Денис Тен: "Қазақ елінің мәдениетін әлемге танытқым келеді"

Денис Тен: "Қазақ елінің мәдениетін әлемге танытқым келеді"
Фото: massaget.kz

Бұл күндері қазақстандық танымал спортшы Денис Тен Алматы қаласында мәнерлеп сырғанау спортының саңлақтарымен бірге «Денис және достары: Сәлем Алматы» атты мұзды шоу бағдарламасын өткізуде. Жоба барысында отандасымыз жиналған жұртшылыққа ерекше алғысын білдіріп, өзінің алдағы мақсаттарымен бөлісті.

- Құрметті қонақтар! Бүгінгі кешке келгендеріңізге мың да бір алғыс. Үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан жобаға келушілер қатары сиреген емес. Бұл нағыз тарихи сәт. Тарихты біз сіздермен бірге жасаймыз. «Денис және достары» - бұл нағыз қазақстандық жоба. Біз бұл жобаны аяқтан тұрғызып, әлемге танытып келеміз. Командамның ерекше өнері үшін де бақыттымын. Жалғыз ештеңе жасамаған болар едім, - деді Денис Тен.

Сондай-ақ, «Денис және достары» жобасының мақсатына тоқталып, сол жолда еңбектенетінін де айта кетті.  

- Бұл жобаның мақсаты – қазақ елінің атын шығару, мәнерлеп сырғанау спортына жұртшылықтың қызығушылығын ояту. Қазақ елінің мәдениетін әлемге танытқым келеді. Сол үшін бұл жобада аянып қалмайтын боламыз, - деді.

Айта кетейік, «Денис және достары: Сәлем Алматы» атты мұзды шоу жобасы бүгін жалғасын табады. Алдағы уақытта арнайы фоторепортажымызды назарларыңызға ұсынатын боламыз.

О. Сансызбай