1 сәуір күнгі жалған спорт ақпараттары

1 сәуір күнгі жалған спорт ақпараттары

1 сәуір күні – күлкі күні. Бұл көтеріңкі көңіл-күйдің күнін ерекше атап өтуді бұқаралық ақпарат құралдары да дәстүрге айналдырып келеді. Назарларыңызға спорт әлеміндегі жалған ақпараттарды ұсынамыз.


1. «Metro» басылымы оқырмандарын алдаудың тамаша жолын тауыпты. Олар ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасы жаңа маусымдағы өз алаңында өтетін кездесулерде сэр Алекс Фергюсонның бейнесі салынған жейделермен өнер көрсетеді деп хабарлады. Сонымен қатар, "Бұл әдіс қазіргі бас бапкер Дэвид Мойес жүрісіне қамшы басады", – деп сендірді.

2. Британдық Daily Express жалған ақпаратына сенгендер қатары көп болды. Олар 2016/2017 жылғы маусымда лондондық дербилер «Арсенал» мен «Тоттенхэм» бір алаңда өнер көрсетеді, - деп хабарлады. Ақпаратты шындыққа жанасу үшін «Тоттенхэм» командасы басшылығы жақында жаңа алаң салу жоспары бар деген сыбысты назарға ала отырып жазған. «Эмирейтс» алаңында ойнау үшін Даниэль Леви командасы жылына 40 миллион фунт төлейді, - деп ақпарат таратыпты.

3. Португалдық бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық құрама бапкері Паулу Бентудың италиялық бір мейрамханада командасының 2014 жылғы Әлем чемпионатына жасақтаған футболшылар бар сызба парағының қалып кеткенін жарыса жазған. Парақта аты көрсетілген футболшыларды Бразилияға баратындар тізіміне қосқан. 

4. «Ред Булл» туиттердегі жеке парақшасында ерекше ақпарат таратты. Автожарыстан Бахрейнде өтіп жатқан Гран-при додасынан бастап автошабандоздар жарыс сәтінде өздерінің көңіл-күйлерін әлеуметтік желі арқылы білдіру жобасы іске асатынын хабарлаған. Ол үшін жүргізуші рөліне арнайы қондырғылар орнатылады, - деп жазған.

5. Алматылық «Қайрат» командасы алғашқылардың бірі болып ресми сайтында күлкі күніне арнаған ақпаратын таратты. Олар жақында ғана питерлік «Зениттен» кеткен бапкер Лучано Спалеттимен келісімшартқа қол қойғанын хабарлады. 0,5+2 жүйесі бойынша келісілген келісімде италиялық маманға «Қайратты» Еуропа Лигасының ширек финалына дейін алып шығу талабы қойылыпты. Сонымен қатар, бапкерді Эль-Синьор деп атаған. Ал футбол маманының осыған дейін мұндай лақап аты болмаған екен.

Естеріңізге сала кетсек, 1 сәуір күні Мassaget.kz порталы да оқырмандарына 7 «өтірік» материал жариялаған болатын. Байқауға қатысып, белсенділік танытқандарды сыйлықтары күтіп тұрғанын хабарлаған едік. Ал спорт тақырыбында «Андрей Шевченко Алматыға келді» деген тақырыпта жалған ақпарат жарияланған-ды.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sovsport.ru

О. Сансызбай