Чинос шалбарын қалай киеміз?

Чинос шалбарын қалай киеміз?
Фото: cityspb.ru, compromesso.ru

Жаз жақындап, күн ыси бастады. Араларымызда «Күн ысыса, не киеміз?» деп жүргендер бар. Біреулер ойланып жүргенде, киімдерін жазғы үлгіге айналдырып үлгергендер де бар. «Мына шалбар ыстық, мынау қара түсті» деп, күннің ыстығына шағым айтатын сәт алда әлі. Сол үшін сіздердің назарларыңызға ыстық та емес, түсі де ашық шалбардың түрі – чинос үлгісін ұсынамыз.

Шығу тарихы

Ерлерге арналған киім-кешектердың тарихы, көбіне, сонау соғыс жылдарынан бастау алады. Чиностың тарихын қысқаша баяндасақ, мынадай: 1848 жылы ағылшын әскерінің генералы Сэр Гарри Ламсден Үндістан еліне кезекті сапарында аппақ шалбарының бүліне бастағанын байқаған. Ауа өте құрғақ болғандықтан, шаң-тозаңның бәрі аппақ шалбарға кеп жабысатын болған. Бұл шаңнан құтыла алмайтынын білген генерал кофе, карри, тұтты (шелковица) бір-бірімен араластырып, қоспамен өзінің қардай аппақ шалбарын әскери камуфляждың түсіне бояп тастаған екен.

Содан бері, шалбарлардың түсі өзгеріп, өзге өңге ие бола бастаған. Чинос шалбарын алғаш Levi’s фирмасы 1906 жылы «хаки» деп таныстырған екен. Ал Брукс Бразерс фирмасы бұл шалбарды 1940 жылдан бастап, чинос (chinos) деп атай бастаған. Өйткені, бұл шалбарды тек мақтадан тіккен, ал бұл кезде бұл мата тек Қытайда ғана жасалған. Ал италиялықтар «қытайлық» дегенді chino деп атаған. Сол себепті, бұл шалбар чинос аталып кеткен.

Матасы

Чинос алғашында 100% мақтадан жасалған. Ал қазіргі таңда шалбардың созылуы үшін синтетикалық талшықтар қолданылады. Естеріңізде болсын, киім аларда, оның материалына назар аударыңыз. Киімнің заттаңбасынан синтетикалық талшықтың қанша пайыз екенін мұқият қараңыз. Егер синтетикалық талшықтың пайызы мақтадан көп болса, бұл чиносты алуға асықпағаныңыз жөн. Өйткені, жаз мезгілінде ыстықта денеңізді демалтпай қояды. Чиностың джинс шалбарларынан ерекшелігі: қозғалуға да, ауа райына да ыңғайлы. Оның тек жаз және көктем мезгіліне арналғанын ұмытпаңыз. 

Түсі

Бұл шалбарлардың тағы бір ерекшелігі: оның әртүрлі түсін таба аласыз. Ақ, бал түстес, бұршақ түстес, қою көк, қызыл, сары, жасыл, т.б. Бұл – ерлерге арналған әртүрлі түсте кездесетін киімдердің бірі.

Көпқырлы

Көпқырлы дегенге «чиностың көп қыры болады екен» деп ойламаңыздар. Бұл – чиносты күнделікті мезгілде де, жиналыстарға да, саяхатқа да кие аласыз деген сөз... Тек басқа киімдермен үндестіре алсаңыз болғаны. Баратын жеріңізге, ортаңызға қарай киіміңізді сайлап алыңыз. Чиностардың классикалық түстері – хаки және ақшыл сары түсті. Бұл салмақтылықты білдіреді және де осындай түстерін, негізінен, жұмысқа және іскерлік кездесулерге киіп баруға болады. Ал ашық түсті чиностарды кештерге, көңіл көтеруге кисеңіз жақсы. Егер сіздің бойыңыз ұзын болса, балағы қысқа чинос киіңіз немесе сәл бүгіп киіңіз. Бұл бой ұзындығын аса қатты білдірмейді.

Қандай аяқ киіммен киген дұрыс?

Жоғарыда байқағаныңыздай, чиносты түрліше етіп киюге болады, тек өзіңіз сәйкестендіріп алыңыз. Ал сәйкестікті құрайтын не? Әрине, аяқ киім! Ол барлық аяқ киім үлгісімен жараса береді. Қарапайым сникерс кедыларынан бастап, лоферлермен де, дезертпен де, топсайдермен де үйлеседі. Бірақ есіңізде болсын, соңғысы (топсайдер) шұлықпен үйлеспейді.

Ұқсас жазбалар:

Киімді әртүрлі түймелеудің себебі не?

«Адам өміріндегі ең маңызды заттар – кереуеті мен аяқ киімі»

Е. Жұмабайұлы