Руни ағылшын премьер-лигасындағы 200-голын соқты

Руни ағылшын премьер-лигасындағы 200-голын соқты
Фото: vk.com

Танымал футболшы Уэйн Руни ағылшын премьер-лигасындағы 200-голын соқты. Түнде өткен ойында шабуылшы "Манчестер Сити" командасының қақпасын дәл көздеді.

Ағылшын премьер-лигасы тарихында ең көп гол соққан футболшы - Алан Ширер. 441 ойында 260 гол соққан ойыншының рекордын жақын арада өзгелердің жаңартуы екіталай. Ал Руни болса екінші орында келеді.

Уэйн Руни мансабындағы маңызды голды "Манчестер Сити" қақпасына соқты. Бір қызығы, шабуылшы өзінің ағылшын премьер-лигасындағы 50-ші және 150-ші голдарын да «қалалықтардың» қақпасына соққан екен.

Түнде өткен ойында "Манчестер Сити" мен "Эвертон" 1:1 есебімен тең тарқасты.

Ағылшын премьер-лигасы тарихындағы ең үздік сұрмергендер:

1. Алан Ширер – 260 гол (441 ойын)

2. Руни – 200 гол (462 ойын)

3. Энди Коул – 187 гол (414 ойын)

4. Фрэнк Лэмпард – 177 гол (609 ойын)

5. Тьерри Анри – 175 гол (258 ойын)

6. Робби Фаулер – 163 гол (379 ойын)

7. Джермейн Дефо – 158 гол (470 ойын)

8. Майкл Оуэн – 150 гол (326 ойын)

"Манчестер Сити" мен "Эвертон" ағылшын премьер-лигасының жаңа маусымындағы екінші турды қорытындылады. Ұпайдан шашау шығармаған "Манчестер Юнайтед", "Хаддерсфилд" және "Вест Бромвич" командалары үзеңгі қағыстырып келеді.

О. Сансызбай