«Ордабасы» қарсылас жейдесімен ойнады

«Ордабасы» қарсылас жейдесімен ойнады

Кеше футболдан Қазақстан Республикасы Кубогының алғашқы айналымы мәресіне жетті. Сол ойындардың ішіндегі «Екібастұз» бен «Ордабасы» кездесуінде жанкүйерлер күтпеген оқиға орын алды.

Шымкенттік команда кездесу басталар алдында автобуста жейделерін ұмыт қалдырыпты. Нәтижесінде алаң иелерінің түзде ойнайтын жейделерін киіп шыққан. Келеңсіз жағдайға қарамастан Саулюс Ширмялис командасы үш доп басымдығымен алаң иелерін тізе бүктірді. Үш допты да «Ордабасы» жартылай қорғаушысы Азат Нұрғалиев өз еншісіне жазды.

Естеріңізге сала кетсек, маусым басынан бері «Ордабасы» командасында бірнеше келеңсіз оқиға орын алды. Премьер-лига ойындары басталуға санаулы күндер қалғанда Виктор Пасулько қызметінен кетсе, клубтың бұрынғы директоры Б.Байтубаевқа қаржылық алаяқтық жасады деген айыппен қылмыстық іс қозғалуда. Ал клуб VII тур қорытындысы бойынша бесінші орында келеді.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

О. Сансызбай