Қазақстандық қай клуб Еуропа лигасын жалғастырады?

Қазақстандық қай клуб Еуропа лигасын жалғастырады?
Фото: vk.com, fckairat.kz,

Бүгін футболдан Еуропа лигасында ел намысын қорғап жатқан қазақстандық клубтар қарымта кездесулерін өткізеді. Алматының «Қайраты» өз алаңында «Црвена Звездамен» (Сербия) кездессе, «Ордабасы» (Шымкент) мен «Ақтөбе» сырт алаңда келесі кезеңге өту үшін күш салатын болады. Ал біз сіздерге ойындар алдындағы шолуымызды ұсынамыз. 

«Қайрат» (Қазақстан) - «Црвена Звезда» (Сербия)  

Қазақстандық үш клубтың бірінші ойындағы нәтижелеріне көз жүгірте қарар болсақ, Владимир Вайсс жаттықтыратын «Қайраттың» екінші айналымға өту мүмкіндігі жоғары. Алматылық клуб бірінші ойынын түзде өткізіп, екі доп басымдығымен жеңіп қайтқан еді. Тіпті, одан да ірі есеппен ұтуға «Қайраттың» қауқары жететін еді. Тек сәттілік жетіспеді. Енді футболшылар өз алаңында бас бапкер айтпақшы, асықпай, саспай ақылмен ойнаулары тиіс. Себебі, «Црвена Звезданың» тауы шағылды деп айтуға әлі ерте.

Сербиялық клубтың ойыншылары Алматыға бүгін жетті. Ал бапкерлері ойыншыларынан ерте келіп, Алатау бөктеріне жеңіс үшін келгенін мәлім етті. Ішкі біріншілігі енді басталатын елдің клубына іріктеу кезеңі оңай соғып жатпағаны анық. Оның үстіне «Қайраттың» жанкүйерлері өз алаңында қызу қолдау білдіретінін тағы қосыңыз. Мұның барлығы қазақстандық клубқа өз пайдасын тигізері сөзсіз.

«Қайрат» трансфер кезеңінде қатарын тәжірибелі, талантты ойыншылармен толықтырып алды. Атап айтар болсақ, клуб трансфердің соңғы күндерінде Анатолий Тимощук (Украина), Ұлан Қонысбаев, Тоқтар Жаңғылышбай мен Джордже Деспотович (Сербия) сынды ойыншыларды қатарларына қосты. Джордже Деспотович осыған дейін «Црвена Звезда» құрамында ойнап, гол соққан ойыншылардың бірі. Сондықтан да бүгінгі ойынға бұл ойыншы алаңға шықпаса да, бір көмегі тиер деген үміттеміз.

«Қайрат» пен «Црвена Звезда» арасындағы ойын Астана уақытымен сағат кешкі 20:00-де басталады. Алматының орталық стадионында өтетін ойынды еліміздің арналары тікелей эфирде таратпайды. Клуб бен «Хабар» арнасының келісімдері өз нәтижесін бермегенге ұқсайды. Нәтижесінде ойынға келе алмаған жанкүйерлер кездесуді клубтың ресми сайтынан тамашалай алатын болады.

«Қайрат» «Црвена Звездадан» қос ойын қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтсе, "Алашкерт" (Армения) - "Сент-Джонстон" (Шотландия) клубтарының жеңімпазымен кездеседі.

«Бейтар» (Израиль) - «Ордабасы» (Қазақстан)

Шымкенттің «Ордабасы» клубы да екінші іріктеу кезеңіне өту мүмкіндігін жоғалтқан жоқ. Тәжірибелі бапкер Виктор Кумыков командасын келесі кезеңге алып шығу үшін бар өнерін салатын болады. Егер жарысты аяқтап жатса, бас бапкер өз қызметін босатуы бек мүмкін.

Шымкентте өткен аптап ыстықтағы ойында «Ордабасы» мен «Бейтар» (Израиль) 0:0 есебімен тең тарқасты. Ал бүгін Иерусалимде өтетін ойында қандай нәтиже тіркелері жанкүйерлер үшін жұмбақ. Әсіресе, шымкенттік клуб бірінші гол соғуға ұмтылары сөзсіз. Ал алаң иелері жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен желпінері тағы бар. Егер «Ордабасы» ойыншылары қарсыластардың қысымын сезінбей, қарсыластарын тығырыққа тірер болса, бір нәтиженің болары даусыз. Сондықтан да, бүгін Виктор Кумыков шәкірттеріне физикалық дайындықпен қатар, психологиялық тұрғыдан да дайын болулары тиіс.

Букмекерлік орталықтар «Бейтар» клубын фаворит санауда. Иерусалимдік клубтың жеңісіне – 1,76 коэффициент, тең ойынға – 3,45, қонақтар жеңісіне – 4,7 коэффициент ұсынып отыр. Қазақстандықтар бұл ойынды «KazSport» арнасынан тамашалай алады. Кездесу Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады. «Ордабасы» «Бейтарды» жарыс жолынан шығарса, екінші іріктеу кезеңінде Бельгияның «Шарлеруа» клубымен кездеседі.

«Нымме Калью» (Эстония) - «Ақтөбе» (Қазақстан)

Екінші іріктеу кезеңіне еш қиналмай өтеді деп күтілген «Ақтөбенің» бірінші ойында асығы алшысынан түспеді. Владимир Газзаев шәкірттері өз алаңында «Нымме Кальюге» 0:1 есебімен есе жіберіп алды. Мұнымен қазақстандық клубтың келесі кезеңге өту мүмкіндігі төмендеді деп айта алмаймыз. Бүгін түзде өтетін ойында «Ақтөбе» ойыншыларына бірінші ойында жіберген қателіктерінің орнын толтыруға мүмкіндіктері бар.

Бірінші ойында алаңнан қуылған қақпашы Стас Покатиловтың орнына Алмат Бекбаев өнер көрсететін болады. Ал клубтың бразилиялық қорғаушысы Андерсон Сантана жарақатына байланысты қарымта ойынға қатыса алмайтын болды.

Букмекерлік орталықтар қарымта кездесуде де «Ақтөбені» фаворит санауда. «Нымме Калю» жеңісіне – 6,07 коэффициент, тең ойынға – 3,97, «Ақтөбе» жеңісіне – 1,53 коэффициент ұсынып отыр. Кездесу Өкінішке орай, қазақстандықтар бұл кездесуді де ұлттық арналардан тікелей эфирде тамашалай алмайды. Кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

«Ақтөбе» екі ойын қорытындысы бойынша «Нымме Калью» клубын жарыс жолынан шығарар болса, екінші іріктеу кезеңінде «Ла Фиорита» (Сан-Марино) – «Вадуц» (Лихтенштейн) клубтарының жеңімпазымен кездеседі.

Қазақстандық клубтарға сәттілік тілейміз! Үш клубтың да келесі кезеңге өту мүмкіндіктері бар.

О. Сансызбай