын зерттеп, Жердің температурасын бақылап отырған.

Берклидің Калифорниядағы климаттық институтының зерттеушілері жүргізген бақылауына сәйкес, Жердің солтүстік жарты шарында 1 мамыр мен 30 тамыз аралығында ауа температурасы бірден 29 мемлекетте рекордтық нәтижеге жеткен. Оның ішінде аптап ыстық Франция, Германия және Нидерландта байқалған. Зерттеушілер 2019 жылдың жазында солтүстік жарты шардың 1200 нүктесінде ыстық жер тіркелген.

Жылу толқындары Еуропаны орап алды

Зерттеушілер солтүстік жары шардағы метеостанциялардың дерегін пайдалана отырып, соңғы 40 жылдың анализін жасаған. Жылу толқындары маусым және шілде айларында Еуропада бірнеше жергілік және ұлттық рекордтарды орнатты. Атап айтқанда, Францияда ауа температурасы 46°C дейін көтерілсе, Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Люксембург және Нидерландта бұрын-соңды болмаған аптап ыстық туралы мәлімдеді. Сондай-ақ биыл АҚШ-та бақылау жүргізіп келе жатқан уақыттан бері 30 рекордтың жаңарғаны белгілі болды. Ал ауа температурасы 10 рекорд орнатқан Жапонияда аптап ыстықтан 11 адам қайтыс болған.

Жалпы алғанда 2019 жылдың жазы 319 температуралық рекорд жаңартқан. Бұған дейін осыған ұқсас жайт 2003 және 2010 жылдары байқалған. Соңғы жылдары әлемдегі метеостанциялардың 5%-нде температуралық рекордтар орнатылған. Зерттеушілердің пікірінше, климаттың өзгеруінен болашақта әрбір жыл сайын рекордтар жаңартылуы мүмкін.

2019 жылы Еуропа орап алған жылу толқындары

2019 жылдың шілдесі әлемдегі ең ыстық ай болды

Биылғы ыстық ауа-райы 2016 жылы шілде айында тіркелген рекорды жаңартты. Арада екі жыл өткенде температура шамамен 0,56℃ градусқа көтерілген. Бұл адам баласы атмосфераға парниктік газдар шығармай тұрғандағы көрсеткіштен 1,2 градусқа жоғары. Ал орташа ауа температурасынан 0,04℃ артық. 

Ғалымдар ауа райының бұлай құбылуы біздің планетамыз жаһандық жылынуды бастан кешіп жатқанының белгісі дейді. Қазірдің өзінде маусымдық ыстық Еуропаның Ұлыбритания, Франция және Нидерланд секілді елдеріндегі орташа ауа температурасын 1,5-тен 3℃ көтеріп жіберді. 

Жазғы ыстықтың салдары

Осындай болмашы өзгерістің салдары жойқын болғаны анық. Мысалы, биыл Гренландия мұздығы жылдағыдан ерте, мамыр айында ери бастаған. Осы себепті болжанған 60-70 миллион тонна мұздың орнына 197 миллион тоннасы еріген. Солтүстік Африкадан Еуропаға келген ыстық қазір Гренландияға қарай бет алды. Бұл  мұздың еруін одан сайын арттырады деп күтілуде. Гренландияның алып мұз қабаты теңіз деңгейінен 3000 мың метрге дейін биікте. Синоптиктер осы аптада оның шыңы нөлдік градусқа жуық жылы болады деп болжап отыр.  

Ғалымдар мұздықтың суы Солтүстік Атлантикаға жетіп, сол жерде тіршілік ететін балықтарға зиян келтіреді деп қауіптеніп отыр. Оған қоса Гренландия мұздығының еруі жойқын дауылдардың тұруына себеп болады. Ал әлем мұхитының деңгейі шамамен 1 миллиметрге көтеріледі екен. 

 
А. Рысдәулет