Қамшыбек өзбек боксшысына қарсы неге жұдырықтаспағаны мәлім болды

Қамшыбек өзбек боксшысына қарсы неге жұдырықтаспағаны мәлім болды

Бокстан Болгариядағы халықаралық турнирде қазақ боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев ширек финалда өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен жұдырықтасуы керек болған. Алайда отандасымыз жекпе-жекке шығудан бас тартқан еді.

Бүгін Қазақстан бокс федерациясының Instagram желісі Қамшыбектің шаршы алаңға шықпау себебі жайды мәлімдеме жасады. Онда жарақаты мен жаттығуға дайындығының аз болғаны айтылған.

Қамшыбек Қоңқабаев қолындағы жарақатына байланысты Странджа рингіне шықпады. 1/4 финалда боксшымыз Баходир Жалоловпен кездесуі керек еді. Сонымен қатар, жаттықтырушылар штабының айтуынша, ауыр салмақтағы спортшымыздың жаттығу мен жарыс процесіне толық қатысуға уақыты тым аз болды. Алда маңызды жарыстар – Ташкентте өтетін әлем чемпионаты мен Ханчжоудағы Азия ойындары күтіп тұрғандықтан, Қамшыбек қалпына келіп, ең алдымен денсаулығын ойлауы қажет, - деп хабарлады.

Айта кетейік, "кіші әлем чемпионаты" саналатын "Странджа" турнирінде бүгін үш боксшымыз ширек финалдық жекпе-жек өткізеді. Үшеуі де өзбек боксшыларымен жұдырықтасады. Өзге боксшыларымыз жарысты ерте аяқтады.

О. Сансызбай