- Негізгі бет
- Спорт
- Қазақ боксшыларына Болгарияда...
Қазақ боксшыларына Болгарияда бір алтын да бұйырмады
Бокстан Болгария елінің астанасы Софияда ұйымдастырылған "Странджа" халықаралық турнирі аяқталды. "Кіші әлем чемпионаты" саналатын жарыста қазақ боксшылары үздік нәтиже көрсете алмады.
Халықаралық жарысқа Мырзағали Айтжанов 12 боксшы алып барған. Оның екеуі ғана жүлделі орынға ілікті. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте 1 күміс, 1 қола медальмен Италия және Түркия құрамаларымен қатар 7-орынды бөлісті.
Қазақстан құрамасы сапында Оразбек Асылқұлов қана финалға дейін жетті. 57 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасқан отандасымыз ширақ шабуыл, жойқын соққы, мығым қорғанысымен жұрт назарына ілікті. Алайда алтын медаль үшін өткен жекпе-жекте болгариялық (тегі кубалық) боксшыға жол берді.
Қола медальды 75 килоға дейінгі салмақта Нұрқанат Райыс еншіледі. Ол жартылай финалда болгар боксшысы Рами Киванға жол берді. Ал оған дейін өзбек боксшысы Алохан Абдуллаевтан айласын асырған еді.
Жанкүйерлер ұлттық құрама үздіктері Қамшыбек Қоңқабаев пен Бекзат Нұрдәулетовтен жүлде күткен еді. Қамшыбек ширек финалда өзбек боксшысы Баходир Жалоловқа қарсы жекпе-жекке шықпады. Ал Бекзат дәл осы кезеңде өзбек боксшысы Жасурбек Юлдашевке мықтылығын мойындата алмады.
2023 жылғы "Странджа" турнирінде жалпыкомандалық есеп бойынша Өзбекстан құрамасы көш бастады. Олар 7 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль еншіледі. Екінші орынды 4 алтын, 1 күміс, 1 қола алған Болгария еншіледі. Үздік үштікті 1 алтын, 2 қола медальмен АҚШ құрамасы түйіндеді.
Қазақстан құрамасы үшін биылғы "кіші әлем чемпионаты" сәтті бола қойған жоқ. Бір алтын да бұйырмады. Былтыр отандастарымыз 2 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль еншілеп қайтқан еді.
Спорт эмоцияларының бас демеушісі 1XBET компаниясы "Чемпионға арналған пәтер" тамаша акциясын жариялайды. 1XBET компаниясымен бірге чемпион бол да, Алматының орталығындағы жап-жаңа пәтердің кілтін ал!
О. Сансызбай