Денисті жоқтау. "Мұз үстінде ойнақтаған құлыншақ..."

Денисті жоқтау. "Мұз үстінде ойнақтаған құлыншақ..."
Фото: Өмірбек Сансызбай

Денис Теннің қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырды. Талай халықаралық жарыстарда жүлде алып, мұз айдындағы өнерімен дүйім жұртты мойындатқан талантты тұлғаның қапияда қаза болуы – орны толмас өкініш. Қазақ спорты әлеміне аққан жұлдыздай із тастап кеткен спортшының қазасына ақындар да азалы жырын арнауда…

***

Сен емес.
Үміт көз ілген.
Өзімді солай жұбатам.
Таба алмай қалдым төзімге ем,
Қызығын қимай құба таң.

Сен емес.
Кеткен. Мұң да бір…
О, неден жаным шерлі екен?
Кеудемде менің мың қабір,
Жақындарымды жерлеген.

Сен емес.
Бұлт қой көшкен ол,
Жүзіне көктің өлең боп.
Жанарымдағы өшкен от,
Кешірші, кетсем төмендеп.

Сен емес.
Алдады ақ арман.
Өмірдің енді бәрі мұң.
Жаны аппақ нұрдан жаралған,
Жарығым, алдау, жарығым,

Қош!!!

Бақытгүл Бабаш

***

Қыран өлсе тепкісінен қарғаның,
Қорқау болып елестейді жан-жағың. 
Мұз жүрекке амал таппай аттанды-ау,
Мұз айдынды бағындырған саңлағым...

Ұларбек Нұрғалымұлы

***

Тағдырыңды таңып берген пышаққа..

Біздің xалық шыныменен ұсақ па?!

Мұз үстінде ойнақтаған құлыншақ...

Қинадың-ау... Сыймадың-ау құшаққа...

С.Сейітман

***

Мұз үстінде құстай ұшқан өренім,
Айдыныңды басты бүгін неге мұң?!
Көк тайғақта қанатымен сəн құрып,
Көк байрақты желбіреткен ер едің...
Киіміне ою өрнек салдырып,
Күй үнімен мың бұралған шеберім!
Қазақ үшін қалықтадың қыранша,
Ұлтым басқа демедің,
Ғұрпым басқа демедің!
Халық бірге сұлап түсті бір сəтте,
Жарық күнде жалмағанда сені өлім.
Кім ойлаған ойнақтаған құлынға,
Өз қоғамы жауыз болып төнерін?!
Мұз үстінде алаулаған жалынды,
Білмедік-ау бұлай ерте сөнерін...
Жарық жұлдыз едің көкте жарқ еткен,
Бөлек еді өнерің.
Биік еді беделің.
Сен де көктен ерте ағып түстің бе?!
Бұған қалай сенемін?!.
Қош...

Жұлдызай Ысқақ

***

Қош бол, Денис!

Күн де міне қызарып тұр алғызыл, 
Әрбір жерден естіледі әр қыжыл...
Арамыздан сен де кетіп барасың, 
Сырғанаудың саңлағы жалғыз ұл...

Қапылыста жемтік болып қасқырға, 
Сұм ажалға құшағыңды аштың ба? 
Қара мұзда сырғанаушы ең мәз болып, 
Нең бар енді қара жердің астында ?

Жүректерден мұз боп бүгін ерисің, 
Көк туыңды желбіретем демейсің.
Ұлтың өзге болғанымен қазақтың, 
Ұлы едің арда туған Денисім.

Жоқтауымен айтып жатыр айдын ән, 
Қара бұлттың қабағынан қаймығам.
Ботадайын боздап жатыр боз дала, 
Қарағанды қан жұтады қайғыдан.

Келер ұрпақ жыр ғып айтар бір күндер, 
Ұл едің ғой өр қазақты ұлтым деп.
Обалыңа қалды -ау сірә қайтейін, 
Іштен шыққан шұбар жылан шіркіндер....

Қош бол енді біздің батыр баламыз, 
Бір Алладан иман сұрап қаламыз.
Жанкүйер боп отырушы едік қой, 
Жаназаңа қалай ғана барамыз?.
Атың сенің болар бізге әлі аңыз.
Сені жоқтап жатыр міне бар халық, 
Сарғаюда Сарыарқадай даламыз ....
Қош бол енді біздің Денис баламыз!

Айнұр Жаппарқұлова

***

Қош бол, боздағым,
Алаштың намысы деп боздадым.
Қанды қолды қара қарғыс атсын деп,
Сендей болып жатсын деп,
Бақсы менен жақсының аруағын қозғадым!

Ести сала,
Сұп-сұр болған мұз бетім,
Ай аңырап,
Көңіл айтты бізге түн.
Жүзімізден жас сырғанақ теуіп жүр,
Сен секілді тіліп өткен мұз бетін.

Сүйегім де,
Шытынаған мұздай болып сыр берген,
Ердің құнын сұрамай ма, кіл кердең?
Мұз-айдынды шыр айналған сұңқар ең,
Тағдыр дейтін сұр мерген…

Қош, айбозым,
Ту байлаған тұлпарым,
Затым бөтен демедің,
Арлағанда ұлт арын!
Ерін жоқтап ел аңырап тұр тағы,
Қанын жалап,
Қақпан кескен қылтаның.

Жанат Жаңқашұлы

 ***

Үйренген жұртпыз надан – тойда мақтап,
Құшағым қайда саған жайған аппақ?
Қолаңды ұшып түскен қолыма алып, 
Молаңды құшып тұрмын тайғанақтап...

Мирас Асан

***

Сен жүлде алған күн еді ғой ұлы күн.
Бірі едің ғой спорттағы ірінің.
Мұз үстінде ойнақ салған құлыным,
Мұзға айналып кетті-ау сенің ғұмырың!

Олжас Қасым


***

"Ат басындай алтын берсе де
Қазақстанымды айырбастамаймын!"
Денис Тен

Кешір, Денис! Алашыңды, халқыңды,
Тастады өмір бәрімізді сұрақ қып.
Мұз үстінде құламаған алтынды,
Қара жерде құлаттық!

Тірі кезде кімдер білген парқыңды,
Қанды жұтқан хабарды естіп мың өлдік.
Алты Алашын сатпайтұғын алтынды,
Айнаға енді айырбастап жібердік.

Табиғат Абаилдаев

***

Қош бол, құрдас,
Бір ажал келеді де...
Сөнбес сәуле сыйладың сен еліңе.
Өгейсітіп жүргенмен өлгеннен соң,
Өзім деп өбектеудің керегі не?!
Жалған дүние болған соң шын таланттар,
Ұлылардың соңынан ереді де...

Нұртас Тұрғанбекұлы

***

Өкінішті өмір дейтін майданда бұл,
Соғарын кім біледі қайдан дауыл?! 
Көліктің айнасы үшін ажал құшты,
Қазақтың айнасына айналған ұл.

Еріксіз көзімізге жас келеді,
Еліме арналатын басты өнері.
Мәңгілік қош айтысты өмірменен
Мәнерлеп сырғанаудың хас шебері

Саят Әбенов

О. Сансызбай