"Мұртты Мона Лиза" $ 750 мыңға сатылды

"Мұртты Мона Лиза" $ 750 мыңға сатылды
Фото: vk.com

Француз суретшісі Марсель Дюшанның мұрты мен сақалы бар "Мона Лизасы" Париждегі Sotheby's бәссауда үйінде $ 750 мыңға (€ 632,5 мың) сатылды.

Дюшанның картинасы классикалық нұсқадай емес, L.H.O.O.Q. деп аталады. Бұрын оның бағасы шамамаен € 400-600 мыңға бағаланған. Картинаны автор 1964 жылы салған. Бірақ оған дейін шебер атақты Джоконданың бірнеше көшірмесін салып үлгерген болатын. Ал оған мұрт пен сақалды қоса салуды 1919 жылғы картинасына қолданып көріпті.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Париж маңында орналасқан Конде мұражайы топтамасынан көмірмен салынған әйел бейнесі Мона Лизаның эскизі болуы мүмкін деген ақпарат берген болатынбыз. Сурет мұражайда шамамен 150 жыл сақталған болып шықты.

Бұрын бұл суреттің Леонардо да Винчи студиясында салынғаны белгілі болғанымен, сарапшылар оның авторы өзге біреу екенін айтқан еді. Соңғы жаңалықтарға сенетін болсақ, арт-мамандар да Винчи екі картинамен қатар жұмыстанған деген шешімге келді. Бұл тұжырыммен Лувр кураторлары да келісіп отыр. Картина 1862 жылдан бері Шантийи сарайындағы Конде мұражайының Қайта өрлеу дәуірінің туындылары бөлімінде сақталып келген. "Мона Лиза" — адамзат тарихындағы аса маңызды өнер туындысы. Жас әйелдің портретін 1503 жылы Леонардо да Винчи салған. Картина Ренессанс, яғни, Қайта өрлеу дәуіріне жатады.

А. Оралқызы