«Аш бөрідегі» Құрманғазы образы

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы,сыншы, аудармашы  Әлібек Байболдың Әбіш Кекілбаев шығармашылығы туралы жазбасын ұсынамыз.

***

«Таң атқалы жорытқаны жұртсыз жон. Тек жаңа ғана тастақ сайдың басындағы жалғыз құдыққа тап болып, ат суарып алды. Көптен бері бұл маңайға ел жуымапты. Құдық маңайының құмалағы қуаң. Астауы да қақсуға айналыпты. Дегенмен көлденең керуен, бейсаубат жолаушылар көп соғады екен, астаудың астына тыққан көн қауға бар боп шықты». Бұл ­‒ заманымыздың заңғар жазушысы, сөз зергері ‒ Әбіш Кекілбайдың Құрманғазы Сағырбайұлы ғұмырының бір ғана сәтінен сыр шертер «Аш бөрі» атты шығармалары арасындағы ең аз талданған, исі қазаққа мәшһүр композитордың образы керемет сомдалған кең тынысты әңгімесі.

Әсілі, әңгіме – новелладан гөрі, сюжеттік желісі қиындау құрылатын, өмірдегі алуан-алуан құбылысты ықшамдап түйіндегенімен де, оған аса терең мағына сыйдыра отыра, сатылап дамитын жанр. Астында қара аты бар жолаушы бүлкек жүріспен «жаздай шаң тұтып, күн жеп, сарала етек боп қалған» даламен келе жатады. Бір уақытта тоқтап, жылқысынан түсіп, ауыздығын сыпырып, ерінің артындағы домбыраны шөп үстіне тастайды-дағы, шалқасынан жата кетеді.

Оңашада, дауылпаз күйшінің есіне қайдағы-жайдағы түсіп, өткеннің орны толмас өкініші қылаң бергенде, «әншейіндегі қаттылығынан айырылып, бойын әлдеғайып әлсіздік билейді». Содан не керек, Күн батып, қас қарайып, кешкі салқынның лебі білінген кезде алдынан аруана шығады. Жаңағы жануар «қара жалдың күнгей бауырына қонған үш-төрт үйлі», аумағы шап-шағын ауылға ат басын тіреуге сеп боп, ортадағы боз үйдің қасына барып тұра қалады. Жолаушы соған жақындағанда, қолында шелегі бар әйел шығып, Құдайы қонақты күтіп алады. Құрманғазы қамшысын босағаға қыстырған күйі төрге озып, домбырасын қабырғаға сүйеп қояды. Қаймағы шайқалмаған құтты мекен. Үйде күйшіден бөлек, Дөңбай, оның бәйбішесі, Әурен, сол үйдің келіні, жас шамасы оннан енді ғана асқан бала бар. Бәрі дастарқан басына жайғасып, жөн сұрасады. Ақсұр шал қонаққа домбыра шертуін өтінеді. Сол кезде, тамақ ішуге үстіне ‒ түйежүн шекпен, басына ‒ түлкі тымақ киген Қойбағар келеді.

Ол бірнеше күй тартып, ас-ауқат ішілген соң, жұрт жатуға ыңғайланады. Күйші ауыл сыртына шығып, атын отқа жібереді де далада ұзақ тұрады. Төсек салынады. Құрманғазы ерте ояна салып жылқысын ерттейді-дағы, таңғы шайын ішіп, қайта жолға шығады. Сонда, ту қоянды көріп: «Әттең осындайда бөрі де жолықпайды-ау», ‒ деп ойлады күйші». Ойына елде жүргендегі жігіттермен бірге қасқыр қуғаны оралады. Күйші көкжиекке қарағанда, «даланы қан-жоса қып батып бара жатқан» Күнді көреді. «Оның көкірегінде тағы бір тосын саз қордаланып келеді». Жалпы, шығарма фабуласы осындай. Мұндағы авторлық баяндау орталық образдың көзімен, ойымен беріледі.

Туынды мазмұн мен пішіннің үйлесімі негізінде тумақ. Осы тұрғыдан келгенде, Әбіш Кекілбай – қос ұғымды тұтастықта қарайтын суреткер. Және, жазушы тұтқыннан босап шыққан жолаушының жолшыбай ел-жер аралағандағы тұсын ерекше екпінмен жазғанын аңғармау әділетсіздік болар еді. Дәл сондағы соны пейзаж ‒ тек фон қызметін атқарып қана қоймай, философиялық, символикалық, психологиялық мәнге ие әрі автор ұстанымын айқындар көркем әдіс. Әсіресе, «Аш бөріде» М. Эпштейн классификациясындағы («Постмодерн в русской литературе») ландшафтық, масштабтық, жанрлық-стильдық, идеалды пейзаждардың элементі кездеседі. Әбіш сомдауындағы Құрманғазы антропометриясы мынандай: күректей қол, ісіне қызарып тұрған етті, ұзын салалы саусақтар, самайдан алқымға дейін ұйысып біткен тып-тығыз қара сақал, шарасы зор ала көз, одырайып оқшау біткен жалбыр қабақ, мойнын жұлқына бұрғанда сорайған өндіршек, тамағының астындағы күдірейіп шыға келген күре тамыр, күн санап көбейіп келе жатқан шұбыртпа әжім, қайқайған иық, дөң маңдай, самайдағы көк қылтанақ, сырттан тың тыңдап отырған кісіше іргеге салған мойын.

Осынау сипат сурет өнеріндегі Врубель не мүсін өнеріндегі Донателло шығармаларымен үндесетіндей. Өйткені, портреттің хас шебері саналатын Әбіштің «Аш бөрісінде» қою колорит бар, ауқым бар, эпизм бар. У. Эко импрессионистік проза өкілдері есебінде Э. Золя, Г. Моппассан, М. Прустарды атайды. Десек те, олардың романынан таза күйіндегі импрессионизмді емес, өзге де көркемдік әдістерді аңдау аса қиын емес. Сол секілді, бac кейіпкер бойынан да poмaнтикaлық бeйнeлeу тәсіліне тән белгілерді байқадық. Айталық, үйге келгендегі күйші мен әйелдің арасындағы үнсіз байланыс ‒ соның дәлелі. Жазушы шығарма экспозициясында бас кейіпкердің Құрманғазы екендігін айтпайды, жасырады, бұл тек орта тұсында ғана белгілі болады. Оған шейін бейтаныс жолаушыны тап басып тани алмай: «Бұл қай мықты болды екен?..» ‒ деп ойға түсесің. Автор бәрін шет-шетінен, асықпай-аптықпай таныстырып отырады. Кеңістікті керемет сезінетін Әбіш баяндау, диалог пен монологтарды өз еркіне қоя береді.

Мәселен, «Аш бөріде» монологтың ф.ғ.д, профессор Г. Пірәлінің бөлінісі негізіндегі төмендегідей түрлері кездеседі («Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері»): 1.) монолог-ойлау (Құрманғазының толғаныс үстіндегі күйі); 2.) монолог-армандау (Құрманғазының қиялға берілгендегі сәті); 3.) монолог-еске түсіру (Құрманғазының туған жерін сағынғандағы ішкі ахуалы). Көркем туындыдағы хронотоп: үш-төрт үйден құралған кішкене ауыл мен далиған дала. Бұл екеуі ‒ бір-бірінен балталасада ажырағысыз ұлт дүниетанымындағы киелі, сокралды ұғымдар. Көркем уақыт деп туындыдағы уақыттың белгілі бір тәртіппен орналасуын айтамыз. Қаламгер уақиғаны баяндау барысында өткен шаққа оралады. Сол себепті де, санаулы уақыт ішіндегі уақиға бүге-шігесіне шейін бейнеленеді. Автор күйшінің мінез даралығын осы кеңістіктер аясында қарастырады. Шығармадағы қайшылық кейіпкердің сезім-түйсігі арқылы көрініс бергенін айта кеткен орынды. Жазушы проблеманың түптөркінін оның өткені мен бүгінінен іздейтіні аян.

Құрманғазы күй тартқанда дүн-дүние мүлгіп, тіршілік тоқтап қалғандай сезіледі. Әбіш бейнелеуіндегі Құрманғазы табиғаттан күш-қуат, шабыт алады. Ол аспабының мойнын бір ырғап қойып, көзін жұмып, ерекше бір күйге еніп, баяғының дервиштері ұқсап трансқа түсіп, қос ішекті саусағының ұшымен баппен қаға бастағанда-ақ қара домбырадан үн төгіледі. Қаламгер осынау деталь, ал кей жерінде психологиялық параллелизм арқылы образ жан-дүниесінің ұңғыл-шұңғылына үңіледі: «Сосын ніл көк аспанның бір пұшпағында мүжіліп таусылуға айналған қаймыжық ақша бұлтқа көзі түсіп кетті. Қазір бар дүниені бауырына әкеп тыққан алдамшы сағым жоқ. Көкжиек көл-көсір шалқып, қашықтап кеткен. Тар қамаудан мынандай бостанға шыққан кісінің көңілі өсіп шыға келеді екен». Әр көркем туынды – аяқталған, бас-аяғы бүтін дүние. Яғни, оны байланыстырып тұратын тұтас желі болмақ. Лирикалық шегініс барысында оқырман көп жайттан хабардар болмақ, һәм жазушы оның Қазиын сағынатын жеріне онейрикалық сипат дарытқан: «Анада осындай бір кештен кейін түс көріпті. Өзінің үйінің көлеңке беті. Анасы айран құйып беріп отыр. Айран ашытқан қос құлақты емен күбі шелектің өңез исі аңқиды. Қасына Қазиы келіпті. Маңдайындағы жалбыраған кішкене кекілін тұмсығына апарып еді. Ыңғай жалаң бас жүретін баланың басы күн иістеніп күңсіп кетіпті. «Құлыным-ай», ‒ деп бауырына қыспақ боп, ұмтылып еді, үстіне жамылып жатқан қара тоны сусып барып түсті. Тұла бойы оқыс шіміргіп, көзін ашты».

Жазушы қаламы арқылы айнала-маңға жан бітеді: «Құдықтың түстігі тырбық тікенек бұталы қатқыл, терістігі біраз жерге дейін ұры жыраланып барып құздата құлайтын аңғар сай. Жаңа сол аңғар сайдың қалтарыс-қалтарысын тінтіп жүріп, қолқат түбінен өрге тырмысқан жіңішке соқпақ көріп еді, осы құдықтан шығарды. Сайдың ұры мен бөріні қапы қалдырмас қатқабаты мол сияқты. Бірақ, көзіне ештеңе шалынбады». Күйшінің қарағайдан жонып жасаған домбырасына деген ынта-ықыласы алабөтен. Оған көзі түссе болғаны, «сыбыс-сыбдыры жоқ мына өлі дүние былай серпіліп, көкірегінде үн қоздайды, көмескі тартқан көп елестер қайта тіріледі». Автор кейіпкерлерінің ішкі күйзелісі, айта алмай жүрген сыры, толғанысы шығарма интонациясына, ритмикасына, әуезіне әсерін тигізетіні рас. Ол шағын эпизодпен-ақ өмір шындығы мен адам тіршілігінің зор өзгерісін шебер шендестіреді. «Сырттан түйе сауып қайтқан әйел кірді. Шелегін бәйбішенің қасына қойып, құман ап, шылапшын әкеп қолға су құйды. Жолаушы алдына келген шылапшынға тізерлеп беті-қолын жуды» немесе «Қара мұртты ішіп болдым дегенді ишаралап, кесесінің аузын басты. Шайға бұ да онша құмар емес еді. Кесесінің ернеуінен бұ да қақты. Шал ішіп отырған кесесін сарқып: – Болдым, – деп дастарқанның шетін қайырды». Бұл жердегі этнографизм шығарманы күшейтпесе, әлсіретпеген-ді.

Әбіш әр бейненің түр-тұлғасын, мінез-құлқын штрихтармен даралап шыққан. Сол арқылы оқырманға олардың қандай екендігін сездіреді. Әурен ‒ менменшіл, өркөкірек, бәйбіше мен үйдің келіні ‒ биязы, сыпайы, Қойбағар ‒ немкетті, еренсіз, бала ‒ томағатұйық, бұйығы. Ал, Дөңбай шал әңгімеде былайша суреттелген: «Анда-санда өзінен-өзі бір мырс етіп қояды. Өңінде ұзақ уақыт ел үстінде жүріп, енді тұғырдан танып шетқақпай қалған кісіге тән салқын қабақ салғырттық бар. Қимылының бәрі керенау. Кесесін де ерніне енжар апарады. Бірақ, осқырынбайды. Зілді отырыс».

«Күзгі қоңырқай көңілсіздеу дала» – небір қиын кездерді бастан кешкен негізгі кейіпкердің көңіл-күйін дәлме-дәл беретін жол. Шығарманы ой көзімен оқыған кісі әйкел, індігеш, топатай, сарсу, т.б. тек белгілі бір аймаққа қатысты диалектизмдерді көптеп кездестірері анық. Қаламгер ұлы сазгер домбырасының күйін келтірген сәтін кестелі тілмен әсерлі жеткізеді: «Жолаушы домбырасының қабын сыпырды. Қалтасынан тиек ап, қондырды. Құлағын бұрап, жол соқты боп шылдырлап қалған домбыраның күйін келтірді. Әр шекті жеке-жеке шертіп, құлағына тосып, ыңын байқады. Бірте-бірте түзеліп келеді». Бұл ‒ тұлпардың шабар алдындағы шағы. Осы тұста атақты туындының қысқаша тарихы баяндалады. Мұны автордың өз аузынан естиік: «Есіне елде жүргенде бір қызға тартқан күйі түсті. О да тап мына келіншектей ақсары еді, о да бұған шай ұсынып жатып, шәйі көйлектің жеңі сусып, жұмыр білегі жалаңаш қалғанда, жүзі ду ете қалған. Соңына сөз еріп, шетқақпай жүргенде түскен бейтаныс үйдің сұлу қызы құйған шайға көңілі өсіп, күй шығарып еді. Адал көңіл, тәтті шайға шыққан күй де тәтті болсын деп атын «Балқаймақ» қойған». Әңгіме арасында Азғыр, Еділ, Қиғаш, Үстірт, Алатау секілді жер-су атаулары күйшінің жадында жаңғырады. Бұл ‒ ностальгияның нышаны.

Шығарма композициясы – жинақы, сюжеті – шымыр. Әбіш Кекілбай әңгімесіне неге «Аш бөрі» деп ат қойып, айдар тақты екен? Қасқыр, бөрі туралы көркем мәтін екі жерде ұшырасады, біріншісі, қара домбыраға қарағанда («Қапталдағы қабақ астынан шыққан аш қасқырдың ұлығаны...»), екіншісі, қоянды көріп, елдегі бір уақиға есіне түскенде. Сонда, Құрманғазы жігіттермен қосылып, қасқыр соғып алу үшін аңға шығады. «Арланды ақыры сойылға жығып, атқа өңгергендегі жігіттердің қау-қауы бұның құлағын қытықтайды». Былайғыдағы, жайбасар жандар қасқыр көрсе қаны тасып, арқасы қозып, атқа мініп, атой беретін әдеті. «Бұларды осынша желпінткен кек беріге разы боп, қасқыр өнгерген жігітпен қатарласып, ер артындағы ауызы ырсиған арланның селтиген серек құлағын құшырлана бұрайтын». Солайша, ерекше риза болған жұрт үйіне қайтарда «Аш бөрі» әніне басады екен. «Бөрінің дуылы бірер күнге созылып, о да басылатын. Жігіттер сойылдарын тастап, таяғын, қауғасын арқалап, малын қаузайды, шаруасын жайлайды.

...Айдалада жаңғыз келе жатып, анда-санда қотанына тиіп, бөрліктіріп тұратын бөрі болмаса мына даланың селт ететін түрі жоқ-ау деп ойлайтын». Әңгіме идеясының кілті соңғы сөйлемде жатыр. Бөрі ‒ өршіл рухтың, намыстың, ерік-жігердің, қажыр-қайраттың символы. Өмірде түрлі қиындықты, қысымды көрсе де, ешкімге бас имей, ешкімнен именбей, қайта еркіндікке шығып, елін оятып, ес жидыртатын аруақты адам, бұл ‒ Құрманғазы.

Демек, аш бөрі мен ұлы өнерпаз ‒ бір-бірімен өзектес, егіз түсініктер. Автор ұғымындағы аш бөрі ‒ күйшінің өзі. Бұл ретте, аталған әңгіменің алтын арқауы – қазақ тағдыры, елдің езілген еңсесін көтеру, бодандықта жүріп бостандықты аңсаған ұлтының жоғын жоқтау, жыртығын жамау, жоғалғанын табу, сынығын бүтіндеу, жан жарасын емдеу.  

P.S. «Әдебиеттің міндеті – сергелдең жүректі басу, бейқам жүректі ояту» деп айтқан дарабоз дарын өзінің «Аш бөрісінде» табиғаттың әркездегі көрінісі, қоғамның қайшылықтары, адам жеке басының тағдыр-талайы, қуанышы, өкініші, сезімі, арманы, адалдығы, намысы мен өксігін өрнектеген. Өне бойында жазушы, өнертанушы, ақын, драмашы, аудармашы, саясаттанушы, тарихшы, мәдениеттанушы, көсемсөзші, энциклопедиялық білімге ие ғұлама, ойшылдың таланты тамаша тоғысқан Әбіш Кекілбай ‒ шын мәніндегі құбылыс.