Қазақ футболын ел клубтары Еуропада елеусіз қалдырмас

Қазақ футболын ел клубтары Еуропада елеусіз қалдырмас
Фото: vk.com, ordafans,

Бүгін қазақстандық клубтар Еуропа лигасы жолындағы жорықтарын бастайды. «Ақтөбе» мен «Ордабасы» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойындарын өз алаңдарында өткізетін болса, «Қайрат» Белградта «Црвена Звездамен» кездеседі.Ал біз сіздердің назарларыңызға ойындар алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

Бұл маусымдағы еурододаны қазақстандық клубтар қатарынан «Ордабасы» бірінші бастайды. Астана уақытымен 18:00-де басталатын ойын Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов стадионында өтеді. Еуродода ойындарына екінші рет қатысқалы отырған шымкенттік клубқа қазақстандық жанкүйерлер үлкен сенім артып отыр. Себебі, Израильдың «Бейтарына» бет қаратпау керек. Бірінші ойын өз алаңында өтетін болғандықтан, Виктор Кумыков шәкірттерінің жауапкершілігі де мол. Біріншіден, команданың көп ойыншылары еуродода ойындарында алғаш рет бақ сынағалы отырса, екіншіден шымкенттік жанкүйерлер үлкен футбол додасын сағынғаны анық.

«Ордабасы» өз тарихында алғаш рет 2012/2013 жылдары Еуропа лигасында бақ сынады. Бірінші айналымда Сербияның «Ягодина» клубын жарыс жолынан шығарса, екінші айналымда Норвегияның «Русенборгімен» жолы түйісті. Сырт алаңда 2:2 есебімен тең ойнаса, Алматыда ойда-жоқта 1:2 есебімен есе жіберіп алған болатын. Пенальти, қақпашымен бетпе-бет шығу мен айып соққысын оңтайлы пайдалана алмаған «Ордабасы» ойыншылары опық жеген еді. Жанкүйерлер де амал қанша деп тарқасқан-ды.

Шымкенттік клубтың ел премьер-лигасындағы жетістігі жоғары болмаса да, осал командалар қатарынан емес. Ал Виктор Кумыков қарағандылық «Шахтерды» ел тарихында Еуропа лигасының топтық кезеңіне алып шыққан алғашқы бапкер. Өзіндік ойын жүйесі де бар. Бүгінде шымкенттік клуб сол жүйені жиі ұстанып келеді. Қорғанысты басты назарда ұстайтын клуб қарымта шабуылға көбірек ден қояды. Виктор Кумыков бүгінгі ойында қандай жүйе ұстанары әзірге белгісіз. Екінші нөмірмен өнер көрсету – клуб үшін тиімді емес екені сөзсіз. Сондықтан да бас бапкер жартылай қорғаушыларды артқа қайтуға асықтырмаған абзал секілді. Себебі, клубтың нағыз сұрмерген шабуылшыдан ақсап тұрғаны айтылып та, жазылып та жүр.

«Ордабасыға» бірінші ойында көп мәселені шешіп алуға тура келіп отыр. Өйткені, бір аптадан кейін Израильде өтетін ойын оңайға соқпайтыны рас. Еуропа лигасына да осал клубтың қатыспайтынын ескеретін болсақ, «Бейтарды» да әлсіз клуб деп бей-жай қарауға болмайды. Бір айтары бары анық. Ендеше күтейік. Шымкенттік клуб «Бейтарды» жарыс жолынан шығарса, екінші іріктеу кезеңінде Бельгияның «Шарлеруа» клубымен кездеседі.

Шымкентте өтетін «Ордабасы» мен «Бейтар» (Израиль) арасындағы ойынға қазылық жасауға Молдовадан төрешілер келетін болды. Бас қазы Дмитрий Мунтянға қапталда Андрей Бодян мен Денис Борисов көмектеседі.

Букмекерлік орталықтар қазақстандық клубтың жеңісіне - 2,41 коэффициент, тең ойынға – 3,16, қонақтар жеңісіне - 2,93 коэффициент ұсынып отыр. Өкінішке орай, қазақстандықтар бұл кездесуді ұлттық арналардан тікелей эфирде тамашалай алмайды. Тек ғаламтор желісіндегі «ҚФФ-ТВ» жобасы ғана тікелей эфирде көрсететін болады.

«Ақтөбе» де «Ордабасы» секілді бірінші ойынын өз алаңында өткізеді. Қазақстандық клуб әзер дегенде Қобыланды батыр атындағы стадионды Еуропа лигасына дайындап үлгерді. Енді команданың дайындығы келісіп, жеңіске жетсе болғаны. Өйткені, «Ақтөбе» «Нымме Кальюге» қарсы ойында келесі кезеңге шығу мүмкіндігі жоғары ұжым саналып отыр.

Владимир Газзаев жаттықтыратын клуб сарапшылар тарапынан бүгінге жеңіске жетеді деп күтілуде. Бұл – айқын. Бірақ, қандай есеппен жеңері белгісіз. Өзге есеп қазақстандық жанкүйерлерді қанағаттандырмайтыны анық. Өзге қазақстандық клубтардың қарсыластарымен салыстырғанда «Ақтөбенің» қарсыласы қарымды деп айтуға келмейді. «Ақтөбе» екі ойын қорытындысы бойынша «Нымме Калью» клубын жарыс жолынан шығарар болса, екінші іріктеу кезеңінде «Ла Фиорита» (Сан-Марино) – «Вадуц» (Лихтенштейн) клубтарының жеңімпазымен кездеседі.

«Ақтөбе» мен «Нымме Калью» арасындағы бірінші кездесуге украиналық төрешілер қазылық жасайтын болды. Бас қазы Юрий Можаровскийге Александр Войтюк пен Александр Корнийко көмектесетін болады. Ал төртінші төреші қызметін Евгений Арановский атқарады.

Букмекерлік орталықтар «Ақтөбе» жеңісіне – 1,3 коэффициент, тең ойынға – 4,95, «Нымме Калью» жеңісіне - 10 коэффициент ұсынып отыр. Өкінішке орай, қазақстандықтар бұл кездесуді де ұлттық арналардан тікелей эфирде тамашалай алмайды. Тек ғаламтор желісіндегі «ҚФФ-ТВ» жобасы арқылы ғана тікелей эфирде көре алады. Кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Алматының «Қайрат» клубы бірінші іріктеу кезеңінде Сербияның танымал «Црвена Звезда» клубына тап болды. Белградтық клуб осал қарсылас емес екені айдан анық. Тарихы да бай клубтардың бірі. Алматылық клуб «Црвена Звездамен» осыған дейін де кездескен. 2002 жылы УЕФА кубогы аясында «Қайрат» қарсыластарына қос ойын нәтижесі бойынша 5:0 есебімен есе жіберген болатын. Сол есесін биыл Владимир Вайсс жаттықтыратын клуб қайтарады деген сенімдеміз.

«Қайрат» еурододада жоғары нәтижеге жету үшін барын салары даусыз. Соңғы уақытта бразилиялық бірнеше ойыншымен толықты. Сондай-ақ құрамдағы тәжірибелі ойыншылар да келесі кезеңге командасын алып шығуға барынша көмектесері хақ. Бастысы – Владимир Вайсс шәкірттеріне сырт алаңда нәтижелі ойын көрсеткені маңызды. Екінші ойын өз алаңында өтетінін ескеретін болсақ, екінші кезеңге өту мүмкіндігі жоқ емес. Алматылық жанкүйерлер «Қайратты» барынша қолдайтыны рас.

Бүгінгі ойында букмекерлік орталықтар белградтық клубты фаворит санап отыр. «Црвена Звезда» жеңісіне – 1,46 коэффициент, тең ойынға – 4,3, «Қайрат» жеңісіне – 6,38 коэффициент ұсынып отыр. Қазақстандықтар бұл ойынды алматылық клубтың ресми сайтынан тамашалай алатын болады. Кездесу Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.

Белградтағы «Црвена Звезда» мен «Қайрат» арасындағы ойында поляк төрешілері қазылық жасайды. Бас қазы Бартош Франковскийге қапталда Михал Обукович пен Давид Игор Голис көмектеседі.

«Қайрат» «Црвена Звездадан» қос ойын қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтсе, "Алашкерт" (Армения) - "Сент-Джонстон" (Шотландия) клубтарының жеңімпазымен кездеседі.

Жаңа маусымда ел намысын қорғайтын клубтарға сәттілік тілейміз. Өткен жылғы нәтижені жаңартып, Қазақстанның УЕФА клубтар рейтингінде жоғарыларына сеніммен қараймыз. Қазақ футболын ел клубтары Еуропада елеусіз қалдырмас.

Ө. Сансызбай