Әйгілі бразилиялық футболшы Роналдиньо спорттағы мансабын аяқтады

Әйгілі бразилиялық футболшы Роналдиньо спорттағы мансабын аяқтады
Фото: eurosport

Әлемге әйгілі бразилиялық футболшы Роналдиньо спорттағы мансабын аяқтады. Бұл туралы футболшының ағасы Роберто Ассис хабарлады.

- Роналдиньо футболдағы мансабын аяқтады. 2018 жылғы әлем чемпионатынан кейін түрлі жоспарларды жүзеге асырғымыз келеді. Бразилия, Еуропа мен Азияда футболшы мансабына қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырмақ ниеттеміз. Сондай-ақ Бразилия құрамасымен де ойын өткізетін боламыз, - деді Ассис Globo Esporte басылымына берген сұқбатында.

37 жастағы футболшы соңғы рет ресми ойынға 2015 жылдың қыркүйек айында "Флуминенсе" командасы сапында алаңға шықты. Ал спорттық мансабында "Керетаро", "Атлетико Минейро", "Фламенго", "Милан", "Барселона", "Пари Сен-Жермен" және "Гремио" командаларында ойнаған.

"Барселона" футбол клубының сапында (2003-2008 жылдар аралығы) екі рет Испания чемпионы және бір рет Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. 2005 жылы "Алтын допты" иеленді. Бразилия құрамасы сапында Америка кубогын (1999 ж), әлем чемпионаты (2002 ж) мен Конфедерация кубогын (2005) жеңіп алды. ФИФА таңдауы бойынша екі рет жылдың үздік футболшысы атанды.

О. Сансызбай