Boxing Day жайлы не білеміз?

Boxing Day жайлы не білеміз?
Фото: Wincomparator

Футбол ойыны мен осы спорт түріне қатысты термин көп. Бірін білсеңіз, бірін білмеуіңіз бек мүмкін. Ал бұл спорт түрін жақсы көретін жандар үшін көпшілігі таңсық емес болар. Әйтсе де сіз білмейтін, білсеңіз де сіз ойлағаннан өзге терминдер баршылық. Соның бірі – Boxing Day.

Бұл термин ағылшын премьер-лигасына қатысты. Футболсүйер қауым Boxing Day десеңіз, түсіне қалады. Алайда көпшілігі бұл терминді қате түсініп жатады.

Жаңа жылға 10 күндей уақыт қалғанда ағылшын премьер-лигасындағы командалар 3-4 ойын өткізеді. Жанкүйерлер қатарынан өтетін осы бірнеше тур ойындарын Boxing Day деп ойлайды. Ал шын мәнінде Boxing Day деп 26 желтоқсан күні өтетін ойындар ғана аталады.

Рождество мерекесінің ертесіне ағылшын отбасылары бір-біріне қорап-қорап сый жасайды. (Boxing Day терминін аударғанда да «Қорап мерекесі» деген ұғымға саяды). Ал түс ауа отбасымен, достарымен стадионға ойын көруге, сүйікті командасын қолдауға барады.

Boxing Day – ағылшындардың айрықша футбол мерекесі. Осы күні өтетін ойындарды олар Чемпиондар лигасы мен әлем чемпионаты кездесулерінен кем көрмейді. Бір жылдары Boxing Day турын алып тастау туралы бастама көтергендер де болған. Бірақ бұл тур ойыны ағылшын премьер-лигасының дәстүріне айналғалы, қашан?!

26 желтоқсан күні Англияда алғаш рет футбол ойыны 1860 жылы "Шеффилд" пен "Халл" командалары арасында өткен. Ал ағылшын футболы күнтізбесіне бұл күні бір турдың ойындарын белгілеп, Boxing Day деп атау 1957 жылы тіркелген.

Бүгін өтетін Boxing Day ойындары:

"Тоттенхэм" - "Саутгемптон"

"Челси" - "Брайтон энд Хоув Альбион"

"Борнмут" - "Вест Хэм Юнайтед"

"Вест Бромвич Альбион" - "Эвертон"

"Уотфорд" - "Лестер Сити"

"Манчестер Юнайтед" - "Бёрнли"

"Хаддерсфилд Таун" - "Сток Сити"

"Ливерпуль" - "Суонси"

О. Сансызбай